Іздегенге жұмыс бар
Жуырда Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Оған бірқатар сала басшылары, бөлім қызметкерлері, әртүрлі жұмыс берушілер және БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шараны аудан әкімінің орынбасары А.Жандарбеков ашып берді.
Іс-шараны аудан әкімінің орынбасары А.Жандарбеков ашып берді.
– Шарамыздың басты мақсаты – жұмыссыздықты жою. Бүгінгі жәрмеңкеге аудандағы мекемелердің өкілдері келіп, бос жұмыс орындарын ұсынуда. Тұрғындар сұраныс бойынша жолығып, жұмыс табуға болады. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне келуші әрбір азаматтың тұрақты жұмысқа орналасуына тілекшіміз. Сондықтан мұндай шараларды жиі ұйымдастыратын боламыз, – деді аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде.
Бүгінгі таңда жыл басынан халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеуші ретінде тіркелген азаматтардың 1260-сы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылса, 3154 азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына яғни, кәсіпкерлік курсы, грант, шағын несие әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, алғашқы жұмыс орны, ақылы қоғамдық жұмыс, ұрпақтар келісім шарты жобаларына тартылған.
Сондай-ақ, осы ұйымдастырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне аудан көлеміндегі 27 жұмыс берушілерден 148 бос жұмыс орындары ұсынылып отыр. Атап айтқанда, Уран өндіріс саласында, «Уранқуат» ЖШС, «ТТК-Шиелі», «РУ-6», «Pride LTD және Авангард ПГС» мекемелерінде көптеген жұмысшыларға сұраныс бар.
Айта кетейік, жыл басынан бері «Бастау-Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарынан өткен сертификаттары бар жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған 320 адамға 174 млн 444 мың теңге қайтарымсыз мемлекеттік грант берілген.
Одан бөлек 1142 азамат арқылы қоғамдық жұмыс орындарына, 357 азамат жастар практикасына, 91 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына, 22 азамат алғашқы жұмыс орнына, 11 азамат «Күміс жас», 5 азамат Ұрпақтар келісімшарты жобасына жұмысқа жолданған. Осы аталған жұмыспен қамту шараларынан кейін 101 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған.
Жиында жәрмеңкеге қатысушылар жұмыс берушілерден ұсынылып отырған бос жұмыс орындары туралы ақпарат алып, еркін түрде сұқбаттасып, өз сұрақтарына тұшымды жауап алды. Сонымен қатар аталған сала мамандары да өз қызметтерін көрсетіп, нақты шешім қабылдауға ықпал жасады. Жәрмеңкеде ұсынылған бос жұмыс орындары жұмыссыздық деңгейін төмендетуге сеп болады деп сенеміз.
Ш.Тілеубаев