ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА МЕМЛЕКЕТТІК-ЖЕКЕМЕНШІК ӘРІПТЕСТІК АЯСЫНДА 400 БАЛАБАҚША ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ
ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым жөніндегі комитетінің төрайымы Бірғаным Әйтімова денсаулық сақтау және білім беру саласының мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке қатысты мәселелеріне арналған көшпелі отырыста Қызылорда облысының мектепке дейінгі мекемелер бойынша тәжірибесін үздік үлгі ретінде республика бойынша енгізуге ұсыныс білдірді.
Атап өтсек, аймақта 396 жекеменшік балабақша бар, яғни мектепке дейінгі білім мекемелерінің жалпы санының 75 пайызын құрайды. Бұл республика бойынша ең жақсы көрсеткіш.«Біз мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде салынған бірқатар балабақшалардың, нысандардың жұмысымен таныстық. Әріптестерімізбен бірге Қызылорда облысындағы бұл тәжірибені үздік үлгі ретінде республика бойынша енгізу керек деп ойлаймыз», - деді Бірғаным Әйтімова.
Қазіргі таңда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында өңірде 75 жоба жүзеге асырылуда. Олардың 29-ы денсаулық сақтау; 12-сі дене шынықтыру және спорт; 10-ы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық; 8-і білім беру; 7-еуі цифрландыру; 5-еуі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары салаларына тиесілі болса, ал мәдениет, әлеуметтік қамсыздандыру, қоғамдық тәртіп және экология салаларында 1 жобадан жүзеге асырылуда.
Еске салайық, Қызылорда облысына ҚР Парламенті Сенатының депутаттары жұмыс сапарымен келген болатын. Іссапар барысында олар Сыр өңіріндегі әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Сондай-ақ, Сырдария, Қармақшы және Арал аудандары мен Байқоңыр қаласының әлеуметтік-мәдени нысандарын аралайды.
www.egemen.kz