Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек мерекесі – елдің берекесі

Еңбек мерекесі – елдің берекесі

Биылғы «Алтын дән» мерекесінің шиеліліктер үшін маңызы ерекше болды. Астықты жиып, қамбаға құйып, арқаны кеңге салған осынау мерейлі шақта аудан халқы ақын-журналист, қоғам қайраткері Дүйсенбі Смайыловтың – 90, даңғайыр диқан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың күріштен әлемдік рекорд орнатқанына 75 жылдық мерейтойларын атап өтті.
Той тартуы әдеттегінше жәрмеңкеден ­басталды. Аудан тұрғындары И.Құтпанұлы атындағы стадионда ауыл шаруашылық өнімдерін сатып алуға асықты. Базар нарығынан 15-20 процент төмен сатылған өнімдерге сұраныс жоғары болды. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, жәрмеңкеге 100,5 тонна өнім саудаға шықты. Жәрмеңкеде бақша дақылдары мен диірменнен шыққан биылғы күріш басым болды. Қаз-қатар тізілген ­сауда қатарында күріш – 280, сиыр еті – 1800, картоп – 130, жергілікті картоп – 140, баклажан – 150, пияз – 75, сәбіз – 140, қырыққабат – 80, қызылша – 180, қызанақ – 300, жүзім – 300, қияр – 300, болгар бұрышы – 180, жүзім – 300, алмұрт – 500, алма – 300, анар – 500, лимон – 1000, бал – 2000, балық – 1200, сары май – 2500, құрт – 2300, сүт 150 теңгеден сатылды. Әсіресе, қауын, картоп, ет, сүт өнімдеріне сұраныс жоғары болды. Базар бағасынан әлдеқайда төмен бағамен сатылған өнімдерді жұртшылық кезекке тұрып таласып алып, ет, сүт өнімдері ­сәскеге дейін өтіп кетті.
– Жәрмеңкенің боларын естіген соң, азанымен базарға келуге қамдандым. «Қыс шанаңды жаз сайла» дейтін халықпыз ғой. Картоп, сәбіз, жуа сынды өнімдерді арзан бағада қап-қабымен алып үлгердім. Қазір нарықтағы баға күн сайын құбылып тұр. Сондықтан қалтаға салмақ салмайтын жәрмеңкеде жергілікті өнімдерден көбірек алуға тырыстым, – дейді Базаркүл Есенгелдіқызы.
Аудан әкімі Н.Ахатов аудан тұрғындарын «Алтын күз» мерекесімен құттықтап, жәрмеңкедегі ауыл шаруашылық тауарлары өзге сауда орындарынан қолжетімді бағада сатылып жатқанына көз жеткізіп, халықтың хал-жағдайын сұрады. Келген қонақтар мен кент тұрғындары базар бағасынан төмен ауыл шаруашылығы өнімдерін алып, диқандарға алғыстарын білдірді.

Той төрінде диқандар
Бұл күні табиғат-Ана жомарттық танытып шуағын төге келді. Пейілін кеңге, қырманын дөңге салаған диқандардың төл мерекесі дән атасы Ы.Жақаевтың күріштен әлемдік рекорд орнатқанына 75 жыл толуымен қатар өрбіді. Ы.Жақаев саябағының төрінде дархан да жомарт күздің молшылық мерекесін сахналық көрініспен сомдаған аудандық мәдениет үйінің өнер ұжымы қолдарында кетпен-күрегі бар шәкірттерімен егіс алқабын аралаған Ыбырай Жақаевтың бейнесін ашқандай болды. Одан кейін Нартай Бекежановтың «Нартай бригадасы» ат арбамен егістік алқабында сырнайлатып жүрген сәті өткенді көз алдымызға алып келсе, егін жиналған маусым мен қамбаға құйылған дәннің көрінісін өрнектеген өнерпаздар жиылған қауымға керемет композиция ұсынды.
Тарихи тұлғаларды қайта халқымен қауыштырған қойылым соңы «Алтын дән» мерекесіне ұласты. Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі Нұржан Ахатов саналы ғұмырын мемлекетіміздің өркендеуіне, туған жеріміздің көркеюіне арнаған тұлғалардың есімі ұрпақ жадында мәңгі сақталатынын айтып, шиеліліктерді атаулы мерекемен құттықтады.
