Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АУДАН АХУАЛЫ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕ ТАЛҚЫЛАНДЫ

АУДАН АХУАЛЫ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бейсенбі күні аудан әкімінің қатысуымен аудандық қоғамдық кеңестің қоян жылындағы алғашқы отырысы өтті. Маңызды ­жиында аудан әкімі Нұржан Ахатов кеңес мүшелері алдында баяндама жасап, өткен жылы атқарылған ілкімді істер мен алда тұрған міндеттерді саралап өтті. Аудандық мәслихат төрағасы Тұрмағанбет Жағыпбаров та өз хабарламасында жыл көлеміндегі бірқатар атқарған жұмыстарына тоқталды. Келелі жиынға қоғамдық кеңес төрағасы мен мүшелері қатысты.

ЕЛ МҮДДЕСІ МАҢЫЗДЫ
Жиынды аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Қабілеш Бекішов жүргізіп, көптің көкейінде жүрген мәселені қозғап, елдің мүддесін қорғап, халықтың мұң-мұқтажын құзырлы органдарға жеткізуде қоғамдық кеңестің маңызы зор екендігін, әлеуметтік шиеленістердің алдын алу және оларды шешу мақсатында құрылған консультативті-кеңесші орган ретінде қызмет етіп келе жатқанын айтты. Күн тәртібінде «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерін белгілеу туралы» және ауданның аудандық округтеріндегі ин­женерлік тұрғыда суармалы жерлерде дақылдарды ротациялау жөніндегі мәселелер қаралды.
Аудандық мәслихат хатшысы Тұрмағанбет Жағыпбаров өз хабарламасында өткен жылы жасаған жұмыстарына жан-жақты тоқталып өтті. 2022 жылы VII шақырылған аудандық мәслихаттың 4 кезекті, 10 кезектен тыс, 1 кезектен тыс жабық, барлығы 15 сессия өткізілген. Олар «Aitube» онлайн-платформасында тікелей эфирде көрсетіліпті. Сонымен қатар өткен жылға арналған аудандық бюджет несиелерді қоса есептегенде 19 млрд 995 млн 505 мың теңге қаржы бекітіліп, 5 рет өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде аудандық бюджет 23 млрд 153 млн 795 мың теңгеге жеткен. Мәслихат хатшысының айтуынша, есепті кезеңде аудандық мәслихат депутаттары аудандағы ең өзекті деген мәселелерді тұрақты комиссияларда талқылаған.
Қала берді ауданның тыныс-тіршілігін өз көздерімен көріп, тұрғындармен кездесу өткізіп, сессия материалдарын даярлап, бірнеше мәселелерді аудандық мәслихаттың сессияларына ұсынып отырған. Атап айтар болсақ, әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеп, мұқтаж жандарға арнайы қағидаттар белгілеу, аудандағы мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсалған шығындарын өндіріп алу тәртібін және мөлшерін айқындау мәселелерін ұсынған. Жайлымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі 2022-2023 жылдарға арналған жоспарын бекіткен. Сонымен қатар аудан бойынша коммуналдық қалдықтардың түзілуі және жинақталу нормалары, ауданда әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды қорғаудың жайы мен оларды жақсарту шаралары да назардан тыс қалмады.

