Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қымбатшылық қамыты: Шиелідегі шеру

Қымбатшылық қамыты: Шиелідегі шеру

«Ақшаң болса қалтаңда, талдасаң талдаңда» деуші еді бұрын... Әсілі, қымбатшылық қос бүйірден қысқанда қалта да жұқара түседі екен-ау. Саусақ бүгіп санар болсақ, азық-түлік бағасының қымбаттауы, ақылы жол, сұйытылған газ және жанар жағар май бағасының өсуі сынды дүниелер бірінші ілігеді. Қарпайым халықтың наразылығын тудырған мәселе де осылар.
Төтенше жағдай. Төтеден келіп қосылған лаңкестер. Ел ішінде орын алған оқиғаны осылай дедік. Дегенмен, жыл сайын аспандаған баға, кең байтақ қазақ жеріне табаны тигені үшін теңге төлеген халықтың бір дүмпуі анық жағдай емес пе еді? Не де болса бейбіт түрде шеруге шыққан халықтың талабы нарықты реттеу болатын.
Жаңаөзендіктердің талабын құп көрген қазақстандықтар әр қала, облыс, аудандардан бас көтерді. 4 қаңтар күні Шиелі халқы да орталық алаңға жиналды.
Алаңға жиналған халықтың қарасын аңғарған аудан әкімі Нариман Әскербекұлы тұрғындармен тілдесуге келді. Бейбіт шеруге шыққан жандар тыныштықты сақтай отырып, аудан әкіміне 7 пунк­тен тұратын әлеуметтік-экономикалық, 8 пунктен тұратын саяси талап қойды. Халық үніне құлақ түрген аудан әкімі бейбіт шеру басындағы аға ­буын­­дарды аудан әкімдігінде қабылдау турасында ортақ ымыраға келді. Осылайша, ауызбіршілік танытқан аудан тұрғындары тарқасып, уағдаласқан уақытта аудан әкімімен жүздесіп, жазбаша түрде ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Олардың ішінде кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Күлімбет те бар.
– Көтерілген газ бағасынан басталған наразылықтың арты саяси талаптарға ұласып кетті. Бейбіт шеруге шыққан халықтың пейілін бұзық ниетті, теріс ойлы топтар пайдаланып кетті. Көшеге шыққан көпшіліктің арасына қарулы топтар мен террористер еніп, бейбіт халықты да, мемлекет қауіпсіздігіне жауапты органдардың да, әскери қызметкерлердің де өміріне қастандық жасады. Қан төгілді. Ана баласынан, әке ұлынан айрылды. Көптеген отбасының қара жамылып қалғаны жанымызға батады. Бұнымен де тоқтамаған қарулы топтар мемлекеттік мекемелерге шабуыл жасап, халықтың ұзақ жылдар бойы маңдай терімен жиналған салық арқылы жасалған дүниелерді, ғимараттарды қиратты. Ал, Шиелідегі шеру басқа өңірлердегідей емес бейбіт өткенін айту керек. Аудан әкімі Нариман Әскербекұлы өз құзыретіндегі мүмкіншіліктерді орындайтындығын ал, өзінің тікелей құзыретіне жатпайтын мәселелерді жоғары жаққа толық жеткізетінін айтты, – деді.
Иә, нарық қыспағынан шаршаған халықтың базынасы билік басындағылардың құлағына жетті. Көптің көкейіндегі мәслелерді Мемлекет басшысы талдап, таразылауда. Ал, Шиелі ауданындағы тыныштықты сақтау, төтенше жағдай бойынша енгізілген шектеулердің жүзеге асуын қадағалау мақсатында 4 жерге блок бекет орнатылды. Аудан ішіндегі көліктер мен, бей уақытта жүрген азаматтар тексеру мсақсатында бүгінгі күні 32 адам ұсталып, 7 құқық бұзушы қамаққа алынған. Ал, 25 адамға әкімшілік іс қаралуда. Ендігі өзгеріс алдағы уақыт еншісінде болмақ.

Г.Әбдіхани
11 қаңтар 2022 ж. 452 0