Қымбатшылықтың «қызыл аймағына» кірдік
Елімізде азық-түлік инфляциясы тым қарқын алып кетті. Жалпы, сарапшылар Орталық Азия елдерінің біразы қымбатшылықтың «қызыл аймағында» тұрғанын айтады. Осы күні ресми инфляция 21 пайызға жақындаса, азық-түлік инфляциясы 25 пайыздан асып кетті. Бұл – соңғы 14 жылда болмаған көрсеткіш. Енді жағдайдың оңаларына сене аламыз ба?
Африкадан Азияға дейін...
Былтыр халыққа оңай болған жоқ. Баға үздіксіз көтерілді, сарапшылар тиімді болмайтынын айтқанына қарамастан шарықтаған бағаны ауыздықтау үшін Ұлттық банк базалық мөлшерлемемені 6 рет көтерді. Ақыры оның мөлшері 10,25 пайыздан 16,75 пайызға жетті. Тақырыпты қозғамас бұрын қымбатшылық тарихын әріден бастасақ. Қазақстанға инфляция бұрыннан таңсық емес. Еліміздегі ең жоғарғы инфляция 1996 жылы тіркелді. Құнсыздану көрсеткіші 28,7 пайыздан асты. Екінші рет 2007 жылы 18 пайызға жеткен. Ал бұл жолғы 21 пайыздық құнсыздық ел тарихындағы екінші жоғары көрсеткіш болып тұр. Инфляцияның ырықсыз кетуі әлемдік үрдіс болғанымен, мемлекетіміздің импорт пен мұнайға тәуелділігі проблеманы одан әрі ушықтыруда.
Жағдай оңалар деген дәмемен жүргенде жыл басталмай жатып қымбатшылық тағы алқымнан алғаны жария болды. Биыл қаңтардың өзінде инфляцияға тағы 1,1 пайыз қосылды. Басқаны айтпағанда, тек азық-түліктің баға өсімі 25,3 пайызға жетті. Айтпақшы, жыл басындағы Үкіметте өткен жиында шенділер «биылғы міндет – инфляцияны 2 есе төмендету» деп ұрандатқан болатын.
«Баға өсімін ұстап тұру жұмыстары басты назарда болуы тиіс. Өткен жылдың қорытындысы бойынша инфляция 20,3 пайызды құрады. Инфляцияға ең алдымен азық-түлік бағасының өсуі себепші болып отыр. Яғни, салалық министрліктер мен әкімдіктер бұл мәселе бойынша қажетті іс-шараларды жеткілікті қабылдай алмады. Біздің міндетіміз – биыл инфляцияны 2 есеге төмендету. Ол 9,5 пайыз шегінде болуы керек. Бұл – өте күрделі міндет. Сондықтан кез келген проблеманың алдын алу шараларына баса мән беріп, жұмыла әрекет етуіміз қажет», – деген Үкіметбасы Әлихан Смайылов.
Алайда министрлердің істеп жатқан жұмысы білінбейді. Әйтеуір, жыл аяғында шамасыздығы үшін Үкімет құрамын тағы жаңартып жатпасақ болды. Өндірісі жоқ елдің өрлеуі қиын. Сондықтан қаншама іс-шарадан күтетін нәтиже аз. Біз жоғарыда «қызыл аймақ» деген сөзді бекер қоспадық. Өйткені халімізді әлем елдерімен салыстырғанда, сол деңгейде екенімізді білеміз. Ourworldindata таяуда әлем елдерінің әрқайсысы азық-түлікке қанша шығындалатыны жөнінде мәліметтерді шығарды. Жағдайды үш деңгейге бөліп қарастырған. Біріншісі «жасыл аймақ» – азық-түлікке алаңдамайтын елдер, екіншісі «сары аймақ» – орташа көрсеткіш, үшіншісі «қызыл аймақ» – қымбатшылық әбден қыса бастаған мемлекеттер көрсеткіші. Мәселен, «жасыл аймақтың» төрінде тұрған АҚШ-та жұрт азық-түлікке табысының бар болғаны 6,7 пайызын жұмсайды екен. Ал экономикасына алаңдай бастаған Финляндияның өзінде көрсеткіш 12 пайызбен шектелген. «Сары аймақта» қазір қақтығыспен күні өтіп жатқан Украина (41,6 пайыз) және Ресей (29 пайыз) бар. Тіпті, Беларусь (32,1 пайыз) пен Әзербайжанды (43,6 пайыз) да осында табасыз. «Қызыл аймақта» Африка елдері, Өзбекстан және Қазақстан тұр. Көршіміз табысының 46,5 пайызын, біз 49,4 пайызын жұмсаймыз. Ең соңында тұрған Нигерия 59 пайыз межеде. Осыған қарап биліктің әрекетке көшер кезі әлдеқашан келгенін жеткізгіміз келеді.
