Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кенеден келер қауіп көп

Кенеден келер қауіп көп


Аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Апетовтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия отырысы өтіп, онда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу шаралары қаралды. Бұл жиынға Қызылорда облысының санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымовамен барлық елді мекеннің әкімдері, сала мамандары қатысты.
Жер аяғы жібіп, күн күрт жылитын көктем айлары адам мен үй жануарлары үшін аса қауіпті саналатын кенелердің көбейетін кезі. Жауапты мамандар нақ осы кездерде сақтық шараларын қатаң сақтауды ескертеді. Облыс аумағы конго-қырым қызбасына қатысты қолайсыз аймаққа жатады. Сол себепті де жыл сайын көктемде зиянды жәндіктерге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүреді. Облыста 113 елді мекен қолайсыз аймақ ретінде белгіленсе, оның 14-і Шиелі ауданына қатысты. Оған биыл аудан бойынша 2 елді мекен қосылған. Атап айтар болсақ Бірлестік пен Еңбекші елді мекендері. Осы наурыз айынан бастап энтомолог мамандары барлау жұмыстарымен кене жинауды бастады. Ауру ошағынан 22 кене жиналып, зертханалық зерттеуге алынды. Жиналған кенелердің ішінде 10 сынамадан «оң»нәтиже анықталып, кенелердің зақымалу көрсеткіші 2,4 процентті құраса, өткен жылдың осы мерзімінде 4 сынама «оң» нәтиже беріп, көрсеткіш 1,2 процентті құраған болатын. Яғни КҚГҚ-ның қоздырғышымен зақымдалған кенелер саны өсіп отыр.
Дегенмен, кенеден зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінгендер саны өткен жылдан төмен. Осы биыл тұрғындар арасында 11 адамды кене шағып, медициналық көмекке жүгінген. Яғни, тұрғындар арасында күмәнділік, сақтық төмен. Оған дәлел осысәуір айында кене шағу фактісі бойынша Шиелі ауданындағы Майлытоғай ауылынан 1 күдікті науқас анықталса, екінші жағдай Ш.Қодаманов ауылынан анықталып, аудандық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Шиелі аудандық эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Манзура Сүйіндікованың айтуынша, 16 елді мекеннің ауылшаруашылық малдары мен мал қораларын механикалық тазартып, кенеге қарсы залалсыздандырып, «Креолин Х» сұйық дәрісі қолданылғанын айтты. Бұл дәрінің кенеге қарсы белсенділігі күшті. Ауданда залалсыздандыру жұмыстарына 4 автокөлік жұмылдырылған. Бұл жұмыстарды 12 адам жүзгеге асырды. Алдағы күндері кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп, алдын алуға барынша күш салатынын жеткізді.

Шапағат Тілеубаев
05 мамыр 2021 ж. 550 0