Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел тыныштығын күзеткендер

Ел тыныштығын күзеткендер

Елдегі төтенше жағдайға байланысты Шиелі ауданы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күре жолдың бойында 4 блокбекет қойылып, полиция қызметкерлері күні-түні тәртіпті күзетуде. Көкшоқы мөлтек ауданы, Шымкент-Самара тас жолы 21 бекеттен кіре беріс жол, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай, халықаралық дәлізінен Н.Бекежанов ауылына кіре беріс жол, Ақ Орда мөлтек ауданы қиылысынан кент ішіне кірер жолдар жабылды. Бір қарағанда бекет қойып, жолды бекіту оңай шаруа секілді көрінеді. Дегенмен, оның да өз машақаты жетерлік. Республикалық маңызы бар тас жолы бойына қойылған төрт бірдей блок бекеттегі тәртіп сақшыларының қатаң режимдік талабымен танысып, бір күндік жұмыс барысын бақылап қайттық.
Айта кету керек, блок-бекеттердің жұмысын жүйелі жүргізуге және елдімекендерді бақылауда ұстауға аудандық полиция бөлімінен 56-дан астам қызметкер жұмылдырылған. Міне, осылайша құқық қорғау қызметкерлері қаңтардың қаһарлы аязына қарамай, блокбекетте қалтықысыз қызмет етуде. Мақсат – елдің тыныштығын сақтау. Ең бірінші болып Шиелі кенті, Әбдікәрімов-Жүсіпов көшелерінің қиылысында орналасқан №1 бекеттің жұмысын көзбен көрдік. Онда капитан Нартай Әленов, аға лейтенант Мақсат Ибраев, сержант Мұхамедәли Дүйсенбек, капитан Әзімбек Ізімбетовтер ел тыныштығы жолында аяғынан тік тұрып жұмыс істеуде.
– Біз 7 қаңтардан бері осы блокбекетте күзетте тұрмыз. Өзіммен бірге үш полиция қызметкерлері бар. Күзет кезінде он екі сағат сайын 6 сарбаз ауысып тұрады. Әрлі-берлі өткен көліктерді жіті тексереміз. Біздің бағыт бойынша әзірге тәртіп бұзушылық фактілері тіркелген жоқ және жол-патрульдік полицейлері де күні-түні бізбен бірге. Ең басты міндет, борышымыз – антымызға адалдық таныту. Елдің тыныштығын күзету, – дейді топтың аға сержанты Мақсат Ибраев.
Айта кету керек, блокбекеттегі құқық қорғау органы қызметкерлерін аудан әкімдіктің ұйымдастыруымен аудандағы кәсіпкер азаматтар және «Достар» кафесі арнайы 2 мезгіл тамақпен қамтамасыз етіп отыр. Осындай сындарлы шақта елдің шетінде, желдің өтінде тұрған жігіттерге күш-қуат қажет-ақ.
Иә, тәулік бойы табанынан тік тұрып, тәртіпті күзеткен полиция қызметкерлері міндетіне мін түсірмеуі тиіс. Тұрғындарға қойылатын талап, төтенше жағдай режимін бұзбай, түсіністік таныту. Әсіресе, коменданттық сағат тәртібін бұзсаңыз жазадан құтыла алмайсыз. Яғни, түнгі сағат 23.00-ден таңғы 7.00 аралығында көшеде бейберекет жүрмеуге тырысқан абзал. Тәртіп бұзған жағдайда, ҚР Қылмыстық Кодексінің 476 бабының, 1-тармақ, 10-тармақшасы бойынша айыпталасыз да, ескерту аласыз. Екінші жағдайда, көлігіңізбен қоса өзіңіз 15 тәулікке дейін қамаққа алынасыз. Үшінші тәртіптік шара айыппұл арқалатады, 5 АЕК көлемінде шығын өтейсіз.
