Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылға кел қалқатай, білегіңді сыбанып

Ауылға кел қалқатай, білегіңді сыбанып


Апта басында аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбековтің қатысуымен брифинг өтті.  Жиын барысында ол «Дип­ломмен ауылға» жобасы аясында ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп кешені мамандарына  көзделген әлеуметтік қолдау шараларының іске асырылу барысы жайлы  сөз қозғай келе, қазіргі егін маусымында жүргізіліп жатқан істерге анықтама берді.

«Дипломмен ауылға» жобасы аясында мемлекеттен көптеген көмек түрі қарастырылған. Оқуын бітіріп, дипломын қолына ұстаған жас маман ауылға келсе, істейтін  жұмысы мен  тұратын үйі қамтамасыз етіледі.  Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру,  мәдениет,  спорт және агроөнеркәсіптік кешен  саласындағы мамандарға тұрғын үй сатып алуы немесе салуы үшін  он бес жылға дейінгі мерзімге 0,01 % мөлшерінде несие бар.  «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша биыл «Ауылдық елді мекендегі әлеуметтік саладағы мамандарға әлеуметтік қолдау  шараларын  жүзеге асыру үшін жергілікті атқарушы органдарға  бөлінген  бюджеттік кредиттер» бағдарламасы бойынша 97 маманға 3 млн. 787 500 теңгеден барлығы 367 млн 388 000 теңге қаржы беру жоспарланған.  Бөлім басшысының мәліметінше дәл қазір білім беру саласы бойынша 9,  денсаулық саласы бойынша 7 маманға  тұрғын үй сатып алу  үшін несие беріліп қойған. Ал, қалған мамандардың қаржысы реттілік бойынша жыл соңына дейін үлестіріледі.
Кенттің шығыс бөлігінде, яғни «Гежуба Шиелі Цемент» зауыты жатақханасының маңында салынып жатқан жылыжайға жұрттың қызығушылығы жоғары. Қытай жатақханасының жанында орналасқан соң кейбіреулер «қытайлар салып жатыр» дегенді де айтып жүр. Анығын брифинг барысында ауылшаруашылығы бөлімінің басшысынан білдік. Бұл маңдағы 2 шақырым жерге салынған 20  жылыжайды жергілікті кәсіпкерлер 3 жылға аукцион арқылы жалға алған екен. Оның 17-сі қазіргі таңда пайдалануға берілген. Әр кәсіпкердің істерін өрге домалату мақсатында  4 млн 200 мың теңге  көлемінде мемлекеттен төмен пайызбен несие алуға мүмкіндігі  бар. Бүгінде  өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 4 кәсіпкер  16 млн теңге ақша алып, жылыжай ісін жайлап үлгерген. Бұл өзімізден өнім алу арқылы нарықтағы көкөніс бағасының қымбаттамауы үшін жасалып отырған жоба.
Білек сыбана кіріскен кент кәсіпкерлерінің  алғашқы өнімдерін жуық арада тұтынатын боламыз. Әзірге қызанақ пен қияр өндіретін жылыжайдан болашақта түрлі өнімдер алу жоспарлануда.
Бұдан бөлек М.Әшірбеков даладағы егін жайлы да кеңінен тарқатып айтып берді. Егін даласындағы қайнаған қызу тіршіліктің басталғанын осыған дейін де бірнеше рет мақалаға арқау еткен болатынбыз.
«Бүгінде әр қазақстандық өзді-өзінен елімізге жақсы болып, біздің Отанымыздың дәулеті артуы үшін мен не істедім деп сұрауы керек. Егер әр азамат осылай пайымдайтын болса, бүкіл еліміз өзінің дамуына қарқын қосарына менің сенімім мол», – деп  тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтпақшы, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек пен қолдауды тиімді пайдаланып, өзіміз  өмір сүріп жатқан жеріміздің дамуы үшін жұмылып жұмыс істеуіміз керек.

Назерке Мұхамедиярова.
27 сәуір 2019 ж. 1 125 0