Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КӨПІР ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАШАН БІТЕДІ?

КӨПІР ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАШАН БІТЕДІ?

Бұған дейін аудандағы 6 мектеп пен 6 балабақша көгілдір отынға қосылса, биыл бұл тізімге тағы 2 мектеп енгелі тұр. Ал жылу маусымына дейін тағы бір мектеп газға қосылады.
Сәрсенбі күні облыс әкімінің орынбасары Мархабат ­Жайымбетов ауданға арнайы келіп, бірқатар құрылыс нысандарымен танысты. Аудан әкімі Нұржан Ахатовпен бірге алдымен Жақаев ауылындағы №149 мектептің жылу қазандығына аялдады. Мұнда жылу жүйесін газдандыру жұмыстары жүргізілген. Мердігер «құрылыс аяқталды, енді тек құжаттарын рәсімдеу керек» деді. Облыс басшысының орынбасары 5 күн ішінде толық бітіруді тапсырды. Одан соң М.Жайымбетов Байсын елді мекеніндегі №207 мектеп құрылысының басына барды. Құрылыс жұмыстарына бүгінге дейін 180 млн теңге бөлінген. Жыл соңына дейін тағы да 220 млн теңге сұрап отырмыз деген құрылысшылар келер жылы нысанды пайдалануға береміз деп уәде берді. Айта кетейік, мектеп құрылысына бас-аяғы 942 млн теңге жұмсалады деп жоспарланған.
Кенттегі №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясының да жылу жүйесі газға ауыстырылмақ. Нысанды арнайы барып көрген Мархабат Жайымбетов:
– Жұмыстың сапалы болғаны маңызды. Осыған ерекше мән беріңіздер. Одан соң жылу маусымы басталамын дегенше газды жүргізіп аяқтау қажет, – деп нақты тапсырма берді.
Келесі аялдама – Бидайкөлдегі кіре беріс көпірдің құрылысы. Жобалық құны 217 млн теңгені құрайтын нысанның құрылысы аяқталуға жақын. М.Жәйімбетов құрылыс жұмыстарын бақылап, жұмысшылармен пікірлесті. Одан соң №148 мектептің бу қазандығын газды отынға ауыс­тыра отырып реконструкциялау жұмыстарымен танысты.
Тура Бидайкөл ауылындағыдай көпір Ә.Тәжібаев елді мекеніне кіре берістен де соғылып жатыр. Екеуінің құрылыс жұмыстарымен айналысып жатқан да бір мекеме. Бірақ Телікөлдегі каналдың су деңгейі жоғары болғандықтан құрылыс тоқтап тұр. Соған қарамастан жұмысшылар қараша айына дейін нысанды толық аяқтаймыз деп уәде берді.
Облыс әкімінің ауданға сапары Жөлек ауылдық округі, Жуантөбе ауылында аяқталды. Мұнда кіре беріс автомобиль жолын күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтау үшін облыстық және аудандық бюджеттен қосымша қаржы сұрап, өтінім берілген. Мархабат Жайымбетов жұмыс барысымен жіті танысып, сала мамандарына нақты тапсырмалар берді.

Гүлхан ЯХИЯ
Сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ

29 тамыз 2022 ж. 495 0