Өндірісі жоқ ел өрлемейді
Жыл басында елімізде азық-түлікті бөліп төлеуге, яғни қарызға сатып алушылардың саны артқаны жайлы мәлімет көп таралды. Экономистер несиеге тамақтану кедейлік сатысын одан әрі арттыратынын айтып, дабыл қақты. Бұған дейін елдің несиеге тұрмыстық техника, үйге керек-жарақтарды сатып алатынын білетінбіз. Бірақ ішер тамағын бөліп төлеуге алу жағдайдың қиын екенін аңғартса керек.
«Бұған елімізде инфляцияның өсуі кері әсерін тигізуде. Тұрғындардың табысы көбейгенімен, инфляция да оны басып кетуде. Сәйкесінше, бұл еліміздегі кедейлік деңгейін одан сайын өсіріп жатыр. Бөліп төлеуге азық-түлік алатын адамдар негізінен кедейлер санатына кіреді. Себебі олардың тамақтануға да қаражаты жетпейді деген сөз», – дейді экономист Арман Байғанов.
Оның айтуынша, бұлай несиеге азық-түлік алу тоқтамаса, Қазақстандағы кедейлік деңгейі әлі де өседі. Әрі қарай жағдайдың қалай өрбитіні көпшілікті толғандырары анық. Сонымен, мәселенің тамыры тым тереңде. Мемлекет экономиканы неше жылдан бері арзан ақшамен қаржыландырды. Іс жүзінде оның нәтижесі төмен болғаны анық. Елдегі тауар өндірісі, яғни ұсыныс көлемі айналымдағы ақша массасына сай болмаған соң баға қалтаны қағуда. Экономист Расул Рысмамбетов алдағы уақытта оңай болмайтынын болжайды.
«Үкімет осы уақытқа дейін ішкі өндіріске көңіл бөлмей келді. Мұнай мен металл экспортына ғана жұмыс істеп, қалғанын сырттан сатып ала саламыз деп ойлады. Бірақ бұл бізді құтқарған жоқ. Тым болмағанда күнделікті тұтынатып тауарларды елде өндіруге болатын еді. Біз Ресейге сеніп қалдық. Халықаралық концерндердің Ресейдегі нүктелері арзан тауарлар жеткізіп отырды. Биыл көпшілігі кетіп жатыр. Биылғы инфляция төбеден түскен жоқ. Бұрын тежеуге болатын еді. Биыл ырықтан шығып кетті», – дейді ол.
Маманның сөзінше, еліміз тез арада импорт пен экспортты әртараптандырып үлгермейді. Сондықтан біздегі баға импортқа байланып тұр. Ресейдің геосаяси ахуалы ушығып, әлемдегі ең ірі өндіруші Қытай да коронавируспен әуре болып жатқанда, тауар жеткізу тізбегі қалпына келмейді. Демек, қымбатшылықтың көкесі алда деген сөз. Бір дәйек, дүниежүзіндегі сарапшылар 2026 жылға дейін инфляция бәсеңдемейтінін болжаған. Елдегі экономистер де осыны айтып отыр. Үкімет білек сыбана кіріспесе, істің бәрі текке кетпек. Иә, 2022-2024 жылдарға арналған шаралар кешенін әзірлегенін білеміз. Өндіріс көлемін ұлғайту, тауарлар мен көлік логистикасын дамыту, монополияға қарсы реттеу сияқты жүйелі шаралар қарастырылған. Дегенмен іске аспайынша көкейде күмән қала беретінін даусыз.
Қалай болғанда да, жағдай жақсы емес. Базалық ставка өскен соң теңге салымының артқаны жайлы айтылады. Бір жағынан жақсы тұсы сол шығар. Бірақ билік те, халық та тұтынушы рөлімен қоса, жинақтау кезеңіне өткені жөн тәрізді. Әйтпесе, күнкөріспен әуре азаматтар көбейе береді.