Жала жабудан жапа шеккен елміз
Өткенді таразыламай болашаққа нық қадам жасай алмаспыз. Иә, бүгін тағы да тарихты қозғап, қанға сіңіп бара жатқан қажетсіз қасиет жайында қаузамақпыз. Алаш ардақтыларын айдауға салып, «халық жауына» балап, түрмеге тоғыттырған көреалмаушылықтың салдарынан жолдасына жала жауып, құрдасын құрдымға жібергенін ащы шындық айшықтап берді. Халық қалаулыларына жағылған күйе әшкереленгенімен тарихта қаралы кезеңге айналды.
ХХ ғасырдың 30-50 жылдарындағы сталиндік қуғын-сүргін саясаты қазақ халқының саяси, мәдени өміріне аса зор шығын келтірді. Бұл қазақ халқының ұлттық қалыптасу үдерісіндегі, сапалық құрамындағы ең ауыр, орны толмас зардаптары еді. Тарихшы-ғалым, академик К.Нұрпейісов 1917-1991 жылдар аралығындағы Қазақстан тарихына байланысты саяси қуғын-сүргіндер тізбегін мынадай алты кезеңге бөліп қарастырады. Бірінші кезең 1917-1920 жылдар аралығын қамтиды. Бұл кезде Кеңес өкіметінің орнауы мен азамат соғысының орын алуына байланысты өлке тұрғындары «ақ» пен «қызылға» бөлініп қырылысты. Олар бір-біріне «революционер», «контрреволюционер» деген саяси айыптар тақты.
ХХ ғасырдың 30-50 жылдарындағы сталиндік қуғын-сүргін саясаты қазақ халқының саяси, мәдени өміріне аса зор шығын келтірді. Бұл қазақ халқының ұлттық қалыптасу үдерісіндегі, сапалық құрамындағы ең ауыр, орны толмас зардаптары еді. Тарихшы-ғалым, академик К.Нұрпейісов 1917-1991 жылдар аралығындағы Қазақстан тарихына байланысты саяси қуғын-сүргіндер тізбегін мынадай алты кезеңге бөліп қарастырады. Бірінші кезең 1917-1920 жылдар аралығын қамтиды. Бұл кезде Кеңес өкіметінің орнауы мен азамат соғысының орын алуына байланысты өлке тұрғындары «ақ» пен «қызылға» бөлініп қырылысты. Олар бір-біріне «революционер», «контрреволюционер» деген саяси айыптар тақты.
Екінші кезең 20 жылдарды, әсіресе, оның екінші жартысын қамтиды. Бұл – Кеңес Одағында сталиншілдік, әкімшіл-әміршіл басқару жүйесінің нығая бастаған тұсы еді. Бұл кезде Қазақстанда Ф.Голощекиннің «Кіші октябрь» аталған авантюристік саясатын жүзеге асыруға кіріскен уақыты. Саяси қуғын-сүргіннің үшінші кезеңі 30-шы жылдардың басын қамтиды. Бұл кезеңге Алаш қозғалысы жетекшілері мен қатардағы мүшелерін жаппай түрмелерге жабу мен соттау белең алды. Саяси репрессияның төртінші кезеңі 1937-1945 жылдар аралығын қамтиды. Бұл кезеңдегі қуғын-сүргін «халық жауларымен» және «социалистік отанына сатқындық жасағандармен күресу» деген ұрандардың аясында жүргізілді. Бесінші кезең 40-шы жылдардың екінші жартысы мен 50-жылдарды қамтиды. Бұл кездегі саяси қуғын-сүргіндердің тоқпағы алдымен тағы да интеллигенцияға қарсы бағытталып, елдің зиялы қауымын қудалау және жәбірлеу буржуазияшыл ұлтшылдар мен тексіз космополиттермен деген ұраншылдықтың аясында жүргізілді. Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіннің алтыншы кезеңі 1986 жылы желтоқсанда Алматыда және еліміздің басқа қалаларында ұлт-азаттық мәніне ие болған көтерілісті және оның салдарын басып-жаныштауға бағытталды. 1937-1938 жылдардағы қазақ элитасын сиретіп тастаған саяси қуғын-сүргін ұлт мәдениетін ауыр қазаға ұшыратты. Қазақ тарихындағы ең ауыр трагедия саналатын осы қуғын-сүргін саясаты ХХ ғасырдың 40-50 жылдарында жаңа сипатқа ие болды. Бұл жылдары саяси қуғын-сүргіннің нысанына әдебиет пен мәдениет саласының ірі өкілдері ілінді. ХХ ғасырдың 40 жылдарының екінші жартысында әдебиет пен мәдениет, өнерге қатысты қабылданған партиялық қаулы-қарарлар қоғамдық ғылым салаларының, әсіресе, әдебиетші, тарихшы ғалымдарға қарсы жасалған ашық майдан екенін тарихшылар айтып келеді.
«Үлкен террор» деген атаумен тарихта қалған репрессия құрбандарының жазықсыз оққа ұшуы сөз тасып, ор қазған жанындағы жандайшаптардың әрекетінен деп тарихшы К.Нұрпейісов те жазады. Бүгінде әлемжеліде көз сүрінетін жала жабу, бірін-бірі орынсыз сынап, енді қызметте кеудесін тіктегенді орнынан тайдыруды көздеген жазбаларды көргенде саяси репрессияның жазықсыз құрбанына айналған Алаш арыстарын еске аламыз. 1930 жылдары билік Жүсіпбек Аймауытовты ату жазасына кесті. 1931 жылы сотсыз, тергеусіз Шәкәрім атылды. 1935 жылы ГУЛАГ лагерьлерінің бірінде Міржақып Дулатов өлді. 1930 жылдардың басында саяси себептермен екі жарым жылға қамалған Мұхтар Әуезов түрмеден шыққаннан кейін үш жылға шартты жазаға кесілді. Тіпті, бұл күні Шиелі кентінің орталық стадион жанында ескерткіші орнатылған Иманжүсіп Құтпанұлы да 1931 жылдың 2 наурызында «Халық жауы» деп жарияланып, ату жазасына ілінген еді. Аяқтан шалып, етектен тартып, бір-бірін күндейтін қасиеттен арылатын кез жетті емес пе? Бұл қасиет қазаққа опа берді ме? Біреу көлік мінсе де, біреу үйге кірсе де қара ниет, арам пиғылды таңып қойып, әлеуметтік желіде оң-солы зерделенбеген жалаң ақпаратпен қаншама тағдырды жалмап барамыз. Сынын айтып мінін түзету дегенді, қисық сөйлеп, тақтан тайдырумен жаңылыстырып алғандаймыз ба, қалай?
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