Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Берері көп бағдарлама

Берері көп бағдарлама

Елді мекендердегі білікті маман тапшылығының орнын толтырудың бірден-бір жолы – «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын жаңғырту. Бағдарламаның бағыты бойынша қанша жас тұрақты жұмыспен қамтылып, туған жеріне елеулі еңбек етіп келеді. Олардың әрбірінің мақсаты, айқын. Ол – туған жерді түрлендіруге тамшыдай болса да үлес қосу.
Бағдарлама негізінен білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт, агроөнеркәсіптік кешен салалары бойынша жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған. Бұл жоба 2007 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен ауылдық елді мекендерге білікті кадрларды тарту, маман тапшылығын жоюды көздеп жастарға әлеуметтік көмек беру мақсатында іске асып, бүгінде жемісін беріп келеді. Ауылға келген жас мамандарға ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан көтерме жәрдемақы төленіп, баспана алуға жеңілдетілген несие беріледі. Сондай-ақ, аталаған бағдарлама жұмыс іздеген жастарға да қолайлы болып отыр. Аудандық экономика бөлімінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы ауданда «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша 80 маманға 330 050 000 теңге тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие берілді. Көш бастап тұрған – денсаулық сақтау саласы. Сала бойынша 40 маман баспана алған. Екінші кезекте – білім саласы. Бұл салада 37 маманға үй алуға несие берілген. Агроөнеркәсіптік кешені бойынша 2 маман, Мәдениет саласының 1 жас маманына баспана алуы үшін несие берілген. Яғни, бір жылда 80 жас маман бас­паналы болған.
Ал, биылғы жылы қанша жас маман үй алу кезегінде тұрғанын білмек болып, «Шиелі аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жетекші маманы Ғ.Ерғазинамен байланысқан болатынбыз.
– Иә, бүгінгі таңда тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредитке 92 маман кезектілікте тұр. Биылғы жылдың 9 айында 97 маманға 424 424,0 теңге бөлініп, тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие берілді. Мұнда көш бастап тұрған – білім саласы. Сала бойынша 46 маман баспана алған. Екінші кезекте – денсаулық сақтау саласы. Бұл салада – 40, спрот – 5, агроөнеркәсіптік кешен – 3, мемлекеттік қызметшілер – 2, мәдениет саласы – 1 маман баспанаға қол жеткізді – деді маман.
Иә, расында дипломмен ауылға бағдарламасының шарапатын көріп отырғандар аз емес. Былтырғы жылы 80 жас маман бас­паналы болса, ал биылғы жылдың тоғыз айында 97 маман үй алған.
Рас, бағдарлама қатысушыларының басым бөлігі денсаулық сақтау және білім беру саласынан. Өйткені, қоғамдағы сұранысқа ие екі мамандықтың орны ерекше. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та жас мамандарды қолдауға айырықша көңіл бөлуде. Оның ішінде ұстаздар мен медицина саласын заманауи құрылғымен жабдықтап, білікті маманмен қамтамасыз етуді алдыңғы орынға қоюды тапсырған еді. Осы аталған сала мамандарға тұрғын үй сатып алуы немесе салу үшін он бес жылға дейінгі мерзімге 0,01% мөлшерінде несие берілді.
Бүгінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасының игілігін көріп отырған жастың бірі – Назерке Сейтжаппар. Ол 2019 жылы кезекке тұрып, 2021 жылдың шілде айында баспаналы болды. Шиелі ауданы Телікөл ауылындағы мектепке «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен келген Назерке Сейтжаппар ағылшын тілі пәнінен сабақ береді. Арнайы білімі бар маманға ауылдан үй сатып алуға несиелік қаржы қаралған.
– Мемлекеттің берген қаржылай көмегінің арқасында баспаналы болдым. Еліміздің жастарға жасаған үлкен мүмкіндігін тиімді пайдалана білген абзал. Ауылымыздың өркендеуі – еліміздің көркеюіне сеп. Мен үйді 4 млн 370 мың теңгеге алдым. Ай сайын 15 мың теңгеден төлеп отырамын. Ең жақсысы, бұл – несиенің пайызы, сондай-ақ төлей алмай қалсаңыз да, пайызы өспейді. Мен алған ақшамды 15 жыл 15 мың теңгеден төлеп отырамын, мерзімінен бұрын қайтарып, жауып тастауыма да болады. Негізінен жастар қалада жұмыс істеуге ынталы. Ал мен сияқты отбасылы жастар қалада жұмыс істеуі тиімсіз. Жолдасым екеуімізге кішкентай балаларымызбен қалада пәтер жалдап тұрғаннан гөрі, ауылда тұру әлдеқайда жеңіл, – дейді Назерке.
Тағы бір үй кезегін күтіп жүрген жас маманды сөзге тартып көрдік:
– Бүгінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жас мамандарға үлкен қолдау болуда. Дипоммен ауылға бағдарламасы бойынша кезегіміз келіп тұр. Бірақ, ауданнан үй табу қиын. Нарық заманы қысып тұр. Барлық дүние қымбаттап жатыр. Соған қарай ауданда үй бағасы да шарықтап кетті. Сондықтан, бүгінгі мөлшердегі қаржыға лайықты үй алу қиын. Көбісі, үй таппағандықтан кезегін жіберіп алғанын көзіміз көруде. Менімен бірге үш жас маман баспана алуға құжаттарын әзірледі. Алайда, қасымдағы екі маман сол ақшаға ыңғайлы үй таба алмады. Оның жетпеген жерін толықтыра қоятын жас маманның ақшасы қайдан болсын? Оның үстіне шығын 3-4 бөлмелі пәтерлер 5-6 млн ақшаны сұрап отыр. Жұмысқа орналасқанына алты ай ғана уақыт болды. Тапқан күні де үй иесі бізбен бірге құжат дайындап жүруге құлық танытпайды. Олар бірден қолма қол ақша алғанды қалайды. Иә, үй алу үшін де оның жұмысы, жүгірісі көп екені жасырын емес деді жас маман Айнұр Ералықызы.
Осындай жастардың сөзінен кейін бізде аудандағы үй бағалары мен әлеуметтік-ақпараттық парақшаларынан яғни, инстаграмм, OLX-тан үй бағасын көріп едік. Үш бөлмелі баспаналардың өзі 5-6 миллион болады. Ал, бес және алты бөлмелі үйлер 10 миллионнан кем түспейді. Демек, нарық үй бағасына да әсерін тигізіп тұр. Міне, осыдан соң таяқтың бір ұшы жас мамандарға келіп тіреліп тұр.

Шапағат Тілеубаев
15 қазан 2021 ж. 787 0