Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Блок-бекетті бұзғанға бұғат бар

Блок-бекетті бұзғанға бұғат бар

– Бұл қалаға жаман науқас келіпті.
– Құдай ұрған іш ауруы.
– Ар жақ-бер жақтан күнде әлденеше адам өліп жатыр.
– Мәлік келгендей. Шыбындай қырылып жатыр.
– Аты не дейді? Адам естімеген қу науқас бір. Жұрт қашып жатыр қаладан.

Бұл М.Әуезовтің «Абай жолы» романынан үзінді. Міне, осы шағын диалогқа қарап өткен ғасырда да қазақ еліне нәубет төнгенін аңғарамыз. Сол сәтте де ел ағалары дереу шешім шығарып, сақтық шараларын қолға алған. Әсіресе, Абай Құнанбайұлы халықтың жаназа, қонақасы, асқа баруын тежеген. Бір сөзбен айтқанда адамдардың көп шоғырлануына және бейберекет ауыл-ауылды аралауына жол бермеген. Біздің қазіргі жай-күйімізде осымен шамалас. Коронавирус індетімен күресу үшін сақтық шаралары қолға алынды. Халық көп жиналатын мерекелер мен тойларға, кештерге тыйым салынды. Тіпті елді мекенде тұратын тұрғындар аудан орталығына арнайы рұқсат қағазымен ғана кіреді. Ал ережені бұзбау үшін ауданда 11 бақылау бекеті құрылды.

Блок-бекеттер індеттің алдын-алудың бір жолы. Темірдей тәртіп болған кезде ғана аурудың беті қайтуы мүмкін. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша блок-бекеттерде 200 полицей мен 170 әскери қызметкерлер үздіксіз қызмет етуде. Бұдан бөлек, дәрігер мамандар да өз үлесін қосуда. Бұған біз блок-бекеттерге барлау жасау барысында көз жеткіздік.

Жоғарыда айтқанымыздай ауданда 11 блок-бекет жұмыс істейді. Бірінші болып Ақмая ауы­лына таяғанда фельдшер Серік Қаппаров «ТТК-Шиелі» филиалының қызметтік автобус жүргізушісінің дене қызуын өлшеп жатыр екен. Осы сәтте ауыл маңынан «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Дәулет Жұмбеков те келді. Ол да арнайы тексеруден өтіп, хал-ахуалының бірқалыпты екеніне көз жеткізді. Содан кейін бізге ауылдағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы өз ойын білдірді.

– Шаруашылықта маған және бас агроном мен бас инженерге аудан орталығына шығуға рұқсат қағазы берілді. Қазіргі таңда ауылды дезинфекциялап жатырмыз. Сонымен қатар көктемгі егіс науқанына да кірістік. Жуырда Қызылордадан арзандатылған дизель отыны әкелінеді. Ал ауыл тұрғындары өздерінің ауласына көкөністер мен бақша дақылдарын егуде. Жұмыста айтарлықтай қиындықтар көрінбейді. Бұл уақытша қиындықты барлығымыз бірге еңсереміз деп ойлаймын, – деді Д.Жұмбеков.

Айта кетейік, Ақмая ауылында коронавирус індетін жұқтырушылар әзірге тіркелген жоқ. Мұны біз тұрғындардың тәртіпке бағынып, сақтық шараларына мұқият болуынан шығар деп топшыладық.

Осыдан кейін «Қодаманов – 1» блок-бекетіне ат басын бұрдық. Мұнда аудандық полиция бөлімінің орынбасары Досбол Төлеуовпен жүздесіп, тосқауыл-бекеттеріндегі мән-жайға қанық болдық. Оның айтуынша бүгінгі күні «Ақмая», «Қодаманов–1», «Қодаманов – 2», «РУ-6», «Алмалы», «Жиделі», «Бала би», «Нартай», «Ортақшыл», «Теміржол вокзалы» және «Қарғалы» блок-бекеттері үздіксіз жұмыс істеуде. Олардың алтауында облыстық полиция департаменті мен Қызылорда әскери бөлімінің қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік етеді. Бекетте тұрғандар үшін үш мезгіл ыстық тамақ та ұйымдастырылған. Ал блок-бекеттердің жұмысын жүйелі жүргізуге және елдімекендерді бақылауда ұстауға аудандық полиция бөлімінен 80-нен астам қызметкер жұмылдырылған. Міне, осылайша құқық қорғау қызметкерлері таң шапағы атқаннан, күн қызарып батқанға дейін тынбай еңбек етуде. Мақсат – елдің тыныштығын сақтап, мемлекеттің басты байлығы саналатын адамдарды аман алып қалу. Құқық қорғау қызметкерлерінің осындай қырағы қимылына алғаусыз алғыс айтып жатқандар да баршылық. Солардың бірі Қанат Омашаұлы.

– Блок-бекеттердің жұмысы 24 сағат жүзеге асып жатыр. Күзетте тұрған жігіттер темірдей тәртіпті қолға алып, күн-түн демей еңбек етуде. Әсіресе, аудандық полиция бөлімінің басшысының орынбасары Досбол Төлеуов бастаған құқық қорғау органы өкілдері алдыңғы шептен табылуда. Олар тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қатаң қадағалаушылар. Осы кісілерге алғысым шексіз, – дейді ол.

Блок-бекеттердің жұмысымен танысу әрмен қарай Нартай ауылында жалғасты. Мұндағы санитарлық бекетте арнайы жедел әрекет ету жасағы мен аудандық полиция бөлімінің және аудандық емхана қызметкерлері кезекшілік етеді. Бір байқағанымыз бұл бекетте көлік ағыны едәуір көп. Сол себепті полиция инспекторы Жаннұр Сейтжан мен фельдшер Нұрсұлтан Беркінбаевтың жұмыстары қызуда. Ал жедел жасақтың қызметкерлері блок-бекеттен өтуге рұқсат етілген көліктерді планшет арқылы тексеруден өткізеді.

Тілшілер аялдайтын ендігі кезек – «Көкшоқы» елдімекені. Бұл бекетте әскери қызметкерлер мен дәрігер-мамандардың ғана қарасы көрінеді. Полиция майоры Талғат Жүсіпов бекеттің жұмысын қатаң қадағалап, сақтық шараларына білек сыбана кіріскен. Елдімекенге келушілердің құжатын тексеріп, рұқсат қағазы жоқ тұрғындарды кері қайтаруда. Ал санитарлық бекеттің фельдшері Орынбек Алтынбаев әр адамның дене қызуын өлшеуде. Дәрігердің айтуынша, дене қызуы 37 градустан асса, тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханаға жіберіп, дене қызуының көтерілу себебін анықтайды.

Блок-бекеттерді аралап, ондағы жұмыспен танысу күн бесінге таяғанға дейін созылды. Бір байқағанымыз, мұнда сақтық саласының сайыпқырандары қырағылықпен жұмыс істеуде. Енді тұрғындар да тәртіпке бағынып, блок-бекетті бұзуға жол бермесе екен. Өйткені, ереже орындалмай, тәртіп сақталмаса ешқандай жұмыс нәтиже бермейді.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА,
Бақытжан Бәйімбет (фото)
14 сәуір 2020 ж. 500 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930