Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шоқтығы биік нар тұлға

Шоқтығы биік нар тұлға

Қараша айының бірінші сенбісінде ауданның біртуар азаматы, Қоғам қайраткері ­Шеген Қодамановтың 120 жылдық мерейтойына орай кең көлемде іс шара өтті.
Ауыздары дуалы, өздері уәлі ұлылар бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне ұлан-ғайыр әсерін тигізері хақ. Солардың қатарында Шеген Қодамановтың алар орны ерекше. Есімі қазақ еліне мәшһүр Ш. Қодаманов 1901 жылы сол кездегі Ақмая артелінде дүниеге келген. Ол ауыл молдаларынан білім алып, кейіннен Ташкенттегі темір жол техникумын бітірген. Сол кездегі Астана – Ақмешіт қаласында комсомол комитетінің хатшысы болған. Содан кейін, Ленинград қаласындағы ­Гумилов атындағы университетте білім алған. Кейіннен ­Гурьев облысының Теңіз ауданында бірінші хатшы болып жұмыс атқарған. Одан соң, Ақтөбе облысында облыстық комитеттің хатшысы болып 2 жылдай жұмыс жасаған. Кейіннен астана, Алматы қаласына көшкеннен кейін ЦК-бөлімшесінде меңгерушісі болып, одан кейін Қазақстандағы Қант трестінің басшысы болып еңбек еткен. 1958 жылы Төңкеріс ауылына көшіп келеді. Содан кейін Төңкеріс колхозында 2 жылдай звено жетекшісі болып күріш еккен. Осы колхозда халықтық бақылау комитетінің төрағасы болып жұмыс атқарып, 1972 жылдың көктемінде дүниеден озды.
1997 жылы аудандық ономастикалық комиссия мәжіліс қаулысы негізінде аудан әкімінің №577 шешімімен Төңкеріс ауылына осы елді мекенде туып -өскен республикаға белгілі, мемлекет және қоғам қайраткері талай жылдар Қазақстанның әр түпкірінде жұмыс жасап, облыс, аудандарды басқарған Шеген Қодамановтың аты берілді.
Ш.Қодамановтың 120 жылдық мерейтойы қарсаңында ауылға кіре берістегі жаңадан салынған төлқұжатты пайдалануға беру рәсімі өтті. Қуанышты сәтке, аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов, «Nur Otan» партиясының Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Сыздық, қайраткердің ұрпақтары, еңбек ардагері Ә.Мизамбаев, аудандық билер кеңесінің мүшесі Т.Баймағамбетов зиялы қауым өкілдері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Е.Апетов Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы және Шеген Қодамановтың 120 жылдық мерейлі мерекесімен құттықтады.
– Бүгін міне шараның бастауы ретінде Шеген Қодаманов ауылына жаңадан қақпа-төлқұжат орнатып, пайдалануға беріп отырмыз. Қақпа-төлқұжат ауылдың сәнін ашып, сырттан келген меймандардың назарын өзіне аударатыны белгілі. Бұл – ауылдың сәулеттік-келбетіне сән беретін болады, – деді Е.Амантайұлы.
Одан соң, еңбек ардагері А.Мизамбаев ақ батасын берді.


