Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Басты мақсат – жастарды жұмыспен қамту

Басты мақсат – жастарды жұмыспен қамту




Кеше Телікөл ауылдық округінде жастар ісі жөніндегі кеңестің көшпелі отырысы өтті. Онда аудан әкімі Әшім Оразбекұлы төрағалық етіп, күн тәртібіндегі мәселелерді қарады. Жастар кеңесі осыған дейін 5 рет ұйымдастырылған. Осы жолы баяндамашылар колледж түлектерінің жұмысқа орналасуы және ­жа­с­­­т­­­­а­­р арасындағы қылмыстың алдын-алу бағытындағы жұмыстарды, Бестам мен Телікөл ауылдық округіндегі жастар саясатының жүзеге асырылуын мәлімдеді.


Кеңес отырысы кезінде алғашқы болып Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі директорының міндетін атқарушы Б.Дайрақұлов сөз алды. Ол өз кезегінде жас­тар жылы аясында колледжде атқарылған бірқатар жұмыспен таныстырды. Сонымен қатар колледжде білім алумен бірге, спорттық сайыста жүлделі орынға ие болған жастарды атап өтті. Олардың қатарындағы таеквандодан спорт шебері атанған Ахан Ерғалиұлы және қазақша күрестен республикалық біріншілікте І орын алған Қыдырәлі Советовтың аталған оқу орнының студенті екенін мақтанышпен жеткізді. Содан кейін 2017-2018 жылдың оқу қорытындысы бойынша колледжді тәмамдаған түлектердің жұмыспен қамтылуы туралы баяндады.
– Аяқталған оқу жылының нәтижесі бойынша 185 бітірушінің 173-і жұмысқа, ЖОО-на орналасып, 93 пайыз көрсеткішті көрсетті. 2018-2019 оқу жылының қортындысы бойынша 122 бітіруші түлек колледжбен қоштасып, оның ішінде қазіргі таңда 47 түлек Отан алдындағы әскери борышын өтеп жатса, 15 білім алушы жолдама арқылы түрлі мекемелерге жұмысқа орналасып, 51 пайыз көрсеткішті көрсетіп отыр. ЖОО-на 10 білім алушы оқуға тапсырды, – деп Бақтияр Таубайұлы өз баяндамасын қорытындылады.
Ал жасөспірімдер арасында белең алған құқық бұзушылық туралы аудандық жергілікті полиция бөлімінің ювеналды тобының аға инспекторы Абай Мадиев тарқатты. Ол өз сөзін жылдың І жарты жылдығына дейін тіркелген қылмыстардың санын айтудан бастады. Абай Мадиевтің мәлімдеуінше, алғашқы алты айда тіркелген қылмыс саны 162-ден 160-қа дейін төмендеген. Оның ішінде бөтен мүлік ұрлығы 99-дан 111-ге, мал ұрлығы 34-тен 40-қа, есірткіге байланысты заң бұзушылықтар 5-тен 8-ге дейін өскен. Ал денсаулыққа қасақана ауыр дәрежелі дене жарақатын салу 3-тен 0-ге, қарақшылық 1-ден 0-ге дейін жойылған. Бұдан әрі аға инспектор 14-29 жас аралығындағы жастарға бағытталған жұмыстарды таныстырды. Ол: «Жастар қоғамдық бірлестігі және аудандық ішкі саясат бөлімі қызметкерлерімен түннің екінші жартысы, яғни беймезгіл уақытта заңды өкілдерінсіз көшеде және кафе-мейрамханаларда жүрген жасөспірімдерді анықтау, сонымен қатар белгіленбеген қоғамдық орындарда темекі тарту мен дүкен иелеріне сағат 23:00-ден кейін алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салу мақсатында рейдтік іс-шаралар мен құқықтық түсіндірме жұмыстары жүргізілді», – деп бүгінге дейін өткен шараларға шолу жасады.
Келесі кезекте Бестам ауылдық округінің жай-күйімен ауыл әкімі Ғ.Ыханов таныстырды. Қазіргі таңда Бестам ауылдық округінде 96 жас жұмыспен қамтылып отыр. Олардың ішінде «Дипломмен ауылға», «Жасыл ел» және «Жастар практикасы» сынды бағдарламаларға қатысып, қолдауға ие болғандары да бар. Сондай жастардың төртеуі өткен жылы «Жасыл ел» жасағында қызмет атқарса, биыл екі жас аталған орында жұмыс істеп жатыр екен. Бестам ауылында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы да назардан тыс қалған емес. Осы бағдарлама бойынша 6 азамат жастар тәжірибесінен өтіп, оның екеуі тұрақты жұмысқа орналасқан.
Ал Телікөл ауылдық округінде кәсібі кеңге жайылып, нәпақасын тауып отқан жастар жетерлік. Мұны саяси отырыстың соңғы сөзін алған ауылдық округтің әкімі Ә.Сәрсенбаевтың сөзінен байқадық. Ауыл басшысының айтуынша Телікөлде жұмыс істейтін жастардың саны – 75. Олардың ішінде А.Жакеева, Н.Маханбетов, Ж.Досмағанбетовтер жеңілдетілген несие алып, мал шаруашылығымен айналысып отыр. Тіпті 7 жұмыссыз азаматты жұмыспен қамтуда. «Өңірлік инвестициялық орталық» бағдарламасы арқылы қазір 2 азамат тәжірибе жинақтап жатса, 16 жас тұрақты және маусымдық жұмысқа орналасыпты. Ал 4 тұрғын ақылы қоғамдық жұмыспен шұғылдануда. Сондай-ақ Әлібек Айдарбекұлы:
– Ә.Тәжібаев ауылы бойынша былтырғы колледж бен университет бітірген жастар толықтай жұмыспен қамтылды. Атап айтсақ, Ж.Мұхамеджан, Д.Талант, Ш.Әділбектер Нұр-Сұлтан қаласындағы темір жол мекемесінде оператор, Қ.Ізтілеуова «Бейбарыс» балабақшасына тәрбиеші, Н.Сейтжаппар, Ә.Қалымбетов, Н.Нұрмағанбетов, Б.Төле №214 орта мектепте мұғалім, Ж.Қырбаев «Жадыра» балабақшасына есепші, А.Мұрат №46 мектепке технология пәні мұғалімі болып тұрақты жұмысқа орналасты, – деп былтыр оқу бітіріп, биыл тұрақты түрде қызметкер атанған жастардың бірқатарын айтты.
Жиынды өңір басшысы «Қоғамның басты бөлігін жастар құрайды. Олар үлкен күшке ие. Қазіргі таңда қоғамның белсенді мүшесі саналатын және экономикасы мықты, әлеуметтік бәсекеге қабілетті Қазақстанды құру үшін ауқымды әлеуетке ие жас­тарды кәсіпкерлікке тарту, оларды ынталандыру, жастар арасында кәсіпкерлік қызметті насихаттап, кәсіпкерлік рухты қалыптастыруға көмек көрсету және жас кәсіпкерлердің кәсібін ашып, жұмыс істеуіне мемлекеттік қолдаудың кешенді шаралар жиынтығын көрсете отырып, күш салуымыз қажет» деп қорытындылады.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
06 тамыз 2019 ж. 1 386 0