Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дәуір дүлдүлі

Дәуір дүлдүлі

Жуырда Шиелі кентіндегі «Арман» мәдениет үйінде Бименбет Есенәліұлының 210 жылдығына арналған «Дәуір дүлдүлі Балаби – шешендік өнер шырағы» атты облыстық ғылыми-танымдық конференция өтті.Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға ғалымдар, зиялы қауым, аудан ақсақалдары мен тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты.Конференцияны аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов ашып, тағылымды шараның мақсатын сөз етті.
– Қазақ халқының тарихында билер сөзінің маңызы ерекше. Бірнеше ғасырдан бері халықтың кәдесіне жарап, ұмытылмай келе жатқан сондай асыл сөздердің жиынтығы Балаби есімімен байланысты. Балаби – әділдігімен, алғырлығымен, туралығымен, шыншылдығымен ел жадында сақталған тұлға. Атақты ақын Мәнсүр Бекежановтың Иманжүсіпке өлеңмен жазған хатында «Балаби – датқалардың үлкені» деп айтылады. Осыдан-ақ оның өз заманының сұңғыласы болғанын аңғару қиын емес. Бүгінгі шараның мақсаты да тарихи тұлғаны жас ұрпаққа дәріптеу. Балабидің ғибратты ғұмыры мен өнегеге толы мұрасын зерттеу мұнымен тоқтамайды, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Конференция аясында Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, ақын-жазушы, елге белгілі қаламгер, облыстық «Сыр бойы» газетінің журналисі Дүйсенбек Аяшұлының «Мың жылдық мирас» кітабының тұсауы кесілді.
Ғылыми-танымдық конференцияда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Болат Боранбай, қаламгер Дүйсенбек Аяшұлы, облыстық музейдің ғылыми қызметкері Гүлжанар Оразалиева, Шиелі аудандық өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Бекболат Әбуов баяндама жасап, Балабидің ғибратты ғұмырына тоқталды.
Тәңір таңдайына берген шешен, кейінгі ұрпаққа асыл сөзден мәңгі өлмес мұра қалдырған тарихи тұлғалардың бірі – Бименбет Есенәліұлы. Есімі сыр бойына ғана емес, исі қазаққа танымал кісі. Шешімін адам таппас талай дауды қиыннан қиыстырып, амалын ақылмен тапқан, қара қылды қақ жарған әділ қазы, сол үшін тура би атанған әрі қазақта қара сөзге дес бермеген сөз зергері. Тарихи деректерде Балаби шешен 1811 жылы Шиелі ауданындағы Бәйгеқұм, Жөлек ауылдарының маңында өмірге келген деп айтылады. Күні бүгінге дейін ел жадында Балаби есімімен сақталған тұлғаның атында Шиелі ауданында ауыл бар. Баба есімін дәріптеу, ұрпақ жадында жаңғырту мақсатында спорттық жарыстар, ақындар мүшәйрасы сынды шаралар өткізіліп келеді. Конференция соңында Балаби шешенге арнап кітап жазған Дүйсенбек Аяшұлына құрмет көрсетіліп, қазақы дәстүрмен шапан жабылды.

Ш.Тілеубай
29 қазан 2021 ж. 441 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930