Жас жазба ақындар мүшәйрасы
Жиналған қонақтар осы ауылдың мәдениет үйіне бет алды. Онда қоғам қайраткері Шеген Қодамановтың 120 жылдығына арналған «Қайраткер тұлғасы – тәрбие қазығы» атты облыстық жас жазба ақындар жыр мүшәйрасы өтті.
Алдымен мәдени шараның маңызына мән берген аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов ауылдың толайым табыстарға толы өткен тарихына тоқталып, жас талапкерлерге сәттілік тіледі. Сондай-ақ, Шеген атаның күйеубаласы Ермек ­Түсіп-Абызбай қайраткердің өмірі мен еңбек жолын дәріптеп, мүшәйраға жиналған кейінгі буын жастарға батасын берді.
Мүшәйраға қатысқан жас ақындардың жырларын сарапқа салу үшін Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы, қазылар алқасының төрағасы Нұрболат Сәдуақасұлы, «Аудандық оқушылар үйі» КМҚК директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, қазылар алқасының мүшесі ­Рахметулла Жолтаев және ардагер ұстаз Дайрабай Нұрмановтар қазылық етті. Жас ақындар жыр додасының алғашқы кезеңінде Шеген атаның елге жасаған қызметін, еңбек жолын жастар арасында кеңінен насихаттап, жастардың шығармашылық ізденісіне жағдай жасай отырып, ел рухын көтеретін, поэзияның мүмкіндігін танытатын шығармашылығына жол ашу мақсатында ұйымдастырылған мүшәйраға әр ауданнан 14 талапкер қатысты. Аламанға қосылған жүйріктердің бәрі бірдей бәйге алмайды, бірінің бабы келмейді, бірінің бағы жанбайды. Бұл жыр додасында да қазылар мыңнан – тұлпар, жүзден – жүйрік шыққан ақындарды сараптады. Нәтижесінде, бас жүлдені Қазалы ауданынан келген талантты жас ақын Гүлзада Есмаханова қанжығасына байласа, жүлделі І орын Шиелі ауданының жас жүйрігі Бекжан Ержігітке бұйырды. Ал, ІІ орынды Қызылорданың ақыны Жамбыл Бақытәлі иеленсе, ІІІ орынды шиелілік жас ақын Елдар Әмірхан мен жаңақорғандық Шәкәрім Ибадулла өзара бөлісті. Жүлдегер ақындардың барлығы да бағалы сыйлықтармен марапатталды. Барлық қатысушыларға дипломдар мен қаржылай сыйлық берілді.

Тақта үстіндегі тартыс
Одан соң, қоғам қайраткері Шеген атаның 120 жылдығына арналған «Елін сүйген Ерге құрмет» атты еске алуға арналған ардагерлер арасындағы дәстүрлі шахматтан турнир өтті. Сайысты аудан әкімінің орынбасары ­Алмасбек ­Есмаханов ашып, ойынға жиналған ардагерлерге сәттілік тіледі.
Ауданда шахмат ойынына даярлайтын 3 штаттық жаттықтырушы жұмыс істейді. Бүгінде 150-ге жуық азамат осы шахмат ойынымен шұғылданып жақсы нәтижелер көрсетуде. Турнирдің сәтті өтуіне аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ғ.Есімов атсалысқан. Аталмыш турнирге Б.Күлімбет, К.Жұмабек, К.Ержанов, Ғ.Айманов, Қ.Өтешов, Н.Жанжігіт, С.Сұлтан, Е.Егізбаевтар қатысты. Турнир қорытындысында жарыстың қорытындысы бойынша I орын Болат Күлімбетке бұйырса, II орынды Ғ.Айманов иеленді. Ал, III орынды Қ.Өтешов алды. Қалған жарысқа қатысушы ардагерлерге ынталандыру сыйлықтары мен арнайы алғыс хаттар табысталды.

Ала доп аламаны
Одан соң, «Nur Оtan» партиясының Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Болат Сыздықтың қатысуымен Шеген Қодамановтың 120 жылдығына арналған шағын футболдан аудандық турнир өтті. Онда Болат Мүбаракұлы сөз сөйлеп, спортшыларға жылы лебіздерін білдірді, марқұм Ш.Қодамановтың өнегелі өмір жолы жайлы айтты. Аяқ допшыларға сәттілік тіледі.
– Мемлекетімізде кәсіби спортты дамыту және халықтың бұқаралық спортпен шұғылдануына жағдай жасау мақсатында тәуелсіздік жылдары көптеген спорт кешендері мен алаңдары жаңадан салынып, жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа кейіпке енді. Осындай жағдай жасалғанның арқасында футболдан жерлестеріміз аудандық, облыстық, республикалық турнирлерде көптеген жетістіктерге жетіп, биік шыңдарды бағындырып келеді. Жақында Жаңақорған ауданында өткізілген ауыл спортынан жерлестеріміз футболдан жоғары көрсеткішке жетіп, бірінші орынды иеленді, – деді, Б.Мүбәракұлы. Ауданнан 18 команда өзара бақ сынаған ойында I орынды «Көкшоқы» командасы иеленсе, ІІ орынды «Төңкеріс» командасы жеңіп алды, ал ІІІ орын «Бестам» командасына бұйырды. Жарыс соңында жеңген командалар мен жеңімпаздар кубокпен және алғыс хаттармен марапатталды.

