Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстан теміржолына – 25 жыл!

Қазақстан теміржолына – 25 жыл!

Биыл Қазақстан теміржолы 25-ке толды. Әр жылы тамыз айының алғашқы күндері тойланатын айтулы күн дәстүрден жаңылмай ұмыт қалған жоқ.
Теміржол саласының 25 жылдық тарихында жеткен жетістіктері аз емес. Айта кетер болсақ, осы уақытқа дейін 2 мың шақырымдық теміржол салынды. Бұл күнделікті темір жолдың күре тамырына жан бітіріп, өлшеусіз үлес қосып жүрген барша қызметкерлердің ерен еңбегі.

Аудандағы 118 жылдық тарихы бар станцияда 63 адам қызмет атқарады. Оның ішінде машинист та, көмекші тепловоз жүргізетіндер де жетерлік. Жалпы теміржол – экономиканың күретамыры. Ел игілігі үшін күн-түн демей үлкен істер атқарып жүрген машинистердің өнегелі істері кімге болса да үлгі боларлықтай. Ел іші мен көршілес жатқан мемлекет арқылы әлемнің барлық елінен келетін және тасымалданатын түрлі жүкті діттеген жеріне уақытында әрі дұрыс жеткізуде теміржолшылардың атқарып отырған қызметі аса ауқымды. Сол мыңдаған тонна жүк тиелген пойыз құрамаларын сүйрейтін отарбаларды басқаратын машинистердің міндетінің мәні мен мәртебесінің орны бөлек.
Иә, осындай мерейлі мерекеде сала мамандарының мерейі үстем болып, республикалық «Ел Құрметі» қоғамдық қорының атынан сый-сыйпат жасалып, мерекелік дастархан жайылды.
Экономиканың дамушы секторына айналған Қазақстанның теміржол саласы соңғы кездері өндірістік және техникалық әлеуеті жағынан едәуір өсіп-өркендеген. Күні бүгінге дейін 140 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, шалғай ауылдардың тұрғындары сәні мен салтанаты келіскен қалаларға тез жетудің жақсылығын теміржолдан көріп отыр.

С.МАДИЯРОВА
05 тамыз 2022 ж. 954 0