Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Субсидиядан сеп болмай тұр

Субсидиядан сеп болмай тұр

Қазір субсидиялау мәселесі кәсіпкерлердің шымбайына батып жүр. Сөзімізге қызылордалық 300-ге жуық фермердің субсидиясыз қалып, еселі еңбегінің зая кететінін айтып, зар илеп отырғаны дәлел.

Коллаж субсидия

Фермерлердің уәжіне құлақ түр­сек, Ауыл шаруашылығы министрлігі «қаңтарда іске қосылады» деп желеу еткен gosagro.kz порталы әлі күнге жұмыс істемейді. Бұған қоса Qoldau.kz желісі де жұмысын тоқтатқан. Соның салдарынан ауыл шаруа­шылығы саласында қызмет ететін 300-ге жуық кәсіпкер мемлекет тарапынан берілетін пайыздық мөл­шерлеменің қаңтар-ақпан айларына арналған субсидиясын ала алмай отыр.
Негізінен осы кезге дейін «Сы­баға» және «Агробизнес» мемле­кеттік бағдарламалары аясында кәсіпкерлерге шамамен 20 пайызбен несие берілген. Бағдарлама аясында аталмыш несиенің 6 пайызын кәсіп­кер төлесе, қалған пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Алайда кәсіпкерлер осы несиені уақытылы төлей алмаудан қорқады. Себебі Ауыл шаруашылығы министрлігі енгізген gosagro.kz порталының әлі күн­ге іске қосылмауы несие алушы­ларды тығырыққа тіреген. Жағдай осылай жалғаса берсе, фермерлер қаңтар-ақпан айларына мемлекеттен бөлінетін субсидияны ала алмай, берешегін 20 пайыздық артық мөл­шерлемемен төлеуге мәжбүр болады.
Бұл мәселе Қызылорда облысы­ның кәсіпкерлер палатасы жанын­дағы агроөнеркәсіп кешені коми­тетін­де де қаралды. Комитет оты­рысын­да кәсіпкерлер тарапынан порталдың кемшіліктері мен әкім­шілік кедергілері туралы айта келе, өзгеріс енгізу жайында ұсыныстар айтылды.

«Несие берешегін алдағы ақпан айында төлеуіміз керек. Егер уақы­тында төлемесек «қара тізімге» енетіні­міз анық. Оған қосымша үсте­мақысы да бар. Көкке жарымаған көтерем малды сату оңай шаруа емес. Артық пайызды төлеу үшін малымызды сатудан басқа амалымыз да жоқ. Не істерімізді білмей дал болып отырмыз. Шаруалардың жайын ойлап жатқан ешкім қара көрсетпейді. Мына түрімізбен мем­ле­кеттің азық-түлік қауіпсіздігін қа­лай қамтамасыз етеміз», – деп ашын­ды бұл жайында «Сыр сыйы» шаруа қожалығының төрағасы Нұр­лан Биманов.

Ал несие серіктестігі тарапынан атал­мыш мәселенің қиындық туғы­зып тұрғанын жоққа шығырмайды. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан тиісті міндеттеме толық орын­дал­маса, шаруалардың шаруасы өрге баспайды.

«Бұл мәселе қолдан жасалды. Жұ­мыс істеп тұрған платформаның күшін жойып, әлі зерттелмеген, шикі бағдарламаны өзгеріске енгізіп жіберді. Болар іс болды. Біз шаруа­ларға «қорларыңызды мына уақытқа дейін дайындай беріңіздер» деп айта­йын десек, порталдың қашан ашылатыны да белгісіз. Оған ешкім нақты жауап бере алмай отыр. Біздің несие серіктестігі арқылы биылға 186 қарыз алушыға 300 млн теңге суб­сидия қажет. Портал іске қосыл­маса фермерлер 300 млн теңгені өз қалталарынан шығару қажет деген сөз», – деп ағынан жарылады бұл жайында «Сырдария-1» несие серік­тестігінің төрағасы Алмат Абдуллаев.

Бүгінде несие серіктестігінің басшысы тығырықтан шығудың жолы ретінде өтінімдерді уақытша қағазбен тапсыруды ұсынып отыр.
Бұл мәселе төңірегінде облыс­тағы жауапты мемлекеттік орган басшылары да хабардар екен. Соған орай былтырдан бері субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі жайында министрлікке 30-дан астам ұсыныс беріпті.

«Бұл мәселе жайында министр­лікке және бағдарламаны әзірлеу­шілерге жан-жақты жеткіздік. Яғни, жаңа ақпараттық жүйе толық іске қо­сылып кеткенше qoldau.kz порта­лымен жұмыс істеуді ұсынып жатыр­мыз. Алайда әзірге бұл ұсынысымыз қанағаттандырылмай тұр», – деді облыс әкімдігінің Ауыл шаруа­шылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орын­басары Ғалым Баимбетов.

Бұл мәселе жайында Ауыл ша­руашылығы министрлігіндегі Мем­лекеттік көрсетілетін қызметтерді дамыту және агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру департаменті дирек­торы­ның орынбасары Әлем Жұма­беков портал жұмысы 1 ақпаннан бастап іске қосылатынына сендіріп отыр.
Ал Қызылорда облыстық кәсіп­кер­лер палатасы директорының орынбасары Гауһар Елеусінова мәселені шешу үшін тиісті мем­ле­кеттік органдармен жұмыс істейтінін жеткізді.
Жалпы бұл Қызылорда облысын­да кәсіпкерлерге берілетін несие төңірегінде туындаған алғашқы дау емес. 2021 жылы да осы «Сыр­дария-1» несие серіктестігінен несие алған 45 кәсіпкер субсидиядан қағылып отырғанын айтып, дабыл қаққан болатын. Сол кездері өтініш бере алмаған кәсіпкерлер Qoldau.kz қосымшасын сынға алған еді.
Бұл жолы Gosagro.kz порталы­ның жұмыс істемеуі салдарынан жапа шегіп отырған кәсіп иелері кімге шағымданарын білмей отыр. Жағдай бұлай жалғаса берсе, санаулы күндерден кейін берешектерін жоғары үстемемен төлеуге мәжбүр болатынын айтып, ашынады.
31 қаңтар 2023 ж. 194 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930