Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шиелі каналы қайта қалпына келтіріледі

Шиелі каналы қайта қалпына келтіріледі

Жалпы, Шиелі ауданында 12 шаруашылық аралық каналдар, 1 магистральді канал және 32 гидротехникалық құрылыстар, ұзындығы 256 шақырым болатын алты қашыртқы бар. Аталған 12 шаруашылық аралық канал елдің игілігіне жарап тұр десек, жалғыз ғана магистарльды каналдың сағасы топырақ пен қоқысқа толып іске аспай тұрғанына бірнеше жыл болды.
Су – өмір өзегі, тіршілік көзі. Жер-Ана жаратылғалы бері оны алмастыратын балама болған емес, болмайды да. Бірақ, қазір бүкіл жер бетінде судың тапшылығы айқын байқалуда. Бұл туралы ғалымдар мен мамандар ескертіп, ұдайы дабыл қағып келеді. Осы орайда Шиелі ауданында су тапшылығын болдырмау мақсатында біршама жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылуда.
Бүгінде Жаңа Шиелі магистральды каналаның сағасын асар әдісімен тазалау жұмыстарына барлық шаруашылықтар белсене атсалысып, ерекше қолдау білдіруде. Қазіргі таңда канал сағасын тазарту үшін үш экскаватор, екі жүк тиейтін көлік жұмылдырылған. Қарқынды жұмыстардың арқасында осы уақытқа дейін 500 метр аумақтағы 48 мың куб топырақтың 30 мың куб топырағы алынған. Енді 18 мың куб топырақ тазаланбақ.
Сондай-ақ бұл жұмыстардан бөлек биыл ауданға 12 су сорғыларын алып келсе, PK-3 және P-10, P-12 мен K-3, K-1 және Бестам каналы, P-7 мен K-4 каналдарының қиылысқан жерлеріне үш насостан орнатылған. Ал мемлекет тарапынан бөлінетін қаражатқа Жаңа Сұлутөбе, L-6 каналы, Бестам каналы, P-8 каналы мен 0-1 каналдарын тазалату көзделіп отыр.

Ш.ШАҒДАТҰЛЫ
13 наурыз 2022 ж. 526 0