Кеш өтті
Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде аудан әкімі Нариман Мақұлбековтың қатысуымен қоғам қайраткері Шеген Қодамановтың 120 жылдығына арналған «Шоқтығы биік нар тұлға» атты еске алу кеші өтті.
Мерейлі кешке аудан әкімінің орынбасарлары, «NurOtan» партиясының Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Арал аудандық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы Дәуренбек Мадинов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Арал ауданының құрметті азаматы Әділбек Әйімбетов, ардагер, Арал аудандық қоғамдық кеңес төрағасы ­Алдаберген ­Жоланов, Сапақ ауылдық округінің әкімі Жангелді Жалғасбеков, зиялы қауым өкілдері, аудан тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Еске алу кешін аудан әкімі Нариман Мақұлбеков ашып берді.
– Биыл қазіргі ұрпақтың маңдайына бұйырған бақ, біз үшін ең құнды да қастерлі байлығымыз – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында көптеген игі істер, ауқымды іс-шаралар жасалып келеді. Тәуелсіздікті тәңір сыйы ғана емес, бағым деп бағамдайтын осындай құнарлы топырақтан алты алашқа аты мәшһүр айтулы азаматтар шыққан. Соның бірі де бірегейі – халқына қорған, ұлтына ұран болған мемлекет және қоғам қайраткері Шеген Ермұхамедұлы Қодаманов. Ұлағатымен ұлтын ұлықтаған қайраткер найзағайдай жарқылдап, мемлекет мүддесінің жоқшысы болып, саналы ғұмырын халқының рухани өсуіне, қазақ елінің дамуына арнады. Туған топырағы Шиеліге оралып, «Төңкеріс» ауылының іргетасын қалауға кіріседі. Ауылға береке кіріп, мал өсіру фермасы ашылып, халық егін егумен шұғылдана бастады. Оның іс-тәжірибесі еліміздің түкпір-түкпіріне таратылды. Қазір де ауыл келбеті жаңа заманға сай өзгерген. Ауылдың экономикалық кемелденуінің қайнар бастауында тұрған Шеген Ермұхамедұлы Қодамановтың есімімен аталады. Жаңадан әлеуметтік нысандар бой көтеріп, көгілдір отын кіргізіліп, пайдалануға берілгелі отыр. Бүгін мемлекет және қоғам қайраткері Шеген Қодаманов ағамыздың 120 жылдығына арналған шаралар өзінің аты берілген ауылдан бастау алып жаңадан құрылысы жүргізілген қақпа-төлқұжатының тұсауы кесілді. Тұран ауылдық округінде облыстық жас ақындар мүшәйрасы мен кент орталығында шағын футболдан турнир мен аудан ардагерлері арасында шахматтан жарыс өткізілуде. Міне, шаралардың жалғасы Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде өздеріңіздің қатысуыларыңызбен еске алу кешімен жалғасуда, – деді аудан басшысы Н.Мақұлбеков.
Кеш барысында Шеген Қодамановтың немересі, академик, медицина ғылымдарының докторы, профессор, бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілі Шахмұрат ­Ысмайылов, Арал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Арал ауданының «Құрметті азаматы» Ә.Әйімбетов қоғам қайраткері ­Шеген Қодаманов жайлы естеліктерін жеткізіп, айтулы шаралардың тәрбиелік мәні зор екендігін және өскелең ұрпақтың жадына дәріптеу қажеттігін тілге тиек етті. Кеш соңында Шеген Қодамановтың ұлы Бақытжан Қодаманов осы игілікті шараны ұйымдастырған аудан басшыларына алғысын білдірді.

Шапағат Тілеубаев
09 қараша 2021 ж. 839 0