Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Оқушыларға мектепте вакцина салынбайды

Оқушыларға мектепте вакцина салынбайды

Бұл күндері екпе жайлы түрлі пікір тарап кетті. Жаһанды жайлаған індеттің беті әлі қайтар емес. Бүкіл әлемді әбігерге салған коронавирус инфекциясы бір сәтте бірталай адамды ажал құштырды. Атанды да жығатын ауру жас талғамай жолына кездескенін жалмағанынан хабардар болдық. Әсіресе, балалардың арасынан да табылған дерт баршамыздың көңілімізді алаңдатып қойды. Індеттің екпіні бәсеңсігенімен, ауру ошағы толық жойылған жоқ. Сондықтан, ең бірінші сақтық шараларын ұстанып, індетке қарсы екпе қабылдағанымыз абзал.
Бүгінде 2020 жылдан бері коронавирус инфекциясымен Қызылорда облысында 18414 науқас тіркеліп, 17591 адам емделіп шықты. Өткен тәулікте коронавирус инфекциясымен 22 жағдай тіркелген. Осы орайда газет оқырмандарына түсінікті болу үшін Қызылорда төңірегіндегі аудандардағы індет жұқтырғандардың санына тоқталатын болсақ, (Қызылорда қ. – 16, Арал – 1, Қармақшы – 1, Шиелі – 3, Жаңақорған – 1) тіркелді, 17 науқас (Қызылорда – 5, Қармақшы – 3, Сырдария – 1, Шиелі – 6, Жаңақорған – 2) емделіп шықты. 2021 жылғы 18 қазандағы жағдай бойынша Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы «Қызыл» аймақта: Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары тұрғанын көрсетеді. Ал, «Сары» аймақта : Алматы, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары. «Жасыл» аймақта: Шымкент, Ақтөбе, Атырау, Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда облыстары бар.
Елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 918146 жетті. Өткен тәулікте коронавирус инфекция­­сын жұқтырған 1642 жағдай тіркелді. Елімізде үш ірі мегаполис пен көрші облыстар бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырғандарға тоқталар болсақ, Нұр-Сұлтан қаласында – 238, Алматы қаласында – 318, Шымкент қаласында – 16, Ақмола облысында – 122, Ақтөбе облысында – 25, Алматы облысында – 107, Атырау облысында – 42, Шығыс Қазақстан облысында – 103, Жамбыл облысында – 21, Батыс Қазақстан облысында – 37, Қарағанды облысында – 149, Қостанай облысында – 114, Маңғыстау облысында – 4, Павлодар облысында – 168, Солтүстік Қазақстан облысында – 132, Түркістан облысында – 24. Қызылорда облысында – 22 азамат тіркелген. Індетпен күресу жұмыстары тоқтаған жоқ. Вакцинация­­лау жұмысы да қарқынды жүргізіліп жатыр. Дегенмен тұрғындар арасында әлі де болса бейқамдық байқалады. Сондықтан, әрбір азамат өзіне, айналасына, туған -туысына қамқорлық, жанашырлық танытып, індеттен құтылудың жалғыз жолы екпе екенін есінен шығармай жүргені абзал.
Бүгінгі таңда аудан тұрғындарының арасында қызу талқыға түсіп тұрған мәселе мекеп оқушыларына екпе салынады деген ақпар. Алайда, баласының денсаулығын ойлаған ата-ана өздерінің рұқсатынсыз баласына мектеп ішінде екпе салдыруға қарсылығын білдіруде. Сондықтан да, вакцинаға байланысты мамандардың сөзіне сүйеніп, оқушыларға мектепте вакцина салынбайтынын жеткізуді жөн көрдік. Иә, бүгінде 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге ешқандай вакцинациялау жүргізіліп жатқан жоқ. Дегенмен, Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымының мақұлдаған 12-17 жас аралығындағы балаларға «Pfizer» вакцинасы ұсынылуда.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаевтың айтуынша, Денсаулық министрлігі америкалық компаниямен келіссөздер жүргізуде. Нәтижелі болған жағдайда биыл IV тоқсанда елімізге жеткізу жос­парлануда. Айта кету керек, вакцинациялау ата-аналардың және заңды қорғаушылардың келісімімен жүргізіледі. Балаларға мәжбүрлеу, мектепке кіргізбеу жұмыстары болмайды. Бұл балаларымызды аурудан қалай сақтаймыз, вирустан қалай қорғанамыз деген көптеген ата-аналардың өтінішін қанағаттандыру мақсатында жүргізіліп жатыр. Ескере кету қажет, вакцина салу білім ордаларында жүргізілмейді. Өздеріне қарасты емханаларда салынатын болады дейді мамандар.

Шапағат Тілеубаев
19 қазан 2021 ж. 549 0