ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ҰЛЫ РУХЫ – ЖЕЛТОҚСАН
Шиелі аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы аясында Қызылорда облысының «Жастар Одақтары» қоғамдық бірлестігінің және ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының тәуелсіздік күніне орай, «Тәуелсіздіктің ұлы рухы – Желтоқсан» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Шараға Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты А.Оразбақов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Баймұратова, аудандық Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Б.Құлтаев, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Е.Әбдешов, желтоқсан оқиғасына қатысушылар қатысты.
Ғылыми-тәжірибелік конференция мақсаты Тәуелсіздік жолында күрескен ағаларымыздың ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі ете отырып, жастарды Отан сүйгіштікке, ерлікке баулу мақсатында Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен кездесу шарасы ұйымдастырылды.
«Желтоқсан оқиғасы» тарих сахнасында саралау үшін алғы сөз Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Оразбақов Айтжан Жұмабайұлына берілді.
Тәуелсіздік мерекесі – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттілігінің, ата – баба аңсаған азаттықтың тұғыры нығайған маңызды белес. Тарих сахнасында Тәуелсіздіктің бастауы болған Желтоқсан оқиғасына биыл 36 жыл. Бұл оқиға еркіндік пен теңдікті талап еткен қазақ жастарының азаттық үшін арпалысының жарқын көрінісі еді. Қанша жыл, қанша ғасыр өтсе де ұмытылмайтын оқиғалар болады. Ұмытылмайтыны – оның халық тағдырымен байланыстылығында.
Бұл күн – ерлік пен өрлік, қайғы мен қасірет араласқан әрі жарқын болашақтық көрінісі.
Шарада №47 М.Ломоносов атындағы мектеп-лицейінің жоғары санатты тарих пәнінің мұғалімі Қасқабаева Фатима Серікбайқызы, Желтоқсан оқиғаның бел ортасында болған жерлесіміз Тұңғышбайқызы Перизат, «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Біржанұлы Ержан Әбдешов желтоқсаншылар туралы пікірлерімен бөлісіп, олардың ерліктері келешек ұрпаққа үлгі болатынын сөз етті.
Кездесуде қорытынды сөз Шиелі аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Баймұратова Жібек Орынбайқызына беріліп, Оразбақов Айтжан Жұмабайұлына аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттап, желтоқсан оқиғасына қатысушыларға сый-сияпат табыстады.