Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Инфляция алынбайтын қамал емес

Инфляция алынбайтын қамал емес



Соңғы кезде тауар мен қызмет ақысына төлейтін қаржы көлемі артты. Тіпті кейде бұрын алып жүрген затымыздың өзіне қаражатымыз жетпей қалып жүр. Инфляцияның қарқынды өскені көзге ұрады. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметінше, өткен жылғы инфляция деңгейі әлем бойынша (2021 жылы 3,7 пайыз болды) екі есе жоғарылап 9,2 пайызға жеткен.


Инфляцияға екі түрлі жағдай себеп болады. Оның бірі – сұ­ра­­ныстың артуы. Белгілі бір та­уар­ға немесе қызметке сұраныс өссе, бұл сол тауар мен қызмет бағасының өсуіне әкеледі. Әдетте ол экономикалық тұрақтылық ке­зеңінде жиі болады. Адамдар қаржылық мүмкіндігінің артқанын сезінген уақытта тұрмысқа қажетті дүниеден бөлек, қосымша заттар ала бастайды. Сол себепті, тұты­ну­шылық сұраныс баға өсіміне алып келеді. Саудагерлер тұтыну­шы­лар талабын қанағаттандыру үшін тауар санын көбейтеді. Егер тауар жеткіліксіз болса, онда оның құнын өсіреді. Бұдан ұсыныстан туындаған инфляция келіп шыға­д­ы. Кейде оны баға инфляция­сы деп те атайды. Былтырғы қант тап­шы­­лығын осы жағдайға ұқсату­ға болады.
Екінші түрі – шығын инфляция­сы. Бұл құбылыс тауар өндірісіне немесе қызметке кеткен шығын көлемінің артуынан туындайды және оның қарапайым тұтынушыға кері әсері орасан болып тұр. Оны соңғы 2-3 жыл көлемінде әлем­нің барлық елі сезініп үлгерді. Мәсе­лен, COVID-19 індеті мен Ресей-Украина арасындағы қақтығыстың кесірінен өндірісті шикізатпен қам­тамасыз ету, дайын өнімді тұ­ты­­нушыға жеткізу, қызмет көр­се­ту тізбегі үзілді. Салдарынан кәсіп­орындар тауар өндіруде және оны сатуда қиындыққа ұшырады...
Дүниежүзінде көптеген ел соң­ғы жылдары жоғары деңгейлі ин­фля­­цияны бастан кешіріп жатыр. Ай­талық, Түркияда жылдық и­н­фля­ция көлемі 70 пайызға жетті. Аргентинада инфляция 51 пайыз­ға ұлғайса, экономикалық тұ­рақ­­­сыздық жайлаған Шри-Лан­када шамамен 30 пайыздық дең­гей­ді көрсетті. Ирандағы тол­қу­­лардың басты себебі де азық-тү­лік қымбатшылығы болып отыр. Мұнда инфляцияның ресми көр­сет­кіші – 40 пайыз. Ал біздегі ин­фля­­цияның жылдық мәні – әзірге 20,7 пайыз деңгейінде.
Инфляция деңгейіне қарай жа­ла­қы, еңбекақы индексациялан­ба­са, яғни теңестірілмесе, жағдай қиындай түседі. Бұл бірінші ке­зек­те сатып алу қабілетінің тө­мен­­­деуіне­ әкеліп соқтырады. Ізін ала ха­лықтың жалпы тұр­мыс­­тық дең­гейі на­шарлайды. Сарап­­шылардың пі­кірінше, қазір әлем­де инфляция­ның жаппай өсуі­не жоғарыда айтылғандай, COVID-19 індеті мен Украинадағы соғыс және әртүрлі табиғи апат пен әр елдің билігі ұстанған эко­но­микалық саясат себепкер бо­лып отыр. Отын бағасының қым­бат­тауы да үйлерді жылытуға, тауар­ларды тасымалдауға және кәсіпорындардың өнім шығаруына жұмсалатын шығын көлемін арттырып