Жақсының аты өшпейді
Фейсбук, инстаграм, в контакте әлеуметтік желілерін күніне бір рет қарап өтпесек, бір нәрсені ұмытқандай немесе барлық жаңалықтан құр қалған секілді сезінетініміз бар. Ұйықтар алдында және оянғанда жанымыз тыныштық табу үшін барлық желілерді шолып шығатынымыз да жасырын емес. Бұл дерттің зияны көп болғанымен, кейде пайдасы да тиіп жататын кездері болады.
Түн ортасына таяған. Күнделікті әдет бойынша тыныш ұйықтаудың ырымын жасап жатырмыз. Яғни, ұялы телефонды қолға алып, ішінің дымын қалдырмай тексерудеміз. Инстаграм әлеуметтік желісінде Айжан Құлкеева есімді азаматша «Балтабай» арнасына барып, әкесіне арнап ас бергенін айтып, парақшасына суреттер жариялапты. Суреттегі адамдардың жүздері таныс, шиеліліктер екені анық. Неге арна «Балтабай» деп аталады? Балтабай деген кім? Осы сұрақтар миымның бір бұрышынан кетпей тұрып алды. Содан Тәңірдің таңы атысымен Айжан Құлкееваға хабарласуды жөн деп санадық.
Айжанға жазған хатымызға минут өтпей жауап келді. Телефон нөмірін алған соң, кездесеміз деп ұйғардық. Араға күн салмай, жолықтық та. Әңгіме барысында ол: «Таңның атып, күннің батқанындай ғана күйбең тіршілікпен өткен қысқа ғұмырын бүгінгі ұрпаққа өнеге етіп, артына өшпестей із қалдырған жанның бірі – менің әкем. Ол еңбексүйгіштігімен, адал достық мінезімен, кішіпейілділігі және әрдайым көмек қолын соза білетін қамқоршы сипатымен ауылдастарының есінде сақтаулы», – деді. Балтабай Бейсенбайұлы 1948 жылы Тартоғай ауылында дүниеге келген. Аудан орталығындағы №45 қазақ орта мектебінде оқып, білімін Қызылорда политехникумына су шаруашылығы бөлімінде жалғастырады. Арада Отан алдындағы борышын өтеген ол, оқуын жалғастырып, 1972 жылы политехникумды бітірді. Тартоғай су шаруашылығында жұмыс істеп жүріп, қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде білімін жетілдіреді.
Еңбек жолын Гигант ауылында су шаруашылығында жалғастырады. 1995 жылы Тартоғай ауылында ақсақалдардың бастамасымен ауылға асарлатып канал қаздырды. Сол арнаға қосқан үлесі үшін ол бүгінде «Балтабай» каналы аталған.
Әкесі туралы әңгімелеп, естеліктерін айтқан соң, көзі көрген бірнеше кісінің есімдерін атап, хабарласуыма болатынын айтты.
Бірінші болып «Тартоғай» шаруашылығының бұрынғы директоры, қазіргі зейнеткер Басаман Пірімбетовке хабарластық. Ол: «1978 жылы «Тартоғай» қой-каракөл совхозында мал азығына жоңышқа егу және оның көлемін кемінде мың гектарға жеткізу жөнінде үлкен жоспар жасалды. Әрине, бұл оңай жұмыс емес екені белгілі. Жер тегістеу, оған баратын су жолдарын дайындау үлкен күш-қайратты талап етеді. Әсіресе, ең үлкен мәселе – су жеткізу. Ол кезде бір ғана «цех» - носос деп аталатын су бұрқайтын моторға тәуелді болып тұрған кез. Көп жерге аяқ су бармайды, барлық есеп сол су моторына есептеліп жасалынды. Шаруашылықтың «Тораңғылды қақ», «Қирабай», «Сарыбас» деген жерлеріне жаңадан канал қазу керек болды. Осы өңірге жаңадан каналдардың есебін жүргізеді. Өлшеп сызып, жалақысын есептеп орындауға ұсынады. Мемлекеттен қаржы бөлгізіп, өзінің тікелей бақылауымен осы өңірлерге түгел су апаратын жоңышқа еккізді. Оның өнімін ұзақ жылдар бойы мал шаруашылығына пайдаланды. Осы еңбегі үшін су маманы аудандық, облыстық марапаттарға ие болды.
Егемендігімізді алған тұс болатын. Шаруашылық тарап, жұмыссыздық жайлады. Сол уақыттағы қиыншылық «Тартоғай» елді мекені үшін ерекше болды. Су мәселесі тағы да туындады.
Ал, арнайы шақыртумен келген су маманы елге аяқ су шықпайды деген тұжырым жасады. Су алып келу жолдары табылғанмен, бастаған іс қаражатқа келіп тіреле берді. Сол кезде су маманы Балтабай Құлкеевтің білек сыбанып, іске кірісетін сәті келеді. Алмағамбет ағай осы Балтекеңді әкеліп бұрынғы өлшеген жерлерді түгел көрсетіп, бұған қаражат жететін жолын іздейді.
Балтекең көп ойланып, ағасына ауылға су келтірудің жолы, оның сағасын Бәйгеқұмдағы көлден алу керек деген ұсынысты айтады. Қуанған ағасы осы жолды жасап беруін сұрайды. Біртіндеп нәнсай арнасын пайдаланамыз, алдына «шлюз» орнатамыз, таспа арқылы су шығарамыз деген есебімен елді мекенге дейін өлшеп 9200 метр канал қаздырды.
Елге су келді. Қуанышымызда шек жоқ. Бұдан кейін де су мәселесіне байланысты түрлі мәселелер туындап, шешімін тапты. Бірақ Балтекеңнің еңбегі ерекше», – дейді.
Ал, зейнеткер Теңізбай Ермекбаевпен өрбіген әңгімемізде: «Мен Балтабай каналы қазылып жатқанда Құмкөлде жұмыс жасайтынмын. Елден жырақ жүріп, ауылға оралғанымда канал қазылып болған. Аяқ су келіп, елдің бәрі қуанышты. Канал басында улап-шулап қуанған халық. Ауыл мен аудан басшылары Оңалбек Сәпиев, Кеңес Рахымшаев, ауылдағы Алмағамбет, Бектұрған ақсақалдар барлығы енді осы канаға паленшенің-түгеншенің атын берейік деп ақылдасып, дауласып тұр екен.
«Ай, бұл каналды ауылға су шықпайды дегенде өзі есептеп, су шығарған, күні-түні басында жүріп қаздырған – Балтабай. Үлкен еңбек осы –Балтабайдікі, каналды «Балтабай» каналы десек, қалай болар екен?» – дедім. Сол жерде барлық халық «Иә, дұрыс, Балтабай каналы болсын» деп шулады. Сол уақыттан бері канал Балтабай каналы аталып, халық игілігіне пайдалануда», – деп әңгімесін аяқтады.
Иә, «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген осы болар.
Ерұлан ДАТКЕНОВ.