Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Нарық тарықтырмасын

Нарық тарықтырмасын

Әлем желіні ашсаңыз, азық-түлік дүкендеріндегі ұзын-сонар кезекте тұрған халықты аңғарасыз. Әлемдегі ахуалдан хабардар халық ертеңін ойлап, дүкен сөрелерін босатып та үлгерді.
Бақылау барысы
Дүйсенбі күні таңертең аудан әкімінің орынбасары А.Жандарбеков, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Баймұратова және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы М.Әшірбеков, «Өскен өңір» газетінің бас редакторы, мәслихат депутаты Н.Пірімбет, кәсіпкерлік бөлімінің басшысы А.Есімов құрамына кіретін мониторингтік топ базардағы бағаны бақылауға шықты. Ірі сауда орындары мен көтерме сауда дүкендерін және базар ішін аралап, азық-түлік бағасын зерделеді.
Хакім Абай айтпақшы «Базарға қарап тұрсақ, әркім барар». Бірі – тұтынушының, енді бірі – ұсынушының рөлінде. Тауардың түгі қалмай өтіп кеткенін қалайтын саудагерлер келушінің көңілінен шығуға барын салуда. Ал қымбатшылық қалтамды қақпай ма деп алаңдаған тұтынушылар қажетті азық-түлікті іздеп, дүкендерді аралап жүр. «Arzan», «Нұр», «Аян», «Арсен», «Нұрислам», «Қазына» сауда орталығына бас сұққан топ, ондағы азық-түлік қорына көз салды. Қант пен шекердің қоры азайып кеткен. Тек санаулы дүкендерден ғана кездестірдік. Ұнға да сұраныс жоғары. Ал қалған заттардың барлығы да бар. Сау­­дагерлер ауданға 3 жүк көлігімен ұн келе жатқандығын тілге тиек етіп, халықтың алаңдауына себеп жоқтығын айтады. Тек бұрынғы бағасынан 200 теңгеге қымбаттауы мүмкін деп отыр.
Мән-жайды сараптаған аудан әкімінің орынбасары А.Жандарбеков «Жағдайды бақылауға алдық. Азық-түлік тапшылығын болдырмауға тырысамыз. Кәсіпкерлер сырттан 90 тонна ұн, қант, май алдырып жатыр. Сондықтан әлеуметтік желіде елді дүрліктірудің қажеті жоқ. Дүкен иелеріне заттарды шектік мөлшерде сату ұсынылды» деді.

Халық
– Базардағы баға күн санап қымбаттап барады. Азық-түлік қымбаттайды деген сыбысты естіген соң, тамақты көбірек алып қоюға тырысып жатырмыз. Қазір қант қат болып тұр. Келісі 500 теңге болды. Бірақ, көп дүкендерде таусылып кетті. Таппай жүрген адам көп. «Нұрислам» көтерме сауда орнынан 10 келісін 5000 теңгеге алдым, – дейді кент тұрғыны Г.Асанқызы.
Ал енді бірі бағаның құбылуына өзіміздің пиғыл әсер етуде деген ой білдірді. «Халықтың құлағына қымбатшылық туралы жетсе болды, дүкендерде түк қалдырмай арқалап кетеді. Жаңа ғана бір адам бір отбасы үшін 4 қап ұн, 2 қап шекер, 5 л пісте майдан 5 дана сатып алды. Оны көрген екінші бірі дәл соны қайталады. Осыдан келіп, сөредегі заттар азайып, азық-түлік жоқ деген шу шықты. Бір отбасы үшін 1 қап ұн, 1 қап шекер, 5 л сұйық май келер айға дейін жетеді емес пе? Қарақан басымызды ойлап, өзгеге зиян тигізбесек қайтеді. Жапа тармағай азық-түлік алуға шыққан адамды көрген соң, саудагерлер де әп-сәтте бағаны құбылта қояды. Жоқшылықты қолдан жасамайық» – деді кент тұрғыны Қ.Құлманова.
Иә, халық арасында сан алуан пікір бар. Оның бәрін жеткізе алмаспыз. Алайда, саудагерлерден де ынсап кетпегені жөн шығар. Арнайы тексеріс барысында айтылған баға бір бөлек, халыққа сатылған баға ол бөлек деген сыбысты да құлақ шалды.

Көрші аудандағы ахуал қалай?
Көршісінің халін сұрамай іс бастамайтын қазақы қасиетіміз бар емес пе? Өзіміздегі нарықты білген соң, Жаңақорғандағы бағаны да салыстыра кеткенді жөн көрдік. Дәл қазіргі уақытта тапшылығы сезілген қанттың келісі бізде – 500 тг болса, Жаңақорғанда 550 теңге, 1 сортты бидай ұнының келісі –190-194 тг болса, көрші ауданда – 180 тг көрсетіп тұр. Яғни нан бағасы Шиеліде 100 тг болса, Жаңақорғанда 90 теңгеден сатылуда. Пияз, картоп, сәбіз бағаларында да 20-30 теңге артықшылық бар.

