Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кенелер қауіпті

Кенелер қауіпті

Сәрсенбі күні Шиелі ауданында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының таралуын алдын алу мақсатында жыл сайын жоспарлы түрде жүргізілетін дезинсекция жұмыстары басталып, оған ауылдық округ әкімдері, санитарлық эпидемиялогиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлзада Әйтекеева, ауданаралық аурухананың бас дәрігері Нұрлан Әмір, бірқатар бөлім басшылары мен аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Апетов қатысты.
Жыл сайын көктем-күз айларында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдын алу мақсатында елді-мекендерде кенеге қарсы арнайы мекемелермен залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Жиында аудан әкімінің орынбасары Е.Аптетов кент және ауылдық округ әкімдеріне, осы жұмыстарды жүргізетін мамандарға тиісті іс-шараларды нақты орындап, залалсыздандыру жұмыстарының уақытылы жүргізулеріне қолдау білдіруді тапсырды. Айта кетейік, қазіргі таңда Шиелі ауданында 16 елді-мекен қолайсыз аймақтар қатарына енгізілген. Аудан аумағында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының табиғи ошағында қоныстанған аудан тұрғындары мен ауылдық округтерде санитарлық тазарту жұмыстары басталды. Сондай ақ, 5819 қора мен 212 суатты жерлерге тиісті жұмыстар жүргізілмек.
Ал, санитарлық эпидемия­логиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлзада Әйтекеева тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын күшейтіп, тұрғын үй аумағында жиналып қалған күл-қоқыстарды белгіленген қоқыс полигондарына шығару керектігін ескертті. Бұл арқылы дезинсекция жұмыстарының тиімділігі артпақ. Конго Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының негізгі тасымалдаушысы иксод кенелері. Сондықтан, адамдар арасында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруы кенелердің белсенділігі артқан кезде жиі кездеседі. Аурудың белгілері: Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруы аяқ астынан тез басталады. Басталуы кез келген вирустық инфекцияда болатын белгілермен сипатталады-дене қызуының күрт көтерілуі, бас ауруы, тамаққа тәбетінің болмауы, буын мен белдің сырқырау. Келесі күні лоқсуы, құсуы, іші өтуі, беті ісініп, қызаруы мүмкін. Ауру одан әрі дамыған жағдайда науқастың мұрнынан, қызыл иегінен, ине салған жерлерінен, ішектен, тағы басқа жерлерден қан кете бастайды, тері бөртпелері және тері астына қан құйылу арқылы көкала дақтар пайда болады. Қазіргі уақытта ҚҚГҚ ауруын емдеу әдістері тиімді нәтиже беруде. Сондықтан, егер сізді кене шағып алған болса, міндетті түрде тұрғылықты жер бойынша емдеу мекемесіне көмекке жүгініңіз. Медицина қызметкерлері сізге 14 күн бойы бақылау жүргізеді. Сондықтан кенелер құмдағы мал жайылымдарында, мал қораларда, малдарда болғандықтан механикалық тазарту жұмыстары осы аталған аумақтарда жүргізілетін болады.

Шапағат Тілеубаев
24 қыркүйек 2021 ж. 456 0