– Ардақты ағайын, қадірлі ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері! Баршаңызды «Алтын дән – 2022» мерекесімен және дала академигі Ы.Жақаевтың күріштен әлемдік рекорд орнатқанына – 75 жыл, ақын-журналист Дүйсенбі Смайыловтың – 90 жылдық мерейтойымен сіздерді шын жүректен құттықтаймын! Шиелі топырағында дүниеге келіп есімдері алтын әріппен жазылған тумысы бөлек тұлғалар, ұлтымыздың мақтан тұтар ұлылары жетерлік. 41 Еңбек Ері шыққан аудан диқандары қолайсыз ауа-райы мен облыс көлеміндегі су тапшылығына қарамастан үздіктер қатарынан көрінді.
Егін шаруашылығы бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін «Озат аудан» номинациясын қанжығаға байлады. Халқымыз «Егін бітсе, ел ырысы» дейді. Биылғы жылды да ауданның ауыл шаруашылығы саласының майталмандары табысты қорытындылады. Шиелілік диқандар уақытты тиімді пайдаланып, ұйымшылдықтың арқасында егілген егінді ысырапсыз жинап алды. Қырмандар қызылға толып, ел ырзығы артты. Жер-Ананың шиеліліктерге берген сыйы өткен жылғыдан кем болған жоқ. Бұл – зор жетістік, үлкен нәтиже. Егін жинау маусымын табысты аяқтаған дала еңбеккерлеріне аудан тұрғындары атынан зор алғыс білдіремін, – деді аудан әкімі.
Аталған тойға алыс-жақын аймақтардан қадірлі меймандар келіп, мерейтой аясында ұйымдастырылған «Алтын дән» мерекесіне қатысты. Олар ырысы артып, ынтымағы жарасқан Шиелінің жаңарған келбетіне сүйсінді.
Жалпы Шиелі ауданы бойынша егіс көлемі соңғы үш жылда 2376 гектарға ұлғайған. Ағымдағы жылы барлығы 30 074,4 гектар жерге егiс егіліп, негізгі дақыл күріштің көлемі 10 750 гектарды құрады. Қалған 19 324,4 гектары басқа дақылдар үлесінде. Күріш көлемі өткен жылмен салыстырғанда 1 289 гектарға дейін азайтылып, оның орнына әртараптандыру бағытындағы суды аз қажет ететін мал азықтық және майлы дақылдармен қатар көкөніс, бақша дақылдарының егіс көлемдері 1 858 гектарға ұлғайтылды.
Иә, диқан еңбегі – қашанда марапат мінберінің алтын тұғыры. Ауданның ауыл шаруашылығы саласын өркендетіп, тынбай еңбек еткен егінжай ерлері қашанда мақтауға лайық. Олай болса, мерейі тасыған еңбек озаттарының есіміне тоқталсақ. Олардың қатарында 800 га күріштің әр гектарынан 65 центнерден өнім алып, 5200 тонна Сыр салысын өндірген ең үздік I дәрежелі номинациямен «Төңкеріс К» шаруа қожалығының төрағасы Бауыржан Көпеев, 874 га күріштің әр гектарынан 65 центнерден өнім алып, 5681 тонна күріш өндірген үздік шаруашылық II дәрежелі номинациямен «Алтын дән – Шиелі» шаруа қожалығының төрағасы Асқар Бердібаев, 200 га күріштің әр гектарынан 60 центнерден өнім алып, қамбасына 1200 тонна күріш құйып, III дәрежелі номинацияны иеленген «Бестам елі» шаруа қожалығы Балтабай Қошқаров бар. Одан әрі жер құнарлығын сақтаған, егіннің бітік шығуына және ауыспалы егіс көлемін реттеп мол өнім алуға үлес қосқан «Жер Жомарт Д» шаруа қожалығының агрономы Әшір ­Рахымжан «Озат агроном», 700 га күріш егіп, одан 2800 тонна өнім алған, 250 га бидайдан 275 тонна, 250 га жоңышқадан 250 тонна