Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тағдыр тығыры

Тағдыр тығыры


Ол кез келесі күні не боларын білмейтін, аласапыран, қуғын-сүргін заман болатын. Қазақ елін жайлаған зұлмат жазықсыз жала жауып, Шиелінің арыстай азаматы Шеген Қодамановты «Кеңес үкіметінің саясатына қарсы шыққан адам» деп айып тағады.
Осылайша, сот Ш.Қодамановқа қатысты шешімді шұғыл қабылдап, атышулы «Үштік» 36 жасар жігітті ойланбастан өлім жазасына кеседі. Оның маңдайына жазған тағдыры оңынан туып, ату жазасын 25 жылдық бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру жөнінде бұйрық жетеді. Сөйтіп, қыл үстіндегі мүшкіл халі келешегіне үміт отын жақ­қан­да болады. 1938-1944 жылдары ­­­М.Дәулетқалиев, Р.Хайруллин, ­­Б.Байғанаевтар­ Ресейдің Свердловск облыс­ындағы саяси тұтқындарға арналған лагерьде айыптарын өтейді. Соғыс басталғанда кеудесін намыс кернеген патриот Шеген бастаған бір топ тұтқын қапаста жатып өлгенше, неміс фашистерінен Отанымызды қорғау үшін жоғарғы бас қолбасшыға әскерге алдыңғы сапқа жіберу жөнінде өтініш жасайды. Өздерін штрафной батальон құрамында соғысқа алуды сұрайды. Бірақ айыппұл батальонына сотталған қылмыскерлерді алса да, саяси тұтқындарды алмайтыны аян тұғын. Түрменің сүреңсіз өмірін, қорлығы мен зорлығын, адам айтқысыз азабын 7 жыл тартып, төзімділігі, шыдамдылығы, қайсарлығы мен өжеттілігі арқасында ғұмырының жаңа белесіне жол ашады. 1945 жылы Кеңестер Одағының Германиядағы Ұлы Жеңісінің себебіне орай Ш.Қодамановқа рақымшылық жасалынып, Ұлы Отан соғысынан қайтқан солдаттардай аман-есен туған еліне оралады. Сымбатты, сұңғақ бойлы, ірі денелі Шеген көкеміз түрме лагерінде жапырақ жеп аш болса да, өзінің мықты денсаулығына, қайрат-күшіне сеніп, қиындықтың барлығын жеңіп шығады. Жазықсыз қудалауға ұшыраған, қылмыс жасамай сотты болған Шегендей ер-азаматты қалайша мақтан етіп, еске алмасқа. «Бар пенде уақыттың уысында, сол білер ұрысың ба, ұлысың ба!» демекші, қиын кезеңдерде ұлылығын танытқан Шеген Қодамановпен мемлекет және қоғам қайраткерімен мақтануға да, марқаюға да болады. Биылғы жылы оның туғанына 120 жыл толып отыр. Біздің қазақ халқы дәрежеге емес – дәстүрге бағынған. Дархандығын – байтақ даласымен өлшеген, сара сөз бен дана сөзге тоқтаған, намысын – найзаға, өткірлігін – қылышқа теңеген. Мәртебесін – төрі деп санаған. Ұлын – нарға, қызын – арға балаған. Тіліміз бен дініміздің асыл қасиеттерінен айрылып қалмаған. Ауыздары дуалы, өздері уәлі ұлылар бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне ұлан-ғайыр әсерін тигізері хақ. Солардың қатарында Шеген Қодаманов көкеміздің алар орны ерекше. Ол Ташкент қаласындағы теміржол техникумында оқып жүргенде қазақтың көрнекті ақын-жазушылары, комсомол жетекшілері, белгілі қоғам қайраткерлері М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, М.Әуезов, ­Ғ.Мұратбаев, С.Қосжанов, Ә.Диваев, ­ И.Тоқтыбаев секілді беделді адамдармен танысып, солардың қамқорлығында болған. Олардың ағалық ақыл-кеңестерін алады. Бұл кісілер Шеген Қодамановтың келешек өмір жолының қалыптасуына зор ықпал жасайды. Бұл оқу орны 1919-1923 жылдары Түркістан Республикасының ұлттық кадрларының дайындығы үшін ашылған екен. Осында Ш.Қодаманов «Киркомиссияның» ең белсенді мүше­лерінің бірі болып, Кеңес үкіметі кезінде Қазақ Автономиялық Республика­сының құрылуына атсалысқан, әсер еткен жастардың алдыңғы қатарынан көрінеді. Ол теміржол техникумын үздік бітірген соң, Санкт-Петербург қаласындағы Я.Свердлов атындағы жұмысшы-шаруа университетінде, яғни, коммунистік жоғарғы партия оқу орнында жалғас­тырады. Бұл 1923-1925 жылдар кезі еді. Осында оқи жүріп, В.Ленинді көреді, жиындарда өздерін тыңдайды. Революция бесігінде тербелген жалынды комунисті (1923 жылдан ВКП (б) мүшесі) Ш.Қодаманов жоғарғы оқу орнын тәмамдаған соң Ташкентке қайта оралып, жас Түркістан мемлекетін құруға атсалысады. 1926-1927 жылдары Гурьев облыстық (қазіргі Атырау облысы) партия комитетінде үгіт-насихат бөлімінің, өлкелік партия комитетінде мал шаруашылығы секторының менгерушісі қызметін атқарады. 