Блок-бекеттердің жұмысымен танысу әрмен қарай Шымкент-Самара жолы 21 бекеттің кіре берісінде орналсақан №2 бекетте жалғасты. Бекетке қойылған арнайы көлікте киім ауыстырып, тамақтанатын орындар да бар. Ауысыммен жұмыс істейтін Шиелі аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Нұрғиса Серікұлы мен полиция қызметкерлері Қанат Омарұлы, Бағлан Асылханұлы, Нұрғали Бақытханұлы ары-бері өткен жеңіл көліктер мен азық-түлік тасушы ауыр жүк көліктерді тоқтатып, құжаттарын тексеріп, қайдан жөнелтілгені, қай жерге жеткізілетінін арнайы журналға тіркеп отыр.
– Бұл жердегі бекеттің жұмыс істеп тұрғанына тоғызыншы күн. Рұқсатнама қағазы бар азық-түлік тасымалдаушы автокөліктерге кедергі жоқ. Бекітілген қаулыға байланысты барлық көліктер заңды түрде тексеріліп бекеттен өткізіледі. Бұл жерде қауіпсіздік қатаң сақталған. Тексеру барысында әзірге ешқандай заң бұзушылықтар орын алған жоқ, – дейді, полиция майоры Нұрғиса Зермұхамедов.
Осыдан кейін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінен Н.Бекежанов ауылының кіре берісінде орналасқан №3 блок бекетке ат басын бұрдық. Блок-бекеттерде бақылау аймақтары мен қызмет көрсету пункттері орнатылған. Атап айтар болсақ, полиция капитаны Қуаныш Бейсенов, капитан Көркемай Ақшалов, майор Олжас Ратаев, лейтанант Әлішер Бексейітовтер тәртіпті қадағалап, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бар күшін салуда.
– Ел үшін, жер үшін, халық үшін екі аяқтан тік тұрып қорғауға дайынбыз. Алдымен қазіргі ахуалға сабырлылық танытып, түсіністікпен қарап, бей-берекет көлік қозғалысын тежеген халыққа алғысымызды айтамыз. Одан соң, ыстық тамақпен қамтамасыз етіп отырған әкімшілікке, аудан кәсіпкерлеріне ризашылығымызды білдіреміз, – деді полиция капитаны Қуаныш Бейсенұлы.
Тілшілер аялдайтын ендігі кезек Шиелі кенті, әл-Фараби көшесі Ақ Орда мөлтек ауданы қиылысындағы №4 блокбекет. Мұндағы қызмет те қайнап жатыр. Онда бізді полиция капитаны Мұхамеджан Асылхан, патрульдік полиция испекторы, полиция лейтенанты Таңат Әбдіраманов, Шиелі аудандық учаскелік полиция көмекшісі Нұрбақыт Карбузин, аға лейтанант Сайлау Нұруллаұлы қарсы алып, жұмыс барысын баяндап берді.
– Біз ауысыммен 12 сағаттық режимде жұмыс істеудеміз. Таңғы сағат 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейін 6 қызметкер күзетте, екінші ауысым кешкісін қабылдап алады. Екі тексеруші және бір қызметкер автоматчик, яғни, қарумен кез келген жағдайға дайын тұр. Негізгі мақсатымыз кентке кірген және шыққан күдікті көліктерді тексеріп тұру. Көліктің құжаты мен жүргізушінің төлқұжатын сұрап, жүк салғышты да арнайы тексереміз – деді полиция капитаны Мұхамеджан Асылхан.
Осылайша, Шиелі ауданының тыныштығын күзетіп, қытымыр қыстың қатаңдау мінезіне төзген сарбаздардың бір күндік жұмысын көзбен көріп, қағазға түсірдік. Біз ойлы оқырманға жеткізуге тырысқан еңбек ел басына күн туғанда алғы шептен табылған тәртіп сақшыларының бір күндік бейнеті ғана. Ал, қалғанын өздеріңіз саралап көрерсіздер. Бастысы «тәртіпке бағынғанның құл болмайтынын» естен шығармайық!

Ш.Тілеубай


15 қаңтар 2022 ж. 1 298 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930