Тәуелсіздік – тәу етер жалғыз кием!

Тәуелсіздік – ата-бабаның рухын көтерген, ата тарихымызды, ана тілімізді, дінімізді, ділімізді қаз-қаз тұрғызып, «қазақ» деген атауға қан мен жан кіргізген, «Отан» деп жүрегімізді қақтырған, «Елім» деп елеңдетіп, «жерім» деп желпінтіп, барша алпыс екі тамырымызды игізіп, ата жұртты сүйдірген – киелі ұғым.Тәуелсіздігімізді алғалы бері еліміздегі әр өңір үшін бұл күн айтулы датаның біріне айналған. Тәуелсіздік мерекесі жақындай бастағаннан-ақ Республикалық деңгейде түрлі іс-шаралардың ұйымдастырылатыны сөзсіз. Солардың бірі де бірегейі Шиеліде Шахарында өткен Республикалық фестиваль.
Өткен аптаның сенбісінде тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Шиелі кенті әкімі аппаратының қолдауымен «Арман» мәдениет үйі КМҚК-ның ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында «Тәуелсіздік – тәу етер жалғыз кием!» атты республикалық поэзия фестивалі өтті. Фистивальды аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов ашып берді. Киелі мекенге республикамызға белгілі азулы ақындар келіп, жүрек қылын қозғайтын өлең жолдарын оқыды. Атап айтар болсақ, Мөлдір Айтбай, Мақсат Дауылбай, Ғабит Кәдірбай, Перизат Мұқат, Әлішер Әлімжан, Ботакөз Мұхиден, Назгүл Бердіқожа, Ұлықбек Тәңірбергенов, Сабыржан Ахан, Айбану Қалиева, Зылиха Жаңабай, Айдар Сайлауов, Яхуда Аружан, Ержан Бекжігіт қатысып, бұрын жарияланбаған арнау өлеңдерін көрермен қауымға ұсынды. Ақындардың Тәуелсіздік тақырыбындағы жыр-шумақтары шараға қатысушылардың көңілінен шықты.
Фестиваль соңында аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов өнерпаздарға шығармашылық табыс тілеп, арнайы алғыс хатпен және қаржылай сыйлықтармен марапаттады.
Сымбат СҰЛТАН