Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бюджет нақты мақсаттарға бағытталады

Бюджет нақты мақсаттарға бағытталады

Биыл аудандық маңыздағы 90 шақырым жол жөндеуден өтеді. Сондай-ақ қалқымалы өткел мен көпірлерді ағымдағы жөндеуден өткізу жос­парланып отыр. Ол үшін аудан бюджетінен 45 млн 842 мың теңге қаржы бөлінбек.
Сонымен қатар, елдi мекендерде жол қозғалысы қауiпсiздiгін қамтамасыз ету мақсатында 8 дана бағдаршам орнату, бағдаршамдарды, камераларды, жол белгілерін орнату және күтіп ұстау да назардан тыс қалмайды. Ал Бестам, Жиделі, Алмалы, Телікөл, Бидайкөл, Байсын ауылдарын сыртқы электрмен жабдықтауға жоба сметалық құжатты әзірлеп, сараптамадан өткізуге 10 млн 525 мың теңге қаралмақ.
Бұл аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жұмысына ғана бағытталған бюджет қаржысы. Өткен жылдың соңында аудан әкімдігінде ауданның кіріс-шығысы түгел есептеліп, болжамды кірістен түсетін қаржыны тиімді үлестіру бойынша бірқатар мәселелер талқыланды.
Мәселен, жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне азаматтарды қоғамдық жұмыспен қамту үшін 654 млн 948 мың теңге, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 24 млн 764 мың теңге жоспарлануда. Сондай-ақ, азаматтарды әлеуметтік қолдауға 356 мың теңге, үйден тәрбиеленіп оқытылатын мүгедек балаларды материалдық көмекпен қамтамасыз етуге 10 млн 385 мың теңге, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке 1 млрд 373 млн 336 мың теңге, жергілікті өкілетті органдардың шешімі бойынша азаматтардың жекелеген топтарына әлеуметтік көмекке 67 млн 948 мың теңге, мүгедектерді оңалту жеке бағдарламасына 115 млн 990 мың теңге қаралатын болады. Ал жәрдемақы мен басқа да әлеуметтік төлемдердің қаржылық қызметіне 2 млн 508 мың теңге, мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсартуға 80 млн 819 мың теңге бөлінеді.
Ал мәдениет саласындағы өзге кірістерді қоспағанда кітапханаға кітап алуға 1 млн 232 мың теңге жұмсалмақ. Әрине, тұрғындардың шығармашылық дағдысын қалыптастыру, оқырманды қызықтыратын заманауи шығармаларды жинақтау қашанда маңызды дүние.
Тағы бір айта кетерлігі, алдағы бірер жылда орталық стадионды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Ол үшін жоба сметалық құжатын сараптамадан өткізуге 805 мың теңге бюджет қаржысы қаралған.
Сондай-ақ ағымдағы жылы құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне Жансейіт, Ортақшыл, 21 бекет елді мекендеріне газ желісін жүргізу үшін жоба сметалық құжатты әзірлеп сараптаманың оң қортындысын алуға 5 млн 310 мың теңге, Шиелі кентіндегі 18 пәтерлі 5 тұрғын үйге электр желісін кіргізу жұмыстарына 14 млн 574 мың теңге бөлінбек.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
09 қаңтар 2023 ж. 296 0