Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Су бар жерде – өмір мен өнім де бар

Су бар жерде – өмір мен өнім де бар

Халқымыз әуел бастан-ақ ұрпағын әр нәрсенің нарқын бағамдап, парқын бағалауға тәрбиелеген. «Судың да сұрауы бар» дегенде тіршілік нәрі саналатын судың адам өмірі мен шаруашылықтарда ең маңызды рөл атқаратындығын меңзеген. Ғылым мен техниканың қарыштап дамыған заманында су көздерінің азайып кетуі ғаламдық проблемаға айналып отыр. Қазіргі таңда суға сұрау зор. Оны арнайы құрылым қадағалап, бақылауына алған. Алайда, табиғаттың бұл байлық қорының жыл санап көлемі тарылып жатқаны біраз шаруашылықты алаңдатты. Тіпті, дихандар егістіктеріне су жеткізе алмай әбігерге түсті. Осы мәселе төңірегінде «Шиелісушар өндірістік учаскесіне» арнайы бас сұғып, атқарып жатқан жұмысымен танысу үшін сала басшысы Дихан Әубәкіровпен сұқбаттасқан едік.
– Су шаруашылығы қашаннан бастап жұмыс жасап келе жатыр? Мамандар жеткілікті ме?
Халық шаруашылығындағы су саласының маңыздылығын ескере отырып, ел Үкіметі 9 шілдені кәсіби мереке ретінде бекітті. Сондықтан, бізді арнайы мерекемен құттықтап келген өздеріңізге ең бірінші алғыс білдіремін. «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қарасты Шиелі су шаруашылығы өндірістік учаске мекемесінің жұмыс жасап жатқанына 83 жыл болды. «Шиелі суландыру жүйесі» басқармасының 1938 жылы негізі қаланып, сол жылдары Шиелі аудандық су шаруашылығы басқармасының бастығы болып С.Төлтаев қызмет атқарды. 2001 жылдан бастап «Шиелісушаруашылығы» еншілес коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын болып құрылды. 2009 жылы «Шиелісушар» өндірістік учаскесі болып қайта өзгертілді. Бүгінде филиал қабырғасында 81 адам еңбек етеді. Олардың негізгі міндеті – экономиканың барлық салаларын сумен қамтамасыз ету. Табиғи ресурсты дұрыс пайдалану, қажетті жерлерге үлестіріп жеткізу. Биылғы жылы су көлемінің былтырғымен салыстырғанда аз болуы мамандар мен шаруаларды үрейлендірген. Дегенмен, «Шиелісушар» өндірістік учаскесінің білікті қызметкерлері күндіз-түні жасаған еңбегінің нәтижесінде жағдай біршама тұрақталды.
– Елімізде су тапшылығы сезілуде? Бұл мәселе бойынша ауданда жұмыстар қалай жүргізілуде?
– Жалпы, егін-терім науқаны бойынша жағдай бірқалыпты. Биылғы жылы Сырдария өзенінің төменгі ағысына жіберілген су тапшылығы болжамын назарға ала отырып, «Шиелісушар» өндірістік учаскесі сағадан 539 млн м3, ал таза егіске 444 млн м3 қана лимит берілді. Былтыр сағадан 642 млн м3, егіске 530 млн м3 су берілген еді. Салыстырмалы түрде биылға 16% су көлемі аз болды. Осы бөлінген лимит негізінде аудан бойынша 12037 га күріш дақылы және 7860 га басқа дақылдар егу жоспарланған. Қазіргі таңда 95%-ға орындалды. Ал, 2020 жылы 14076 га күріш дақылы 8000 га басқа дақыл егілген. «Шиелісушар» өндірістік учаскесімен 2020 жылы 133 шаруашылық, 2021 жылы 118 шарауашылық су жеткізіп беруге келсім шарт жасасты. Біз су тапшылығына байланысты аудан әкімінің орынбасары Е.Әпетов пен аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы М.