Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерекедегі құрмет

Мерекедегі құрмет

Ынтымағы жарасқан, ырысы ортаймаған берекелі қоғамның сипаты ең алдымен, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейінгі азаматтарға жасалған қамқорлықтан көрінетіні анық. Әсіресе әлпетінен әрі, әлеуетінен әлі тайған үлкен кісілерге көңіл ерек.
«Еңбегіне қарай – құрмет, жасына қарай – ізет» деп білетін, қазақы қалпымыз қалыптасқан қоғамда қарияларды қадірлеу – қашаннан келе жатқан құнды, игі дәстүрдің бірі. Қазанның басында аталып өтетін Қарттар күнінің жыл өткен ­сайын маңызы артып, ауқымы кеңейіп келеді. Қариялардың қадірін ұқтыратын даталы күнге орай аудан әкімі Нұржан Ахатов Ұлы Отан соғысының ардагері Сәрсенбек Байжановтың отбасына барып, майдангерге құрмет көрсетіп қайтты.
Осы бір күні қазыналы қарияларымыз айналасындағы аяулы адамдарының жылы лебізін естіп, жүзінде шуақ ойнап, көңілі шалқып, мерейі тасып, бір жасап қалады. Жасы егде тартқан шағында ардақты ата-әжелеріміз сый-құрметке кенеліп, еңбегі еленіп жатса, нұр үстіне нұр. Үлкендеріміздің «Жасымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деп құлшылық етуінің мәні де осы болса керек-ті.
Аудан әкімі сұрапыл соғыстағы майдангерлердің көрсеткен ерліктеріне бүгінгі ұрпақ бас иетінін айта отырып, бізге бейбіт өмір сыйлаған қарт жауынгерге алғаусыз алғысын білдірді. Сондай-ақ, жеңісті жақындатқан жанға қазақы нақыштағы шапан жауып, арнайы диплом мен сый-сияпатын табыс етті.
Адамзат тарихында алапат жылдар ретінде ерекше орын алып, көптеген адамдарға қасірет алып келген қаһарлы соғыстың тұтанған алауының сөнгеніне биыл міне, 77 жыл толып отыр. Өкінішке орай, қазіргі таңда сонау ауыр күндердің дүрбелең оқиғасы жайлы естеліктер ғана емес, сондай-ақ оған қатысып, сіздер мен біздер үшін қасық қаны қалғанша күрескен батыр азаматтардың бүгіндегі – біздің ардақты ардагерлеріміздің де саны азайып бара жатыр. Сол себепті оларға барынша құрмет көрсету, тарихты түлету бізге артылған міндет.
Өз кезегінде ғасыр жасаған ардагер бүгінгі тәуелсіз еліміздегі бейбіт өмірдің қадірін ұғынып, оны қастерлеуін өтініп, ақ батасын беріп, ел мен жерге тыныштық тіледі.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
03 қазан 2022 ж. 184 0