Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Гежуба Шиелі Цемент» зауыты үздік атанды

«Гежуба Шиелі Цемент» зауыты үздік атанды

Жұма күні Қызылорда қаласында «Қазақстанның үздік тауары – 2022» өңірлік көрме-байқауы өтті. Оған облыстың түкпір-түкпірінен 60-тан астам тауар өндірушілер қатысып, байқауға Шиелі ауданының атынан қатысқан «Компания Гежуба Шиели Цемент» ЖШС арнайы номинация жеңіп алды.
2006 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан байқаудың негізгі мақсаты – ел нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен толықтыру, халық арасында сапа идеясын кеңінен таныту болып табылады, – дейді облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы өкілдері.
Ал биылғы байқауға келер болсақ, оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшелері, қаржы институттарының өкілдері мен аймақ кәсіпкерлері, сондай-ақ облыс тұрғындары қатысты. Көрме-байқауы үш номинация бойынша жүргізіліп, сараптамалық топтың анықтауымен:
1) «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша цемент өнімдерін шығаратын «Компания Гежуба Шиели Цемент» ЖШС, мұнай өндірісіне арналған қондырғылар шығаратын «Новомет-Казахстан» ЖШС, поливинилхло­рид және төменгі қысымды полиэтилен құбырларын шығаратын «Казахстанская Нефтехимическая Компания Кемикал» ЖШС-нің Қызылорда филиалы жеңімпаз атанды. 2) «Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациясы бойынша ұлттық киімдер тігумен айналысатын жеке кәсіпкер «Aiman Abdi», құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын «ВЕГА-Пром» ЖШС, жиһаз дайындайтын «Алис трейд Казахстан» ЖШС үздік деп танылды. 3) «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша өңделген ет, сүт, көкөніс өнімдерін шығаратын «Аруана Агролидер» ЖШС, күріш және күріш өнімдерін өндіретін «Асыл дән LTD» ЖШС, өнделген балық және балық өнімдерін өндіретін «Қарашалаң Сервистік Дайындау Орталығы» ЖШС топ жарды.
Айта кетейік, үздік деп танылған 9 өңірлік тауар өндіруші енді республикалық байқауға қатысады.

Рамазан ӘНӘПИЯ
19 шілде 2022 ж. 870 0