Әшірбековпен бірігіп әр ауылдың әкімдеріне ескерту хаттарын беріп, шаруа қожалықтарына түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Сондай-ақ, барлық шаруа қожалықтарына су барлық егін алқабына бірдей жетуі үшін суару кезегін қойдық. Жылда диқандардың ауызбіршілігі арқасында негізгі күріш алқабын кезектесіп ­суару әдісі қолданылып келеді. Әрине, қиындықтар жоқ емес. Десе де, жағдай бақылауда. Шардара және Көксарай су қоймаларындағы су көлемі былтырғымен салыстырғанда бірдей болғанымен, шілде айында күріш дақылын ұстап тұру үшін берілетін қажетті су көлемі жетіспеу қаупі бар. Сол себепті су тапшылығының алдын алу үшін қажетті іс-шара жоспарларын жасап, дайындық жұмыстарын қазірден бастап қолға алып келеміз. Атап атқанда, биік жерге егіс көлемін орналастырмау, ротация сақтау, насос қондырғыларын дайындау және кезектесіп су алу режимін қалыптастыру болып табылады.
– Түйіткілдің түйіні қалай шешілуде?
– «Шиелісушар» өндірістік учаскесі жоспарға сәйкес, су тапшылығын болдырмау мақсатында өз теңгеріміндегі шаруашылық аралық каналдарға жөндеу жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда: О-2 ПК 0-ПК-38-(3.8 км), Р-8 ПК0-ПК-7-(700м), Р-10 ПК 0-ПК-27 сПК 66 до ПК 140 (10,4 км), Р-10-1 ПК 0-ПК 5(500 м). Жаңа Бестам ПК 88-ПК93 (500 м), Жаңа Сұлутөбе ПК 0-ПК 1+50 (1,5 км), Р-12 ПК 70+50 мост асты, ГТҚ Р-12 ПК 115, Жаңа бестам ПК 93 каналдары тазаланды. Осы ретте су шаруашылығында ұзақ жылдар еңбек етіп келе жатқан сала ардагерлерін де айта кетсем. Олардың тәжірибесі, ақыл-кеңесі қиындықтан шығар жолды көрсетіп келеді. Су шаруашылығындағы аға инженер Әлияр Сейітов, су реттеушілер Сейтқан Қазантаев, М.Піржанов, Жарас Сәулебек, есеп бөлімінің бас маманы Нұрғали Мырзабеков және су пайдалану бөлімінің бас маманы Зәбира Рахметова секілді кісілер еңбек етуде.
– Дарияның деңгейі қандай?
– Былтырғы жылы Сырдария өзенінің Шиелі ауданы тұсындағы су деңгейі 158,74 ке тең болса, биылғы су деңгейі 158,18 ге тең. Салыстырмалы түрде 56 см-ге төмен болып отыр. Сондай-ақ, «Шиелісушар» өндірістік учаскесі биылға жоспарланған шаруашылық және ішкі шаруашылық каналдарын тазалау жұмыстарын толығымен аяқтап, жоспар бойынша жаңа Шиелі магисталды каналы бойынша 53 текше метр, Қамысты Қақ каналы бойынша 8 текше метр су алынып жатыр. Қамысты қақ каналы бойынша су жетіспеу тапшылығы байқалды. Бірақ, дарияда су төмендеген жағдайда үрлемелі су тоспасы арқылы су тапшылығын болдырмай келеміз.
– Сіз қызметке келгелі көп болған жоқ. Дегенмен алдағы жос­пар қандай?
– Алдағы уақытта қашыртқыдағы суды қайта пайдалану үшін К-3 қашыртқысымен Р-10 каналының қиылысына 3 дана су сорғыш электр насостарын, К-1 қашыртқысымен жаңа Бестам каналының қиылысына үш электр насос орнатуға жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қамысқақ каналына қосымша су беру үшін Жаңа Шиелі каналының бас сағасына төрт электронасос қойып, 850 м жері қазылды. Көріп отырғаныңыздай, өңірлерде вегетациялық маусымның өтуі оңайға соғып жатқан жоқ. Алайда көптеген мәселе біртіндеп өз шешімін табуда. Вегетациялық маусым аяқталғаннан кейін жүйелі талдау жасалады. Сонымен қатар, шаруа қожалықтарымен бірге суды аз қажет ететін, бірақ өнімділігі мол дақылдарды егу алаңын ұлғайту мәселесін де қарастырамыз. Біз бұл жұмысты ауыл шаруашылығы басшысы және аудан әкімдіктерімен бірлесіп атқарамыз.

Шапағат Тілеубаев
13 шілде 2021 ж. 586 0