Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАРТТАР ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ

ҚАРТТАР ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ

Қазан айының бірінші жұлдызы Халықаралық қарттар күні. Қарт десе, әркімнің көз алдына ақ жаулықты әже мен ақсақал қария елестері анық. Күні бүгінге дейін қазақ елінің қара шаңырағы мен қабырғасы құламай келген болса, ол үшін тағыда біз осы қарияларымызға алғыс айтуымыз керек. Қазақ «Қариясы бар ел – қазынасы бар ел» дегенді халқымыз бекер айтқан жоқ. Қарияларымызды құрметтеп, ардақтау – біз үшін парыз.
«Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» ете білген, бізге тағылымды жол көрсеткен аға ұрпақтың берген тәрбиесі мен тәлімі мол. Ақыл-кеңестің, үлгі-өнегенің сарқылмас кенішіндей болған қарттарымыз барда шырағымыз ешқашан сөнбейді. Сағаттың соғуына мән бермеген біз уақыттың қалай жылдам өтіп кеткенін сезбей қалыппыз. Осыдан тура бір апта бұрын 1 қазан – қарттар күні мерекесі ардагерлер үйінде де лайықты аталып өтілді. Неткен уақыт десеңші, осылайша ортамызда жүрген қарияларымыздың бір кезде елі, халқы, келешек ұрпағы үшін жасаған игі істері ерекше орын алады. Қазіргі кезде мемлекетте қарттарға үлкен мән беріп, көңіл аударып, жан-жақты үкімет тарапынан қамқорлық жасалуда. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, еліміздің бейбіт тыныш өмір кешуіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыз. Міне, осы қарттар күні саналы ғұмырын Отан деп, тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан алдыңғы буын аға-апаларымыздың төл мерекесі. Олардың өмір жолдары бүгінгі ұрпаққа табылмас қазына.
Қарттарын қадірлеген ел ардақты демекші, аудандық ардагерлер үйінде қарттар күні мерекесіне орай ауданға еселі еңбек еткен сала ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Әзімханұлы аудан әкімінің алғыс хатын табыс етті. Сондай-ақ, Б.Құлахметов, Ш.Нығметқызы, З.Мұхамедова өңір басшысының арнайы марапатына ие болды.
Сөз соңында, ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Исмаил сіздер ауданның өркендеуі мен дамуы үшін өз қажыр-қайраттарыңыз бен ақыл-кеңестеріңізді аямай беріп келесіздер. Сіздерді өмірде әрқашан адалдық пен адамгершіліктің үлгісі, үлкенге құрмет, кішіге қамқор бола білген азамат ретінде танимын. Сіздерді бұдан әрі де арамызда ақылшы, кеңесші бола жүріп, еліміздің игілігі үшін қоғам өміріне белсене араласады деп сенемін. Мерекелеріңізбен тағы да құттықтай отырып, сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға бақыт-береке, бірлік тілеймін, – деп ақ тілегін білідірді.
Шара соңында, қарттарымыз ақ батасын беріп, келешек ұрпақтың болашағына зор сеніммен қарайтындарын жеткізді. Қай кезде де халқының тілеуін тілеп, жұртына қамқор болатын қарттарымыз аман болсын демекпіз!

Сымбат СҰЛТАН
08 қазан 2021 ж. 700 0