Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КЕНЕДЕН КЕЛЕР КЕСЕЛ КӨП

КЕНЕДЕН КЕЛЕР КЕСЕЛ КӨП

Көктем келіп, күн жылынғандықтан, барлық тіршілік біткен жанданып, қозғалыс үстінде болады. Сол ұйқыдан оянған тіршілік иелерінің қатарында кене де бар.
Бала кезімізде қауіпті саналмайтын бұл жәндік, қазіргі таңда адам өмірін қиып кететін қауіпке айналды. Себебі қазіргі кенелер анау-мынау емес, адам өмірін жалмайтын қауіпті індеттердің бірі. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын таратушы болып отыр. Сондықтан аймақта жыл сайын Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруы таралатын қолайсыз елді мекендер тізімі жасалып, залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Биыл да бұл дәстүр жалғасын тауып, алдымен Шиелі кентіне, содан соң 15 елді мекендердегі мал бастары мен қораларға, суаттар мен шаңлақтарға 2 рет кенеге қарсы қоспалар себілмек. Жалпы себілетін препараттың көлемі 2 мың 277 литр. Ал тізімдегі елді мекендер қатарында Қарғалы, Бидайкөл, Қосүйеңкі, Досбол би, Бәйгеқұм, Еңбекші, Керделі, Майлытоғай, Ә.Тәжібаев, Бірлестік, Тұрсынбай Датқа, Алмалы, Жиделіарық, Ш. Қодаманов, ­Бестам ауылдық округтері бар.
– Кенеге қарсы улау жұмыстарының тиімділігі мал қораларының механикалық жағдайына да байланысты болатындықтан, залалсыздандыру жұмыстары басталар алдында қора-жайлардың қилар мен қоқыстардан тазартылғаны дұрыс. Өйткені, тазартылмаған қораларға улау жұмыстары жүргізілмейді, – дейді сала мамандары.
Сондықтан ауылдық округ әкімдері тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын күшейтіп, тұрғын үй аумағында жиналып қалған күл-қоқыстарды белгіленген қоқыс полигондарына шығару керектігін ескертуі тиіс.Бұл арқылы дезинсекция жұмыстарының тиімділігі артпақ. Тағы бір айта кетерлігі залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатқанда және аяқталғаннан кейін жабық қора ішіндегі жануарларды сыртқа шуғару керек. Олай болмаған жағдайда қора ішінде қалып қойған мал кенеге қарсы препараттардың кесірінен уланып қалуы мүмкін.

Ескерту!
Залалсыздандыру жұмыстары 11 сәуір күні Шиелі кентінде бастау алып, ауылдық округтерде жалғасын табады. Өз елді мекеніңізде залалсыздандыру жұмыстары қай күні өтетінін білгіңіз келсе ауыл әкімдігіне хабарласқаныңыз жөн.

Рамазан Әнәпия
11 сәуір 2022 ж. 796 0