Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тоғайлыда медициналық бекет салынуда

Тоғайлыда медициналық бекет салынуда

Қараша халыққа қашанда қамқор болып, саулығын сақтауға септігін тигізетін сала – медицина екені баршаға мәлім. Ұлт саулығы – еліміздің тұрақты дамуының кепілі. Сондықтан болар, медицинаға қатысты мәселе мінбердегілердің назарынан ешқашан тыс қалған емес. Әсіресе, шалғай ауылдар мен елді мекендер де медициналық бекет, мектеп соғу ісі қолға алынуда. Соның бірі – Алмалы ауылына қарасты Тоғайлы елді мекенінде жаңа медициналық бекет құрылысын айтуға болады.
Басы ауырып, балтыры сыздай қалса, Алмалыға қарай бет алатын тоғайлылық жұрттың енді жаңа медициналық бекеттің игілігін көрер күні жақын. Аталған дәрігерлік амбулаторияның құрылысын қарқынды түрде бас мердігер «Ахат+ТС» ЖШС құрылыс мекемесі қолға алған.
Мәселен, аудандық аурухананың құрылыс инженері Ахметәлі Сүйіндіковтің сөзіне сүйенсек, медициналық бекет ғимаратының жобалық құны 61883,0 мың теңгені құрайды. «Қазіргі таңда амбулаторияның іргетасы мен қабырғасы қаланып, екі жабуы жабылумен қатар терезелері орнатылған. Қарқынды түрде едені құйылып, сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылы «Шиелі ауданаралық ауруханасы» ШЖҚ КМК-нің ішкі қаржатынан медициналық бекет құрылысына жер телімін дайындаумен қатар жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Шұғыл түрде құрылысына облыстық бюджеттен қаржы қаралуға ұсынған болатынбыз. Қолдау болып, облыстық бюджеттен қаралған қаржыға казан айының басында құрылыс жұмыстары басталып кетті. Өте қысқа мерзімде құрылысы жүргізіліп жатқанымен, желтоқсан айының бірінші жартысында толықтай аяқтап, ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай мерекелік шарада халық игілігіне тарту етуді көздеп отырмыз. Өз тарапымыздан шапшаң қимыл, қажырлы еңбек атқарылуда деді.
Ауыл тұрғындарының көптен бергі тілегі елді мекеннен медициналық бекеттің соғылуы болатын. Себебі, халық сырқаттанып немесе өзін жайсыз сезіне қалса, ауылдан бірнеше шақырым жердегі емдеу мекемесіне жүгінуге тура келетін. Иә, кейде ауданға бара қалсаң, ұзын сонар кезекке тап болып уақытыңды жоғалтасың, кейде көліктің реті болмай жолға шыққан күндеріміз болды. Ол қиындықтарды еске алу қиын. Алдын ала тексеріліп қоймасаң, денсаулығың үшін алаңдайсың. Ал, қыстың күндері кей кезде жол да жабылып қалып жатады. Одан қалды боран, жел демекші. Сондай кездерде үлкен кісілер мен балаларға қиын соғып жатады. Енді міне, алысқа барып қажеті жоқ, барлығы қолайлы болатын болды. Заман талабына сай соғылған дәрігерлік пункт ғимаратында алдын ала денсаулығымызды тексеріп қойып, қажет бола қалса емшараларымызды аламыз деп сенемін, – дейді Тоғайлы елді мекенінің тұрғыны қоғамдық кеңес мүшесі Бекзатхан Бедеров.
Екі жарым айда ішкі-сыртқы жұмыстары аяқталып, ел игілігіне берілетін құрылыстың сапасын білмекке ауыл әкімі Ә.Мәмбетовпен тілдескен едік.
– Құрылыс нысаны аяқталған соң аудандық сәулет және құрылыс бөлімі тексеріп, талапқа сай келсе қабылдайды. Өзімде, құрылыстың басы қасында жүріп, барлығын ауыл ақсақалдары да бақылап ­отырмыз. Мердігер компания 2 жылға кепілдік береді. Біз үшін халықтың амандығы, медициналық көмектің қолжетімді болғаны маңызды. Сондықтан, барлығын назарда ұстауға тырысып жатырмыз, – деді.
Расында, әлем халқы індетпен күрескенде медицина саласының маңызы арта түсті. Ауру алқымнан алғанда дәрігерлік көмектің қажеттілігі айтпаса да белгілі. Ең бастысы сапалы медициналық бекет пен тәжірибелі дәрігерлердің қатары артса болғаны.

Ш.Тілеубаев
30 қараша 2021 ж. 725 0