Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сақтықта қорлық жоқ

Сақтықта қорлық жоқ


Кеше Шиелі ауданы тұрғындарының қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ету үшін коронавирус ауруының алдын алу, сақтану шаралары жайлы насихаттау жұмысын жандандыру мақсатында тауарлармен көрсетілетін қызметтің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасында дөңгелек үстел өтті. Оны аудандық ТКҚСК басшысы К.Абишев жүргізіп, Қытай елінде белең алған дерттің сақтық шаралары жайында сөз қозғады.
Ең алғаш Хубей провинциясындағы Ухань қаласында тіркелген бұл вирустың әлі күнге емі табылған жоқ. Алайда, аурудан бұрын қоғамда алыпқашпа әңгіме жылдам тарап жатқандай. Әсіресе, әлеуметтік желі, мессенджерлер арқылы «ана өңірде осынша адам, мына облыста мұнша кісі жұқтырыпты» деген сөз желдей есіп жатыр. Дегенмен ресми ақпаратқа қана сүйеніп мәлімет таратқанымыз жөн дейді аудандық ТКҚСҚББ эпи қадағалау бөлімінің басшысы М.Сүйіндікова. Сондай-ақ жұқпалы коронавирус инфекциясының жұғу жолы, клиникасы, алғашқы белгілері, диагностикасы, инкубациялық кезеңі мен алдын-алу шаралары жөнінде толық ақпарат берді.
Әрине, Қытайдағы вирус жер бетінде бұрын-соңды тараған қауіпті індеттің басы да, соңы да емес. Соңғы жылдары вирустың түр-түрі шыққаны сонша, атауынан да шатасатын жағдайға жеткеніміз рас. Ауру шақырғандық демеңіз, дегенмен еске түсіріп көрейікші, осы күнге дейін «Шошқа тұмауы», «Құс тұмауы», «Эбола», «Зика» атты бірнеше індет әлемді алаңдатқан білеміз. Ғалымдар мұндай жұқпалы дерттің көбеюін жер бетіндегі халық санының өсуімен байланыстырады. Жан басы көбейген сайын кеңістік тарылып, індеттің таралуы да арта түскен деп топшылайды. Дегенмен Қытайдағы коронавирустан жаппай үрейленуге де негіз бар. Өйткені әлемде 7,7 миллиард адам болса, оның 18,5%-ы – Қытайдың тұрғыны. Қазір үлкеннің де, кішінің де аузында жүрген Ухань қаласының өзінде 11 млн тұрғын бар. Елдегі маңызды теміржол торабы орналасқан шаһарға келімді, кетімді жолаушы көп, одан бөлек жергілікті әуежайдың өзі жылына 20 миллион адамды қабылдайды екен. Енді Уханьның мүмкіндігін елестете беріңіз. Әлемдік экономикалық байланысы жақсы дамыған қалада індеттің тіркелгені жақсылық емес, демек таралуы да жылдам жүретіні анық. Сондықтан қолыңызды күнделікті сабынмен жиі жуып тұрыңыздар дейді. Жөтелген, түшкірген жағдайда бетіңізді майлықпен жауып, содан кейін оны қоқысқа тастағаныңыз абзал. Көпшілік ортада көп жүрмей, қол алысып амандасқанда да сақ болыңыздар деп ескертеді мамандар. Дөңгелек үстелді қорытындылаған аудандық ТКҚСК басшысы К.Әбішев «сақтықта қорлық жоқ» деп түйіндеді. Иә, дауасы табылмаған дерттен аман болайық.

Г.ДҮЙСЕБАЙ
04 ақпан 2020 ж. 910 0