Ескерткіштер тарих сырын ашады

Шиеліде өткенімізден сыр шертетін, дара тұлғалар өмірінен тың мағлұмат беретін тарихымыздың өшпес бір бөлігі іспеттес ғимараттар мен ескерткіштер жеткілікті. Аудан көлемінде мемлекеттік қорғау тізіміне енгізілген 49 тарихи, мәдени ескерткіштер сақталып, олар қорғауға алынған. Бұл салада «2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы туралы» ҚР Президентінің 2004 жылғы 13 қаңтардағы Жарлығына сәйкес ауданда көптеген жұмыстар атқарылды. Шиеліде орналасқан Асан ата, Оқшы ата мазарлары, теміржол вокзал үйі (ХХ ғ), М.Шоқай ескерткіші, Бала би, Досбол би кесенелері, Есабыз қабірі, Н.Бекежанов ескерткіші, Ш.Есенов бюсті, Ы.Жақаевтың қабіріне қойылған ескерткіш бюсть, «Даңқ» мемориалы, Жаназар батыр, Құлтан, Мақұлтам, Тәжібай, Бәкі, Ахмет Ишан, Оразай ишан кесенелері, «Сауысқандық шатқалындағы жартастағы бейнелер» жазбасы, «Рабат-3» бекіністі мекені, су қыспақты мұнара, Бақты ата мазарлары көне тарихымыздың көзден кетпес керемет жетістіктері болып табылады. Бұл – кейінгі өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие беретін мәдениеттің қайнар бұлағы.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары А.Әбілқасымұлы ашып беріп, атаулы күннің маңызы мен құндылығына тоқталып:
– Дөңгелек үстелдің басты мақсаты – аудандағы тарихи-мәдени мұраларды пайдалану, қорғаудың жай күйі, оларды жақсарту жолындағы көкейкесті мәселерді шешу. Жас ұрпақты тарихи құндылықтарымызбен таныстыру, тарихи ескерткіштеріміз бен мәдени мұраларымызды қастерлеп сақтауға, құрметтеуге шақыру, – деді.
Одан соң облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің ғылыми қызметкері Гүлжан Бахрамова сөз алып, ескерткіштерді қорғау жайлы баяндаса, «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау жөніндегі» әдіскер – Айнұр Шахиқызы ескерткештердің маңыздылығына тоқталды.
– Шиелі ауданы бойынша 49 ескерткіш пен тарихи-мәдени мұра объектілері мемлекет қорғауына алынған, олардың 3-і республикалық, 28-і жергілікті маңызы бар объектілер. Ал 18 нысан тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала тізіміне енгізілген. Кент, ауылдық округтерде орналасқан ескерткіштердің жай-күйіне мониторинг жүргізіліп, күтіп ұстау жөнінде тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізіліп отырады. Қолданыстағы заңдылықтар негізінде бүгінгі күні аудан көлеміндегі 48 ескерткішке қорғау тақталары орнатылып, төлқұжаттары рәсімделген, – деді.
Аудандық «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау жөніндегі» әдіскер Айнұр Шахиқызының сөзіне сүйенсек 2019 жылы аудандық бюджеттен 1 160 000 теңге қаржы қаралып, ЮНЕСКО-ның алдын-ала тізіміне енгізілген «Сауысқандық шатқалындағы жартастағы бейнелер. Б.з.д. ІІ мыңжылдық» ескерткішіне төрт жағынан қорғау аймағының шекарасын білдіретін белгілер және 3-ескерткіштерге (Алма Қыраубаева, Шахмардан Есенов бюстілері мен Иманжүсіп Құтпанұлы ескерткіші) төлқұжаттары жасалып қорғау тақталары орнатылып жұмыстар толық аяқталған. Ал 2020 жылға аудандық бюджеттен 759 000 теңге бөлініп жергілікті маңызы бар археологиялық Ақтөбе қалашығы (Ортақшыл ауылдық округі Жансейіт ауылынан оңтүстік – батысқа 8 шақырым,) мен Қызылтам қалашығы 5 шақырымда орналасқан ескерткіштердің қорғау аймақтарының құрылыс салуды реттеу және қорғалатын табиғат ландшафт аймақтарын белгілеу жұмыстары жүргізілген. Одан соң, биыл жергілікті бюджеттен 7 560 000 теңге қаржы қаралып, Сұлутөбе ауылдық округінің орталық саябағында орналасқан «Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға қойылған ескерткішке (1985 ж.)» қайта жаңғырту жүргізу жоспарланып, қазіргі таңда тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті.
Ескерткіш төңірегінде проблеамалық мәселелер де жоқ емес. Мәселен, Оқшы ата қорымында орналасқан жеті әулие санатына жататын жергілікті маңызы бар екі ескерткіштердің (Ғайып ата, Қыш ата қабірлері) 2021 жылға жергілікті бюджеттік комиссияға тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жоспарлау негізінде бірінші кезекте жобалық – зерделеу құжаттамасы (ПИР) дайындалып, жобалық-сметалық құжаттарын дайындау жұмыстарына 2 000 000 теңге қаржы бюджеттік өтінім ұсынылды. Алайда осы күнге дейін қолдау таппаған. Одан кейін археологиялық ескерткіштер бойынша Еңбекші ауылдық округінде Сауысқандық шатқалындағы жартастағы бейнелер кешеніне асфальтті жол, аялдама, тұрақ, орнату және ескерткіштер панорамасына қауіпсіз жаяу жүргінші жол, алаңдар салу жұмыстары жүргізілсе деген ұсыныстар айтылды. Айтылған мәселелер алдағы уақытта да назарда болады.
Әрбір ескерткіш пен тарихи орындар ата-баба дәстүрінің қазығы, ұлтты тану, тұлғаны дәріптеу құралы екені анық. Олай болса, ескерткіштерімізді қорғап, қастерлеуді жалғастыру маңызды...
Ш.Тілеубаев