БАҒАНЫ ТҰРАҚТАНДЫРУ – БАСТЫ МІНДЕТ

Қазіргі күні «баға қайда барасың?», «қымбатшылық қысып барады» дегендей мәтіндердің де қызуы кете бастағандай. Селк етпейді. Адам болған соң әркім әйтеуір тіршілігін жасайды, қымбатшылық екен деп «қылтамақ» болсын ба?! Әлдекімдер әупірімдеп қана күнін көріп жүр. Біреу ет жеуді азайтса, енді біреулер жеміс жеуді доғарған. Қысқасы, тапқан-таянғанын тамаққа ғана жеткізіп, жан бағып жүргендер көп.
Елімізде доллар бағамымен қатар жанар-жағармайдың да құны көтеріліп отырғаны азық-түлік бағасының күрт шарықтап кетуіне әсер етті. Сондай-ақ, малдың жем-шөбінің қымбаттауы да азық-түлік құнына, ет өнімдеріне қосылып отыр.
Әлеуметтік мәні бар тауарлар бағасының өсуіне жол бермеу үшін жергілікті әкімдік жұмыс істеп-ақ жатыр. Аудандағы бірнеше ірі сауда орындарымен меморандумға отырып, бағаны тұрақтандыру мақсатында әлеуметтік бұрышты ашуды көздеген болатын. Енді міне, тәуелсіздік мерекесі қарсаңында азық-түлік бағаларын тұрақтандыру үшін аудан әкімдігінің ықпалымен «ADAl MART» сауда орталығы ашылды. Дүкенде арнайы әлеуметтік бұрыш қарастырылған. Мұнда халық күнделікті тұтынатын 19 түрлі тауардың құны базар бағасынан 10-15 процент төмендетіліп сатылады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін СК «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы аудан орталығына екі мәрте жәрмеңке ұйымдастырылған. Бұл да азық-түлік бағасын тұрақтандыруға бағытталған шараның бірі.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