Жастар мәселесі талқыланды
Өткен бейсенбіде Көкшоқы елді мекеніндегі «Сыр ұланы» лагерінде Шиелі ауданы әкімдігі жанындағы жастар ісі жөнінде кеңес өтті. Аталған шарада аудан әкімі Әшім Оразбекұлы төрағалық етіп, күн тәртібіндегі 3 мәселені қарады. Жиынға дербес бөлім, мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, жастар қоғамдық бірлестіктерінің жетекшілері және жастармен жұмыс істейтін мамандар қатысты.
Кеңестің бастапқы баяндамасын аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы А.Есімов оқыды. Ол кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарлама мен жоба туралы сөз қозғады. Одан кейін оларға жастардың қатысу деңгейі мен ауылдық жерлерде кәсіп ашқан жастардың жай-күйін мәлімдеді. А.Есімовтің сөзіне сүйенсек, бүгінге дейін ауданда 4501 шағын және орта кәсіпкерлік субьектілері тіркелген. Соның ішінде жас кәсіпкерлердің саны 608-ге жетіп, кенттегі кәсіпкерлердің 14,8 пайызын құрап отыр. Биыл жастар жылына байланысты кәсіп ашқысы келетін жас буынға жаңа мүмкіндіктер жасалған. Мәселен, «Қызылорда Өңірлік Инвестиция» орталығы арқылы «Микро Бизнес» бағдарламасымен берілетін несие 29 жасқа дейінгі азаматтарға 10 пайыздан 6 пайызға төмендетеді. Осы мүмкіндікті қалт жібермей, кәдесіне жаратқысы келетіндердің қарасы қалың. Өйткені, аталған бағдарлама бойынша биыл 6 жобаға қаржы құйылған. Ал алдағы уақытта 12 жас кәсіпкердің бизнес-жоспары жүзеге асуы ықтимал. Бұдан бөлек «Бизнестің жол картасы 2020», «Еңбек» бағдарламалары да ырғақты жұмыс істеуде. Бұл бағдарламалар негізінде оннан аса жастар қайтарымсыз грант иеленген. Осындай жүйелі жұмыстардың арқасында жыл соңында 136 жас кәсіпкер мемлекеттен қолдау көріп, бизнес бастамақ.
Жиында келесі болып сөз алған ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков «Дипломмен ауылға» жобасына жастардың қатысуы туралы ақпарат айтты. Айта кету керек, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл бағдарлама ауылдық жерлерде жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп кешен мамандарына қолдау білдіреді. Яғни жас маманды жұмыспен қамтып қана қоймай, көтерме жәрдемақы және тұрғын үймен қамтамасыз етеді. Осы тұста Шиелі ауданында 2009-2016 жылдары аралығында 457 маман, 2010-2017 жылы 428 маман бюджеттік несие алып, жобаға қатысқан. Ал биыл 97 маманға 3 787 500 теңгеден қаржы бөлінген. Қарастырылған қаржыны игеру қазан айында толығымен аяқталады. Қазіргі таңда 79 маманға бюджеттік кредит беру туралы шешім шыққан.
М.Әшірбековтен соң Бәйгеқұм ауылдық округінің әкімі М.Жүсіп елді мекендегі жастардың жаңалығымен бөлісті. Ауыл әкімі жастардың қай істе де белсенді екенін айтып, мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысатынын жеткізді. Сондай-ақ елді мекеннің бүгінгі халге жетіп, абыройы артуы жастардың арқасы екенін тілге тиек етті.
Содан кейін Ортақшыл ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Қ.Нүптілдаев баяндама жасады. Ауыл ахуалы туралы айтып, биыл жастар саябағы ашылды деген жаңалығымен бөлісті. Ол саябақ №150 қазақ орта мектебін 1979 жылы бітірген түлектердің қолдауымен салынған. Осы уақытқа дейін Ортақшыл елді мекенінде жас жеткіншекке салауатты өмір салтын насихаттау, бос уақытын тиімді өткізу мақсатында әр түрлі шара ұйымдастырылған. Атап айтсақ, Басқосуда ауданның бас имамы Бақыт Ұлжаев та өз ойын білдірді. Ол жастар арасындағы діни тұрақтылық пен сауаттылық туралы сөз қозғады. Имамның айтуынша, қазіргі таңда баласының діни сауатын ашқысы келетін ата-аналар көбейген. Соның негізінде ауданда жастардың тәрбиесі жақсы жаққа өзгеріп, иманы күшейген. Б.Ұлжаев өз кезегінде жат ағымның жарға жығатынын, кез келген жағдайда білімді болу керек екенін айтты.
Маңызды мәселелер қаралып болған соң, өңір басшысы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша Қарлығаш Қуанышбекқызы мен Рахат Палжановқа үйдің кілтін табыстады. Содан кейін «Шиелі жастар CAMP – 2019» лагерінің ашылу салтанатына қатысты. Жиын соңы мерекелік концертке ұласты.
Маржан
ҚҰРМАНҒАЛИЕВА