1927-1929 жылдары 26 жасында Теңгиз, қазіргі Құрманғазы ауданының бірінші хатшысы, 1929-1931 жылдар аралығында Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жұмыс атқарған. Мұнан соң 1931-1934 жылдары ол Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып, облыстық партия ұйымдарына жетекшілік жасайды. Орталық партия комитетінің ұйғарымымен 1934 жылдың 1 ақпанынан 1937 жылдың қазан айы аралығында Алматы облысы, Қаратал ауданы партия комитетінің бірінші хатшылығы қызметіне жіберіледі. Тек жақсы қырынан көрінген Шеген Ермұқанбетұлына үлкен сенім артылады. Ш.Қодамановқа Республика азық-түлік жөніндегі халық комиссары әрі қант тресінің басшысы қызметін қатар алып жүру жүктеледі. Осы жерде бір қамба астықты кедей-кепшікке таратқаны үшін ол – НКВД-ның қара тізіміне ілінеді. Содан 1938 жылдың 25 наурызында жазықсыз жала жабылып, тұтқындалады. Зұлым саясаттың кесірінен Ш.Қодамановқа 1938-1944 және 1949-1955 жылдары «халық жауы» деген айып тағылып екі рет сотталады. Түрмеде жатып, сол жердегі қылмыскерлерге бас қолбасшының атына хат жазып беріп, көптеген орыстар түрмеден босап, штрафбатқа барып соғысып, Шегенге рақметтерін айтып жатыпты. Сөйтіп, білімді де сауатты Ш.Қодаманов орыстардың өзін таңдантып отырған. Тар қапастағы тұтқындар оны төбелеріне көтеріп, өздерін өлімнен, түрмеден құтқарған Ш.Қодамановқа алғыстарын жаудырып жатады екен. Оны түрмеден түрмеге жиі ауыс­тырып отырған. ГУЛАГ жүйесіндегі Сібір, Дальный Восток, Магадан, Колыма т.б. түрмелерінде болды. Онда көбіне тамақ болмай, көптеген адамдар аштықтан өледі. Екінші мәрте сотталған Ш.Қодамановты қайтадан ГУЛАГ-тың орталығына айналған Свердловқа, одан соң Сталиндік жүйедегі азап лагеріне айналған өз еліндегі «Карлагқа» (Қарағанды облысы), содан кейін «Степлагқа» жібереді. Осы түрмелерде жергілікті халық тұтқындарды «құртпен» атқылап, соның арқасында көбісі тірі қалған. Солардың ішінде Ш.Қодаманов та бар еді. Ш.Қодаманов алғашқы соттылығына кешірім алғаннан кейін 1945 жылы түрмедегі орыс досы В.Супонин екеуі Қызылорда облысына қарасты «Тартоғайға» «ерікті жер аударумен» келіп қоныстанады. Шегеннің кенже ұлы Бақытжан Шегенұлының айтуынша, В.Супониннің әйелі Шиелідегі №46 А.С.Пушкин атындағы мектепте Бақытжанға сабақ берген көрінеді. Ал, мұғалім апайының күйеуі В.Супонин мен әкесі Шегеннің достықтары бір-бірімен өмірлерінің соңына дейін ажырамаған. Ш.Қодаманов «Тартоғай» совхозында 1945-1949 жылдары қосалқы шаруашылықтың бастығы қызметінде болған екен. Ш.Ермұқанбетұлы (жұрт Ержан деп кеткен) 1949 жылы қайта сотталып, 1955 жылы өзінің табандылығы мен мықтылығының нәтижесінде тозақ ­отынан екінші рет құтылып, елге аман-есен оралады. «Халық жаулары» атанған бір топ адамды Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, «Тасты» деген жерде, құмның арасындағы жаңадан ашылған мал совхозына жібереді. Саяси тұтқындар осында 1959 жылға дейін жұмыс істейді. Жол салады, мектеп, балабақша, аурухана, көптеген тұрғын үйлер соғады. 1959 жылы Ш.Қодаманов осы жерде ақталып, партбилетін қолына алып, республикалық деңгейдегі пенсия тағайындалып және одақтық деңгейдегі «дербес зейнеткер» атанып туған жеріне, сүйікті еліне келеді.
Ресейдегі Санкт-Петербургте білім алған, жастайынан камунистік партияның мүшесі болып, кеңес өкіметінің болашағы үшін қызымет еткен, сотталса да өмірінің соңына дейін адалдықтан, шындықтан, адамгершіліктен таймаған Шеген Қодаманов Шиелі ауданындағы №22-ші бекетке сәл тұрақтап, одан «Төңкеріс» ауылына көшіп келіп, үй салады. 1963 жылға дейін осында құс фермасын ашып, одан колхозда звено жетекшісі болып күріш егеді. Туған ауылының тыныс-тіршілігіне, өміріне белсене араласып, халықтық бақылау комитетінің төрағасы қызметін жан-тәнімен, ыждағаттылықпен атқарады. Колхоздың экономикасы мен мәдениетінің дамуына зор үлес қосады. Балалары Тельман, Эрнет, Лазарлар да ауылға келіп жұмыс істейді.
