Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Теміржол тарихынан сыр шертетін мұражай ашылды

Теміржол тарихынан сыр шертетін мұражай ашылды



Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл теміржол бөлімшесінің тарихы «Түркісібпен» тікелей байланысты. Ал Қазақстан темір жолының 110 жылдық тарихы бар. Аймақтағы теміржолшылар өміріне қатысты құжаттар мен деректер бұған дейін Жамбыл локомотив пайдалану депосының ғимаратындағы мұражайда сақталып келген.

Жамбыл темір жол бөлімшесінің директоры Берік Ақшаловтың қолдауымен, бөлімшенің әкімшілік ғимараты аумағында орналасқан мекенжайдан жаңа мұражай ашылды.
«Музей ішіндегі мәжіліс залының реконструкциялық жұмыстарына көп күш, материал жұмсалды. Сондай-ақ, музей жәдігерлері де оңайлықпен жинала қоймады. Біз мұнда темір жолға қатысты барлық мамандықты, оның атқарған жұмысын көрсетуге, қамтуға тырыстық. Көне де құнды дүниелер таптық. Ұлы Отан соғысына қатысқан теміржолшылардың да майдандағы ерліктерін қамтуға күш салдық», - дейді Берік Ақшалов.
Мұнда сонау «Түркісіб» магистралінің құрылысы кезінен сақталған көне заттар, сол кезде түсірілген фотосуреттер топтастырылған. Әсіресе, 1937 жылы «Түркісіб» теміржол басқармасынан теміржолшы Миржали Оңласыновқа берілген паровоз жөндеушісі куәлігінің түпнұсқасы айрықша қызықтырады.
Сондай-ақ, Түркістан-Сібір теміржол басқармасы қызметкерінің жұмыс үстелі және ондағы «Қызыл жұлдыз», Ленинград әлсіз токты зауыттарының электротехникалық тресінен 1937 жылы шығарылған телефон аппараты, сол замандағы патефон, көне сүймен, жол маманының балғасы, шеге сынды құрал-саймандар, басқа да тарихи құнды жәдігерлер бар. 1887, 1888, 1907, 1916 жылдардағы рельстер кесінділері де кешегінің көзіндей. Ал Ұлы Отан соғысына қатысқан теміржолшылар бұрышы тағылымымен баурайды.


04 мамыр 2019 ж. 1 127 0