БҰЛ – БАРЫС ЖЫЛЫ БАҒЫНДЫРҒАН БИІГІМІЗ
Отырыста сөз алған аудан әкімі Нұржан Ахатов:
– Біз әркез аудан тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін ескеріп, көкейдегі сауалдарын жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Мінекей, бүгін өздеріңізбен басқосып, барыс жылында атқарылған ілкімді істер мен алдағы міндеттерді саралайтын сәт туды. Иә, өткен жыл ауданымыз үшін берекелі, ­ырысты және толағай табыстарға толы жыл болды, – деді.
Содан соң аудан басшысы 2022 жылы аудан көлемінде жүзеге асқан ауқымды істерге тоқталды.
Былтыр әлеуметтік сала бойынша есепті кезеңге 5263 отбасына 55 млн теңгеге қайырымдылық көмектер жасалыпты. Сонымен қатар кенттегі байырғы «Өскен өңір» редакциясының ғимаратына 42 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нысан мүгедектігі бар адамдар мен балаларға арналған «Тең қоғам» орталығы болып қайта ашылды.
Сонымен бірге ауыл шаруашылығы саласы бойынша 2022 жыл шиелілік дала диқандары үшін жемісті жыл болғанын тілге тиек етті. Маңдай тер мен еселі еңбегінің арқасында Шиелі ауданы «Озат аудан» атанып, мерейі үстем болғаны тағы бар. Бұл – Барыс жылы бағындырған биігіміз. Жалпы аудан бойынша егіс көлемі соңғы үш жылда 2376 гектарға ұлғайған. Өткен жылы барлығы 30 074,4 гектар жерге егiс егіліп, негізгі дақыл күріштің көлемі 10 750 гектарды құрапты. Қалған 19 324,4 гектары басқа дақылдар үлесінде болған. Күріш көлемі 1 289 гектарға дейін азайтылып, оның орнына әртараптандыру бағытындағы суды аз қажет ететін мал азықтық және майлы дақылдармен қатар көкөніс, бақша дақылдарының егіс көлемдері 1 858 гектарға ұлғайтылған.
– Халқымыз «Жер жомарт, жерге сенген ел жомарт, еңбек еткен ер жомарт» деген. Өткен алтын күз осы қанатты қағиданың берекесін танытты. «Егінді өсіре білу – алғашқы асу ғана. Ысырапсыз жинап алу – мәре» деген Ыбырай Жақаевтың дана сөзін басшылыққа алып, су тапшылығына қарамастан істің қиюын келтірген шаруалардың еңбегі еселенді. Егіншілердің жаз бойы төккен маңдай терлерінің өтемі қоңырқай күзде қайтты. Сыр елінің басты дақылы, дала төсі дүбірінің көрігіне айналған ақ күрішпен қалай мақтансақ та жарасады. Күміс дәнін күнге сүйдіріп, ырзығын ысырапсыз жинап алған бейнеткер қауымның ең жоғары көрсеткішке қол жеткізуі ең бірінші еңбек ерлерінің ауызбіршілігі мен еңбекқорлығын байқатады, – деді ­аудан әкімі.
Газдандыру саласы бойынша бүгінде кент және Ы.Жақаев, Бидайкөл, Байсын, Н.Бекежанов, Ш.Қодаманов ауыл­дары яғни, аудан халқының 68 проценті көгілдір отынға қосылған. Ал биыл Еңбекші (270356 мың теңге), Жиделіарық (172157 мың теңге) елді мекендеріне және орамішілік газ тарату желілерінің құрылысы жобасы қолдау ­тауып, жалпы республикалық бюджеттен 442 млн 513 мың теңге қаржы қаралған. Қоса кеткен жөн, аудан әкімі кеңес отырысында Тартоғай елді мекені тұсындағы М.Шоқай АГРС құрылысында таныстырды. Айтуынша, осы аталған жоба іске асса аудан халықының 85 проценті газбен қамтылмақ.
Денсаулық сақтау саласы бойынша биылғы жылға аудан бойынша 3 елді мекенде медициналық амбулаториялық ғимараттардың құрылысы жүрзілмек. Олар Бала би, Досбол би және Бұланбай бауы ауылы. Ал кентте 30 төсектік инфекциялық корпус құрылысы жобасының ЖСҚ әзірленген.
Спорт саласына тоқталған ­аудан әкімі 32506 тұрғынның 24 спорт түрімен шұғылданатынын жеткізді. Жалпы ­аудан көлемінде спорт мектебінде 1950 ­жастар мен жасөспірімдер қамтылуда. Бұл аудандағы жасөспірімдердің 16 процентін құрайды екен. Республикалық, облыстық деңгейде 43 алтын, 64 күміс, 39 қола медаль қоржында бар. Сонымен қатар өткен жылы облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес «Балалар жылы» аясында демеушілер есебінен 6 ойын және жазғы спорт алаңдары пайдалануға берілген.
Білім саласына келер болсақ, ауданда 40 мектеп бар. Оның 4-еуі негізгі орта, 3 бастауыш мектеп, 33 орта мектеп және 1 кешкі мектеп. Тиісінше ­аудан орталығынан «Жайлы мектеп» жобасы аясында 900 орындық және Жансейіт елді мекеніндегі 100 орындық мектеп құрылысын салуға ЖСҚ-ы әзірленуде.
Сөз соңында аудандағы барлық саладағы жетістіктерге, жаңашылдықтарға жеке-жеке тоқталып, қоғамдық кеңес мүшелеріне атқарылып жатқан жұмыстардың бағытын халыққа жан-жақты түсіндіру қажеттігін жеткізді.
Жиын барысында кеңес мүшелері де өздерінің ұсыныс-пікірлері мен талап тілектерін ортаға салды. Алдымен қоғамдық кеңес мүшесі, Шиелі кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Күлімбет сөз алып, аудан көлемінде атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Мұнан соң бірқатар қоғамдық кеңес мүшелері ұсыныстарын айтып, алдағы атқарылар жұмыстардың табыс­ты болуына тілектестігін білдірді.

Сұлушаш Мадиярова

23 қаңтар 2023 ж. 276 0