жіберді. Халықаралық еңбек ұйымының әлемдік тауарлар нарығы бойынша келтірген мәліметіне сәйкес, 2022 жылмен салыстырғанда мұнай мен бидай 50 пайызға қымбаттаған. Басқа да астық түрлерінің бағасы жылдан жылға өсіп барады. Мұндай сәтте сарапшылар бағаның қым­бат­тауы тауар импорттаушы елдерге тұрмыстық ахуал мен эко­номикалық өсімді қамтамасыз ету тұрғысынан өте ауыр тиетінін айтады. Бұлай кете берсе, түбінде қо­ғамдық және экономикалық ахуал­­ им­портқа тәуелді елдерде күрт шие­­ленісіп кетуі ықтимал.
Қымбатшылық мәселесі респуб­ли­каның үшінші мегаполисінде де қоғамның өзекті проблемасы болып тұр. Әсіресе азық-түлік бағасы күрт өскен. Халықты қолжетімді бағада азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін әкімдік тарапынан 19 түрлі әлеуметтік маңызды өнімді белгіленген бағада сататын бір­не­ше ірі сауда желісі таңдап алынды. Сөйтіп, оларға айналым қаражаты есебінде қарызға қомақты қаражат берілді. Сондай-ақ өткен жылы шаһарда делдалдық схемаларды анықтайтын комиссия жұмысын бастады. Оның негізгі қызметі – ортадағы делдалдарды анықтау, электрондық шот-фактуралар ар­қылы жеткізуші мен тұты­нушы арасындағы тауар­лар­дың бағасын білу және әлеу­мет­тік маңызы бар азық-түлік тауарларының 15 па­йыздық сау­да үстеме мөлшерінің сақталу та­лап­та­­рына мониторинг жүргізу.
Кезінде айналымға әкімдіктен қаражат алып, әлеуметтік дүкен ашқан жергілікті кәсіпкер Ильмар Гаджиев бүгінде бұл жобадан бас тартыпты. Өзінің айтуынша, оған дүкен тартқан шығындар кесірін тигізген.
«Басында жұмыс жақсы бас­тал­ған еді. Халық та біздің дү­кен­нің арзан бағасына үйреніп қалды. Алайда уақыты келе бұл әлеу­мет­тік-кәсіпкерлік бастамамыз шығынға ұшырай бастады. Кө­терме сауда нүктесінің өзінде қымбат ауыл шаруашылығы өнім­дерін одан да арзан бағада сату біз үшін тиімсіз бизнеске айналды. Мәселен, пияздың бағасы көтерме базарда 250 теңгеден саудаланса, дүкенде 160-180 теңгеден сатуымыз керек деген талап қойылды. Ал кәсіпкер бұдан тікелей шығын көреді. Сондықтан бұл жобадан бас тартуыма тура келді», дейді И.Гаджиев.
Әйткенмен, инфляция алын­байтын қамал емес. Егер жала­қы, еңбек­ақы көлемі инфляциямен бір­ге өсіп отырса, онда оның халыққа теріс әсері онша біліне қоймайды. Сондай-ақ инфляция­ның экономикаға тигізер ықтимал пайдасы – өндіріс артады. Ал ол өз кезегінде жұмыс орнының кө­бею­іне, еңбекақының, тауарлар мен қызметтердің өсуіне және инфля­ция күшінің азаюына әке­леді. Кей сарапшылардың мәлім­де­уінше, қаржылық саясат аясында мемлекет базалық пайыздық мөлшерлемені әдейі көтереді. Ол тауар мен қызметтерге сұранысты азайту үшін жасалады. Мұндағы мақсат – экономикалық өсімді қол­дан бәсеңдету арқылы инфляция деңгейін төмендету. Алайда сарапшылар елді қымбатшылық жайлап үлгерсе, мұндай тәсілді пайдалану кеш екенін тілге тиек етеді.
17 ақпан 2023 ж. 138 0