Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Аурушаңдық азайып келеді

Аурушаңдық азайып келеді


Былтырғы жылмен салыстырғанда аудандағы жұқпалы аурулардың таралу деңгейі қандай? Көктем мезгіліндегі кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары қашан басталады? Санитариялық-эпидемиологиялық ахуалдың мән-жайы қалай? Халық арасында түсіндірме жұмыстары қаншалықты жүргізілуде? осы және өзге де көкейтесті сұрақтарға жуырда Көкшоқыдағы баспасөз конференция залында қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Ұзақбаев БАҚ өкілдерінің қатысуымен брифинг өткізді.

Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда аудан көлемінде жұқпалы аурулардың 2 түрі бойынша аурушаңдық көрсеткішінің төмендеуі орын алыпты. Нақты атап кететін болсақ, сарып – 1, энтеребиоз – 32, туберкулез – 7, педикулез – 3, дерматомикоз – 1, аскаридоз – 1 жағдаймен бір деңгейге тұрақтапты. Осы жылдың 1-ші тоқсанында аса қауіпті жұқпалы аурулар бойынша қанағаттанарлық жағдай қалыптасып, аудан көлемінде туберкулез ауруының 7 жағдайы тіркелген.
Қызылорда облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысында «Облыс бойынша 2019 жылға КҚГҚ ауруынан қолайсыз болып анықталған 123 елді мекенде, оның ішінде 17-інде Шиелі ауданы бойынша кенеге қарсы дәрілеу, залалсыздандыру жұмыстарының сапасын арттыру шараларын ұйымдастыру туралы» тиісті мекеме басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар берілді. Соның нәтижесінде көктемгі кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары сәуір айының алғашқы күнінен арнайы құрылған кесте бойынша басталып кетті, – дейді басқарма басшысы.
Барлық елді мекендерде медицина қызметкерлері арасында ауру шыға қалған жағдайда дайындығы және халық арасында кенеден сақтану шаралары туралы семинар-тренингтер, түрлі акциялар ұйымдастырылып жатыр. Сонымен қатар, 107 дәрігер, 529 орта буын медицина қызметкерлері дайындықтан өтті. Кенеден сақтану шаралары жөнінде ақпаратпен бөлісіп, радиолар арқылы лекциялар оқылып, хабарландырулар ілініп, тұрғындармен кездесіп, халық арасына түсіндірме жұмыстары туралы және бірқатар жұқпалы ауруларға тоқтала кетті.
Құтырма ауруының алдын алу мақсатында 28 ақпанда «Аудан көлемінде құтырманың алдын алудағы іс шараларды күшейту туралы» аудандық денсаулық сақтау саласы, ветеринария бөлімімен бірлескен бұйрығы шығарылып, алдын ала ұйымдастырылған. Аудан бойынша ең өзекті мәселелердің бірі болып тұрған туберкулез ауруының алдын алуда қол кусырып отырмай, 2019 жылдың 24 ақпан мен 24 наурыз аралығында «Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес айлағына» орай Ш.Қодаманов пен Бидайкөл елді мекендерінде акция ұйымдастырылып, қорытынды ақпаратпен облыс департаментіне жолданды. Сонымен қатар, санитарлық норма мен ережелерді бұзған аудан бойынша жеке, лауазымды, заңды тұлғаларға 66 айыппұл салынса, 6 адам жұмыстан шеттетілген.
Тұрғылықты жерінің келбеті мен тазалығы сол жерді мекендейтін халықтың мерейін асқақтатады. «Тазалық болған жерде ауру тұрмайды» деп даналарымыз айтып кеткендей, айналамызды таза ұстасақ, жоғарыда сөз еткен жұқпалы аурулардың бірде-бір түрі болмас еді. Сондықтан, кез келген кент тұрғыны тазалыққа бір кісідей атсалысу керек.

Фариза КЕНЖЕШОВА.
07 сәуір 2019 ж. 1 381 0