Тазалық мәселесі күн тәртібінен түспейді
Кеше «Amanat» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Апетовтың төрағалығымен Шиелі кенті аумағында санитарлық-тазалық жұмыстарын ұйымдастыру және кәмелеттік жасқа толмағандарды еңбекке тарту мәселесі жөнінде отырыс өтті.
Оған аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Бақберген Әбсадық, аудандық ішкі саясат бөлімінің және кент әкімдігінің қызметкері, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Ержан Әбдешов, сондай-ақ бірқатар жауапты сала мамандары қатысты.
Оған аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Бақберген Әбсадық, аудандық ішкі саясат бөлімінің және кент әкімдігінің қызметкері, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Ержан Әбдешов, сондай-ақ бірқатар жауапты сала мамандары қатысты.
Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Апетов аудан төңірегіндегі тазалық мәселесі аудан әкімінің тікелей бақылауында екенін айтып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар теміржол станциялары мен сауда орындарының, жеке сектордағы дүкендер мен шағын маркеттердің санитарлық тазалығы тұрақты түрде қамтамасыз етілуі қажет екенін де тілге тиек етті.
Ауданның тазалығы бір реттік немесе бір айлық шаралармен шектеліп қалмауы қажет. Осы ретте барша аудан тұрғындары туған жеріне, өсіп-өнген ортасына жанашырлықпен қарап, тазалық мәселесіне ден қойып, кенттің келбетін келісті етуге өз үлестерін қосады деген сенімдеміз. Дана халқымыз «Ауылына қарап азаматын таны» демекші, сырттан қараған сыншыл көз ауданымызға қызыға қараса мақтаныш емес пе? Өскелең ұрпақтың дені сау болсын десек, айналаның тазалығына баршамыз атсалысайық, ағайын!
Дархан Байтілес