Доллар өсті дегенше...
Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс экономикаға салқынын тигізбей қоймады. Сарапшылардың пікірінше, доллардың шарықтауының басты себебі — геосаяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты болып отыр. Ресей рублінің айтарлықтай әлсіреуінің кесірі (1 АҚШ доллары 85 рубльден жоғары) теңгенің де құнының төмендеп кетуіне әсер етуде. Өйткені Ресей Қазақстанның негізгі сауда серіктесі болып саналады. Ресейге салынған санкциялар Қазақстанның да валюта нарығын тығырыққа тірегені белгілі. Көрші елдің SWIFT жүйесінен ажырауы ең алдымен Ресейдің біздің елмен қаржы аударымын жасай алмауына әкеп соғады. Ал қаржы айналымында ақау болған соң, тауар тасымалы тоқтайды.

Өзіміз өндірмейінше баға да түспейді
Қымбатшылық қайдан шықты демеңіз. Айтайын дегеніміз, қандай қоғам болса да оның әрбір мүшесі сол қоғамды дамытуға үлес қосып, адал еңбек етуге міндетті. Сонда ғана қоғам жалпыға жайлы ортаға айналады. Демек, бұл жерде ең басты көрсеткіш – еңбек болып отырғаны айдан анық. Бұл қағида бүгінгі біз тап болған капиталистік қоғамға да тікелей қатысты.
Өзіміз күнделікті қолданып жүрген, дамыған экономика дегеніміз де сол еңбектің жемісі. Еңбектің де еңбегі бар, оның түрлері жетерлік. Сол айтулы экономиканың өзегі – өндіріс болып табылады. Халық тұтынатын тауарлардың барлық түрі, тіпті қару-жараққа дейін өндіріске жатады, оның ішінде шикізатты өңдеу саласы да. Ал, осының бәрін өзіміз өндірмей, шетелден сатып алу қыруар шығынды талап етеді. Базардағы баға да түспейді. Ең бастысы ол – өзге елдің экономикасын дамытуға жұмыс істеу деген сөз. Отандық өндірісімізді өркендетуге бізде жағдай мен мүмкіндік жеткілікті. Ең бас­тысы – шикізат іздеп шетке жүгірмейміз. Жер үсті мен жер қойнауының байлығы баршылық, тек қана ұқсата білу қажет, таза ниет керек. Кен атаулының түр-түрі бар, бірақ оны өңдеп халыққа қажет тауарлар шығаруды дұрыс жолға қоя алмай жүргенімізді ашық мойындағанымыз жөн. Өкінішке қарай, біз осы жағынан ақсап жатырмыз. Содан да біздің еліміз шикізатқа тәуелді болып отыр. Әзірге қазба байлығымызды тек шикізат күйінде сыртқа сатып кіріс табумен шектелудеміз. Ал сол шикізаттан түрлі тауарлар жасап экспортқа шығарсақ мол байлықтың астында қалар едік. Нәтижесінде, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы артып, тұрғындарымыз байлы-бақуатты өмір сүріп, табысы өсіп, сатып алу қабілеті де көтерілетін еді. Бұл жағынан алғанда біз мақтана алмаймыз.

Тапқаны тамағынан артылмайды
Есіңізде болса, өткен жылы қазақстандықтар жалақысының жартысын тамаққа жұмсайтыны туралы қызу талқы болған. Республикамыз айлық ақының тамаққа жұмсалатын бөлігі жайлы Еуропа елдері арасында жасалған рейтингте соңғы орын алған. Негізі, отбасының азық-түлікке кететін шығынының үлесі негатив көрсеткіш саналады. АҚШ, Сингапур, Ұлыбритания, Ирландия, Канада, Швейцария, Аустралия, Аустрия сынды елдерде азық-түлік себеті барлық шығынның 10 процентінен де аз. Бұдан байқайтынымыз, ел неғұрлым дамып, байыған сайын шығынының тамаққа кететін үлесі азая береді. Ал біздегі ахуал бұдан мүлдем басқаша. Себебі бір айда тапқан табысының жартысынан астамын тамаққа жұмсауға мәжбүр болып отыр. Бұл дегеніміз – соның кесірінен ақша жинауға, кәсіп ашуға кедергі келтіреді. Қазақстандықтар табысының 2,4 прцентін – ішімдік пен шылымға, 2,9 процентін – кафе, мейрамхана, қонақүйлерге, 1,7 процентін демалысқа шығындайды екен. Үлесі өте аз. Ал көп бөлігі – бүгінгі айтып отырған мәселеміздің еншісінде. Мұны өзгерту үшін бағаны тұрақтандыру, қорға жинау, жеңілдетілген қарыз беру сынды іс-шара жеткілікті ме? Жыл сайын кезіге беретін бұл мәселені жауапты министрлік қалай шешер екен?

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
15 наурыз 2022 ж. 340 0