Қодаманов ­Шеген Ермұқанбетұлы 1901 жылы Ақмешіт уездінің Шиелі болысында орналасқан «Ақмая» ауылында дүниеге келген. Сол уақытта «Ақмая» артелі атанған елді мекенді қоныстанған әкесі Ермұқанбет жүз шақты түйесі, бірнеше отар уақ малы бар ауқатты, беделді кісі болыпты. Өзі сауатты, көзі ашық адам болған соң ұлы Шегенді де араб және орыс тілін меңгеретін мектепке оқуға жібереді. Алғыр оқушы Шеген оқуын жалғастыра жүріп, Перовіскідегі (Қызылорда қаласы) локомативті жүк қоймасында жұмысшы болып еңбек жолын бастайды, жас жігіт шыңдала түседі. Кейінірек ­Ш.Қодамановтың халық жауы емес, еліне ерен еңбегімен танылған тұлға ретінде ақталып шықанын білеміз. Сол кездегі рес­публика басшылығы оның бай тәжірибесін, білімін ескере отырып, сотты болғанына қарамастан оны Жетісу өңіріндегі қант зауыттарын басқару қызметін қайта ұсынады. Недеген құрмет?! Өкінішке қарай Ш.Қодаманов ол жылдардағы естеліктерді жанына ауыр алып, бұл қызметтен бас тартады. Туған еліне қарапайым еңбек етіп, 1974 жылы 23 наурызда 73 жасында өмірден озады. Қазақтың қырғи ақыны М.Мақатаев айтқандай, «Бекер ғой, бәрі, бекер ғой бәрі – бөтен ғой, Өмір дегенің – бір күндік сәуле екен ғой» – деп, қайран Шеген көкеміздің азапты ғұмыры да, еліне жасаған өлшеусіз, жасампаз еңбегі де бір күндік сәуледей жарқ етіп өте шықты. Сүйген жары, жұбайы Қатша екеуі төрт ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіреді. Олар: Тельман, Жәмила, Эрнест, Лазарь, Сәлима, Шәрипа, Бақытжан есімдерімен Қодамановтар әулетінің де Шегендей бір туар тұлға әкелерінің де аттарына кір келтірмей, әр салада еліне қызмет ете білді. Мысалға, Шегеннің кенже ұлы Қызылорда облысы, Арал ауданының әкімі болып, абыройлы қызмет атқарғанын Шиелі халқы ұмыта қойған жоқ. Бүгінгі таңда Шеген көкеміздің 30 немересі, 70 шөбересі және 25 шөпшегі өсіп-өніп жетілуде. Немерелерінің алды зейнет жасында. Өмір заңының өкініш парағына зер салсаң, оның ұлдары ­Тельман, Эрнест, Лазарь, сондай-ақ немерелері Бағлан, Ерлан, Марат, Исмаил, Нұрғалилар да жер қойнауынан орын тауып, дүниеден озған. Құдай қалғандарына өмір берсін дейміз. Мемлекет және қоғам қайраткері Шеген Қодамановтың соңында тауып-өскен жері, еске алар елі, білімді, ұлағатты да парасатты ұлын ұмытпайтын, оны мақтан тұтар төңкерістік халық қалды. Қазіргі таңда Тұран ауылдық округі, ­Шеген Қодаманов ауылы деп аталатын Шиелі ауданының алдыңғы қатардағы экономикасы мен мәдениеті өрлеген, жандары жайсаң ақсақалдары мен мейірімді аналары жайнаған, ұлдары – ұлықты, қыздары – қылықты, жастары жалынды, әкімдері қарымды, көкке оранған әсем ауыл кімді болса да сүйсінтері сөзсіз. Кешегі ұрпақ Кеңес Одағының «Төңкерісін» төңкеріп тас­тады. Бүгінгі ұрпақ Шеген Қодамановтың есімін келешек ұрпаққа дәріптеп жатса, аталарының асығының алшысынан тұрғаны. Соншама қиындыққа мойымаған қайсар жан, қуғын-сүргіннің құрбаны болған, туған жерінің даңқын шығарған, Шиелінің ардақты ұлы, түбінде мықты адам Қодаманов Шеген Ермұқанбетұлы – мәңгілік. Шиелі аудандық әкімдігінің 1996 жылдың 21 сәуірдегі өкімімен бұрынғы «Төңкеріс» ауылына Ш.Қодамановтың есімі берілген. Жаттанды төңкеріс сөзінен арылатын мезгіл жеткен сияқты. Бүгінгі қоғамға Ш.Қодаманов ауылы қомақты естіліп жатса, болашақ ұрпақтың есінде қалар үлгі өнеге болары анық. Ол – мәңгілік жолын өзі салып кеткен қайталанбас тұлға.

Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер одағының мүшесі, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

22 қазан 2021 ж. 550 0