АКЦИЯ АЯСЫНДА ӨТКЕН КЕШ

16 күндік акция Шиелі аудандық полиция бөлімінің түсіндірме жұмыстарымен басталды. Сондай-ақ, ауданың әр мектебінен жиналған оқушыларға зорлық-зомбылыққа байланысты арнайы жарнамалар таратылды. Салтанатты кеш оқушылардың өз қолдарымен жасалған қолөнер бұйымдарын көрмеге шығарып, таныстырумен жалғасын тапты. Көрмеде қолөнер бұйымдарын көрсеткен оқушылар аудандық білім бөлімінің арнайы жүлдесімен марапатталды. Сый-сияпаттты қанжығасына байлаған оқушылар ән-айтып, би билеп, өз өнерлерін ортаға салды. 16 күндік акция соңы мерекелік кешке ұласты. Кеш соңында аудандық полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция мойоры Фарида Алиакбарқызы келген қонақтарға өз ізгі тілегін жеткізді.
– Біз тұғыры биік, төрт керегесі тең, егеменді елміз,қылығы таза қыз бен арғымаққа мінер ұл өсірген халықпыз. Ал, Тәуелсіз елде зорлық-зомбылыққа жол жоқ! Қоғамда болып жатқан дүниелердің барлығы дерлік отбасынан бастау алады. «Тәрбиесіздік – ол адамзаттың қас жауы, тәрбиесіз берілген білім келешекте адам өміріне апат алып келеді» деген болатын ұлы бабамыз Әбу насыр әл-Фараби. Сол себепті тәрбиені түзегеніміз қоғамға дерт емес,абырой алып келер азамат пен азаматша өсіргеніміз. Зорлық-зомбылықтың санын емес, зорлық-зомбылықты жою қамын қарастыруымыз қажет. Сонда ғана, зорлық-зомбылықтың қоршауынан шығамыз. Қысымсыз өскен өскелең ұрпақ -біздің жарқын болашағымыздың кепілі, – деді Фарида Алиакбарқызы.