ТҰЛҒАҒА БАҒЫТТАЛҒАН ҚҰНДЫЛЫҚ ЖӘНЕ АТА-АНАНЫҢ РӨЛІ
Дәл осындай тақырыпта аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Нұржан Ахатовтың қатысуымен кеңейтілген отырыс өтті.
Кеңеске облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағамбет, облыстық бала құқықтары жөнінде уәкіл Жапырақ Ұзақбаева, облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы Гүлнар Есқалиева,облыстық білім саласына бақылау департаментінің басшысы Ғалия Даулетова, аудандағы құқық қорғау саласының басшылары, кент және ауыл әкімдері, дербес бөлім басшылары, қоғамдық кеңес, ата-аналар кеңесінің төрағалары, білім саласының ардагерлері, педагогтар мен ата-аналар қатысты.
Кеңеске облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағамбет, облыстық бала құқықтары жөнінде уәкіл Жапырақ Ұзақбаева, облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы Гүлнар Есқалиева,облыстық білім саласына бақылау департаментінің басшысы Ғалия Даулетова, аудандағы құқық қорғау саласының басшылары, кент және ауыл әкімдері, дербес бөлім басшылары, қоғамдық кеңес, ата-аналар кеңесінің төрағалары, білім саласының ардагерлері, педагогтар мен ата-аналар қатысты.
Жиынға арқау болған өзекті мәселелер – балалар арасында құқық бұзушылықтың өршуі мен қылмыстың көбеюі, топтық төбелес пен әлсізге әлімжеттік, қала берді кәмелет жасына толмағандардың ерте жүктілігі. Иә, тәрбие жайын қанша қолға алғанымен, осы тұстағы олқылықтардың орны толмай тұр. Келелі отырысқа қатысушылардың пікірінше, ең алдымен «Қызға қырық үйден тыйым болып, ұл әке қабағына қарап өсуі керек».
Кеңейтілген отырыста алғаш болып сөз алған аудан әкімі Нұржан Ахатов қазіргі жастардың тәлім-тәрбиесі маңызды мәселелердің бірі екенін айтып:
– Қай кезде де ұрпақ тәрбиесін ұлы құндылыққа балайтын, еңбек пен білімді ұштастыра білген әр ата-ана үшін бала болашағы бәрінен қымбат. Отбасы – бұл адамға өмірлік құндылықтар жайында түсінік беретін алғашқы ұжым. Адам қандай дәрежеге жетеді, жетілген тұлға бола ма немесе бітім-болмысы кемшілікпен қалыптасады ма, мұның бәрі көбіне ол адамның балалық шағында қаншалықты дұрыс ата-аналық тәрбие алғанымен байланысты. Атақты ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген екен. Бұл сөздің растығын өмір тәжірибесі талай мәрте дәлелдегені белгілі. Ата-ананың ең үлкен бақыты – баласының жақсы азамат болып өсуі десек, мемлекет пен қоғамның басты мақсаты – елге ие болатын білімді әрі Отаншыл ұрпақ тәрбиелеу, – деді.
Кеңес отырысында аудандық білім бөлімінің уақытша міндетін атқарушы Марат Ақпанбетов жыл көлемінде атқарылған жұмыстар шеңберінде баяндама жасап, алдағы міндеттеріне тоқталды.
– Білім берумен қатар тәрбие сапасын көтеруге ата-анамен бірлескен шаралардың тиімді тәсілдерін пайдалануды жандандырып, дамытуымыз қажет. Бұл бағытта ауданда біршама жұмыстар жүзеге асырылуда. Барлық білім беру ұйымдарында жүргізілетін «Ұлттық пікірсайыс қозғалысы», «Мектеп парламенті», «Оқуға құштар мектеп», «Мектеп және театр» жобалары бойынша бірқатар жоғары нәтижелерге қол жеткіздік. Креативті жобалардың есебінен ынталы оқушылардың саны артып, қазіргі уақытта құрамындағы балалар саны 9 мыңнан асты. Мектептерде отбасылық құндылықтарды дәріптеу және оны сақтаудың маңыздылығына назар аудару мақсатында «Әкелер кеңесі», «Ақсақалдар кеңесі», «Аналар Академиясы», «Әжелер кеңесі» мүшелерінің қатысуымен отбасын нығайту, шаңырақтың берекесін арттыратын әдет-ғұрыптар жайында 41 шара өткізілді.
Сондай-ақ балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында ауданда 2 мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдары жұмыс жасайды. Оған 2000-ға жуық бала қатысып, білім алуда. Ал мектеп жанындағы спорттық секциялар мен үйірмелерге ынтасы ашылып, тіркелген 16 мыңнан астам жеткіншек бар, – деді М.Ақпанбетов.
Отырыста облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағамбет «Білім беру ұйымдарында құқық бұзушылық пен зорлық-зомбылықтың алдын алу және бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері» жөнінде баяндама жасады. Басқарма басшысының сөзінше, Қызылорда облысында балалардың бос уақытын қамту бағытында өңірде жалпы 61 мектептен тыс қосымша білім беру ұйымы, мектеп жанында 2170 спорттық секция және 1942 үйірме жұмыс істейді. Онда 156 764 бала қамтылған. Оқушылар қауіпсіз ортада өмір сүруі мақсатында аймақтағы барлық білім беру ұйымдары бейнебақылау жүйесімен 100 процент қамтылып, 170 мектепке полиция бөлімшелеріне қосылатын дабыл түймесін орнату үшін 97 млн.теңге бөлінді. Барлық білім беру ұйымдарында дабыл түймесінің іске қосылуы осы жылы толықтай шешімін тапқанын айтты.
Содан соң ауданаралық аурухананың бас дәрігері Н.Әмір, аудандық полиция бөлімінің бастығы Д.Беркімбаев, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Н.Палымбет баяндама жасады.
Айта өткен жөн, бұл бағытқа соңғы жылдары кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылық, топтық төбелес, қыз балалар арасындағы жүктілік, буллинг, кибербуллинг, электронды темекі шегу секілді теріс қылықтар белең алуда. Соған байланысты тәрбие жұмыстарын әлі де күшейтіп, баса назар аудару қажет.
Бүгінде аудан көлемінде суицидтің алдын алу мақсатында білім беру ұйымдарында кешенді тест алынған. Қазіргі таңда оған 12109 оқушы қатысып, 1308-і «психологиялық бақылау» тобына алынған болса, 46-сы «психологиялық қолдау» тобында. Осыған сәйкес 25 бала дәрігерлердің бақылауына жолданып, 19-ы емделген.
Сондай-ақ жиында аудан ақсақалдары қазіргі жастардың ғаламторға тәуелділігі турасында сөз қозғап, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында аудан, ауылдық жерлерден жастардың сауаттылығын арттыру үшін үйірмелер ашылса деген ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Келелі отырыс соңында аудан басшысы бала тәрбиесіне бағытталған жұмыстарды жауапкершілікпен атқару қажеттігін алға тартып, тиісті сала басшыларына тапсырма берді.
Дархан БАЙТІЛЕС