Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әжетхана әлегі немесе әкім неге әрекетсіз?

Әжетхана әлегі немесе әкім неге әрекетсіз?

«Ұлы сөзде – ұят жоқ» деуші еді ғой. Десек те, айтсаң – ұят, айтпасаң – қиянат боларлықтай қисынсыз мәселе қалам ұшына ілікті. Бұрнағы күні редакцияға хабарласқан вокзалдағы ағайынның жанайқайы десек те болады. Қос рельстің үстімен күніге қаншама жолаушы келіп-кететін Шиелі станциясы вокзалындағы сыртқы әжетхананың ахуалы адам көргісіз. Қолқаны қабатын жағымсыз иістен қажеттілікті өтемек түгілі жақын бара алмайсыз.

Көкейдегі мәселені көтере келген бір топ вокзалдағы саудагерлерге құлақ түріп, түйіткілді көзбен көрмекке жол тарттық. Айтқанындай-ақ бар. «Өскен өңір» газетінің бас редакторы, мәслихат депутаты Н.Пірімбет, шаттан тыс тілші М.Сәдуақасқызы да мәселенің мән-жайына қанығып, әжетхана әлегіне бір тоқтам қою керектігін жеткізді. Анық-қанығын білмекке алдымен Шиелі станциясы вокзалының бастығы А.Досымовтың есігін қақтық.
– Темір жол станциясы маңында орналасқан бұл әжетхана біріншіден біздің теңгерімге кірмейді. Бұл мәселені аудан, кент әкімдерінің назарына да ұсынып келемін. Алайда, әжетхана орны кімнің теңгерімінде екені әлі күнге анықталмады. Ал, тазалық мәселесіне келер болсақ, осы кезге дейін жеке қаражатыммен де арнайы техника шақыртып келгенмін. Кейде, қызметкерлерге өтініш айтып тазалатуға тура келеді. Себебі, қарапайым осы бір мәселе үшін аудан атына кір келуі мүмкін, – дейді, вокзал басшысы.
Шиелі темір жол вокзалы перронында санитарлық жағдайы нашар, егесіз тұрған сыртқы әжетханаға байланысты жолаушылар мен кент тұрғындарынан бұған дейін де арыз-шағымдар түскен. Алайда, әжетхана орналасқан жер «ҚТЖ» ҰҚ АҚ-на бөлінген аумаққа кірмейтіндіктен санитарлық жағдайын қадағалайтын жұмысшыларды бөлу мүмкін болмай тұрған көрінеді. Аталған мәселені шешу үшін кент әкімі Ғ.Аманжоловқа 2019 жылдың 19 желтоқсанында, 2020 жылдың 2 ақпанында қызметтік хат жолдаған вокзал басшысы әлі күнге жауап күтіп жүр.
Заңға сүйенсек, қызметтік хатқа 3 күнде жауап берілуі тиіс. Дегенмен, жауап 3 күнге емес 3 жылға созылғанына қарағанда сыртқы әжетхана орналасқан жер учаскесінің кімге тиесілі екені әлі анықталмаған болар деп топшыладық. Әзілкеш Нұржан Төлендиевше айтсақ, «шешілмейтін түйін жоқ». Егер егесі анықталмаса аталған жерді «ҚТЖ» ҰҚ АҚ-на уақытша пайдалануға неге бермеске? Оны да жаратпаса темір жол вокзалына тиесілі жерден жаңа әжетхана салудың жолын қарастыруға болмас па? Сан сауалдың жауабын білмекке кент әкімідігіне хабарласқанымызбен кент әкімін де, орынбасарын да таба алмадық. Хатшы қыз жиналыс, кент ішіндегі шаруалардың басы қасында жүргенін тілге тиек еткен соң, жеке ұялысына да қоңырау соқтық. Алайда, жиналыста отырған кент әкімімен тілдесудің сәті бұйырмады.
«Сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салар?» деп әкім мен вокзал бастығы біріне-бірі сілтеп уақыт оздырып жүр. Ал, жүргінші жұрт түзге қайда отырарын білмей жүгіріп, жүнжіп жүр.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
05 маусым 2021 ж. 572 0