Бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы еселенеді

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаевтың сөзінше, қазіргі таңда халықтың табысын арттырып, жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында үш негізгі бағыт бойынша салалық жұмыс жүргізілуде. Біріншісі – жаңа жұмыс орындарын құру, екіншісі – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, үшіншісі – еңбек ресурстарының біліктілігін арттыру және жастардың кәсіптік бағдарлануын қамтамасыз ету. Бұл шаралар өз кезегінде жыл соңына дейін 31 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құруға сеп болмақ.
Ал жалпы алғанда облыс көлемінде 6 айда 11 мың 836 жаңа жұмыс орны құрылған. Бұл жылдық жоспардың 41,6 процентін құрайды. Оның ішінде «Өңірлік жұмыспен қамту» картасында бекітілген Ұлттық жобалар шеңберінде 559 жұмыс орындары құрылыпты. Сондай-ақ басқарма басшысының айтуынша, 25 шілдеден бастап «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері курстарына оқыту басталған. Бүгінгі күнге өз бетінше онлайн форматта 359 адам 14 күндік оқуға кірісіп кеткен. Оқуды аяқтағаннан кейін аталған азаматтар кәсіп ашуға берілетін қайтарымсыз грант алу үшін онлайн түрде өтінім бере алады.
Айта кетейік, биыл облыс бойынша 3 мың 437 адамға қайтарымсыз несие берілмек. Гранттар негізінен: 18-бен 28 жас аралығындағы жұмыссыз жастарға; көп балалы тұлғалар-көп балалы жәрдемақы алушыларға; қоныс аударушылар және олардың еңбекке қабілетті отбасы мүшелеріне; мүгедек баланы тәрбиелеуші жәрдемақы алатын адамдарға; атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы мүшелеріне; асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша жәрдемақы алушыларға; қандас мәртебесі бар адамдарға; мүгедектерге беріледі. Сондай-ақ комиссия мүшелері гранттарды тағайындау барысында: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, жаңа жұмыс орындарын құру секілді критерийлерге басымдық береді.
Рамазан ӘНӘПИЯ