өнім жинаған «Халық» шаруа қожалығының бригадирі Наурыз Тәжібаев «Озат бригадир», биылғы жылдың науқанында 240 гектар егісті жалға салған «Жаңағасыр» шаруа қожалығының жаткисі Аманжол Жүсіпов «Озат жаткист», 2000 тонна астық бастырып, жоғары нәтиже көрсеткен «Төңкеріс және К» шаруа қожалығының комбайнері ­Мархаббат Әзизов «Озат комбайнер», 60 гектар күріш егістігінің әр гектарынан 73 центнерден өнім өндіргені үшін «Заңғар» шаруа қожалығының звено жетекшісі ­Манарбек Бегалиев «Озат звено жетекшісі», 82 гектар күріш егістігінің әр гектарынан 60 центнерден өнім өндіргені үшін «Ақмая» шаруа қожалығының звено жетекшісі ­Азамат Тастанбеков «Озат звено жетекшісі номинациясын иеленді. Сондай-ақ, өнімнің судан қалмауын қадағалауға үлес қосқаны үшін «Бидайкөл» шаруа қожалығының су маманы Жомарт Қитанбаев «Озат су маманы», егін саласында жасаған салалы еңбегі үшін «Мырзаева» шаруа қожалығының механизаторы Ғалымжан Прманбетов «Озат механизатор», бидай дақылынан 50 гектар күздік бидай егіп, оның агротехникалық шараларын өз деңгейінде орындай отырып, әр гектарынан 20 центнерден өнім алып, жоғары нәтижеге жеткені үшін «Атамұра» шаруа қложалығының бидай өсірушісі Сұлтанбек Сәрекеев «Озат бидай өсіруші», көкөніс, бақша дақылдарынан жоғары өнім алғаны үшін «Мақсат» шаруа қожалығының бағбаны Мұхтар Шохаев «Озат көкеніс өсіруші», 170 гектар жоңышқа өсіріп, 345 тонна өнім алған «Алтын дән» шаруа қожалығының диқаны Қоңыратбай Рахман «Озат жоңышқа өсіруші», мақсары дақылынан 180 га мақсарыдан 162 тонна өнім алғаны үшін «Сейтжанов» шаруа қожалығының мақсары өсірушісі Әбілдахан Сейтжанов «Озат мақсары өсіруші», 1 гектар тарыдан 30 центнерден өніп алып, 3 тонна тары өндіргені үшін Ерғазы Маханбет «Озат тары өсіруші», атанып, марапат төрінен көрінді. Ал Сейтқасым Ермекбаев «Үздік гидротехник», Сәбит Парманқұлов «Үздік өсімдік қорғау маманы», «Өскен өңір» газетінің тілшісі ­Рамазан Әнәпия «Үздік тілші» номинациясын иеленді. Мұнан соң «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Д.Жұмбеков жалғыз басты ана Зәуре Кемеловаға тұрғын үйдің кілтін табыс етсе, механизатор Бағдат ­Шегебаев пен күрішші Бақтияр Баржақсиевке автокөліктің кілті табысталды. «Төңкеріс К» шаруа қожалығының төрағасы Бауыржан Көпеев үш азаматқа автокөлік сыйға тартса, «Алтын дән» шаруа қожалығының төрағасы А.Бердібаев екі азаматқа автокөлік мінгізді. Сонымен қатар облыс және аудан әкімдерінің Құрмет грамотасымен бірқатар сала мамандары марапатталды.
Мерекенің соңы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ұсынған концерттік бағдарламаға ұласты.
«Алтын дән» мерекесінің жалғасы түс ауа орталық атшабар алаңында дүбірлі ат бәйгесіне ұласты. Ауданға белгілі кәсіпкер Ә.Шорабевтың ұйымдастыруымен өткен додаға сәйгүліктің сырын білер азаматтар қатысты. Одан соң М.Шоқай алаңында қазақтың эстрада жұлдыздары А.Иманбаева, А.Оразымбетова, С.Ибрагимовтың қатысуымен гала концерт өтіп, арты от шашуға ұласты.

Шапағат ТІЛЕУБАЙ
26 қазан 2022 ж. 413 0