Шетін мәселе шешімін тапқандай

– Темір жол станциясы маңында орналасқан бұл әжетхана біріншіден біздің теңгерімге кірмейді. Бұл мәселені аудан, кент әкімдерінің назарына да ұсынып келемін. Алайда, әжетхана орны кімнің теңгерімінде екені әлі күнге анықталмады. Ал, тазалық мәселесіне келер болсақ, осы кезге дейін жеке қаражатыммен де арнайы техника шақыртып келгенмін. Кейде, қызметкерлерге өтініш айтып тазалатуға тура келеді. Себебі, қарапайым осы бір мәселе үшін аудан атына кір келуі мүмкін, – деген еді вокзал басшысы.
Жыл басынан бері екі қайыра газетке жарияланған мақалаға кент әкімі Ғ.Аманжолов жауап қатпады. Тек журналистің мақаласы емес, аудандық теміржол вокзалының басшысы А.Досымов та 2019-2020 жылдары екі рет осы мәселеге байланысты хат жолдаған. Бұл жұмысына деген жауапсыздық па, әлде...
Хош, айтпағымыз бұл емес. Біз айтқан мәселе шешімін тапты. Оны кәсіпкер Жеңісбек Ержанов қолға алды. Қолаңса иіс қолқаны алып, жанына жақын бара алмайтын әжетхана ішін тазалап, әктеу, сырлау жұмыстарына кірісіп те кетті. Ол «Шиеліге күніне қаншама пойыз келіп-кетеді. Сол сәттерде сырттан келген қонақтар әжетханаға жақындағанда мұрнын басып, бетін шымшып, тұра қашатын еді. Өзім осы жердегі «Гүлназ» азық-түлік дүкенінің иесімін. Кейде, келген қонақтар «не сұмдық, отырған жерлеріңді таза ұстасаңдар болмайды ма?» деп ұрысып кететін. Айтуға уәж таба алмай қаламын сол сәттерде. Осылай екі ойлы жүргенде аудандық басылымнан осы мәселені оқыдым. Тәуекелге бел буып, осы мәселене шешуге кірістім» – дейді жеке кәсіпкер Ж. Ержанов.
Бұрын жарияланған мақалада жеке кәсіпкерге беру мәселесін де көтергеніміз рас. Осы бастаманы қолға алған кәсіпкер вокзал жанындағы әжетхананы заманауи үлгіге сай түрлендіргісі келеді. «Ең әуелі ішіне жылу орнату қажет. Олай болмаса қыстың күні су қатып, тағы да жағымсыз жәйттер орын алады. Бірақ, ол үшін құжаттарды заңдастыру керек екен. Енді осы іс оң шешімін тапса, ақылы әжетхана қызметін ұсынатын боламын» деп түйіндеді сөзін.
Тілшілік тірлікте жазылған дүние жабулы күйінде қалмауы үшін «журналистік зерттеу», «мәселе», «әкім назарына» сынды айдарлар жүргізіліп келеді. Әрине, барлығы бірдей шешім тауып кетті демейміз, алайда, күрмеулі мәселенің түйіні тарқатылып келеді. Ендігі кезекте кәсіпкер Жеңісбек Ержановтың құжаттарды рәсімдеуде қиындықтарға кездеспеуі маңызды.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