Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр өнімі елордалықтарды қуантты

Сыр өнімі елордалықтарды қуантты

11-12 қыркүйек күндері Нұр-Сұлтантанда Сыр елінің жәрмеңкесі өтті. Ел назарында болған жәрмеңке жергілікті бағадан әлдеқайда төмен болды. Елордалықтар күннің суықтығына қарамастан жылы шыраймен келген қызылордалықтарды қуана қарсы алып, сауданың пәрін, саудагердің әрін келтірді.
Астанадағы тауар бағасы әркез шарықтап тұратынын алыс-жақын ағайындардан жиі естіп жүрміз. Супер маркеттегі азық-түлік бағасы екі есе қымбат. Ал, маусымдық науқанда болатын жәрмеңкенің орны бөлек. Оны нұр-сұлтандық ағайындар жақсы біледі және жәрмеңке дегеннен-ақ базарға асығатын көрінеді. Әсіресе, Қызылорда облысының жәрмеңкесін ерекше күтеді екен.
Жыл сайын болатын жәрмеңке биыл да өз күнтізбесінен жаңылмай, сенбі, жексенбі күндері өтіп, астаналық тұрғындар қызылордалықтардың саудасын қыз-қыз қайнатып, мәре-сәре болды. 1158 шақырымды артқа тас­тап облыстан 70-ке жуық дихандар мен кәсіпорын жетекшілері 40 жүк көліктерімен 8-ші кыркүйек күні аттанған еді. Сыр елінен барған өнімнің жалпы құны 100 млн теңгені құрайтын 400 тоннаға жуық өнім Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарына ұсынылды. Облыстан жәрмеңкеге 100 тонна ақталған күріш, 20 тонна балық және балық өнімдері, 50 тонна асқабақ, 150 тонна бақша, 45 тонна көкөніс пен жеміс, 10 тонна ет пен шұжық өнімдері және 5 тоннадай сүт өнім түрлері жеткізілді. Екі күн өткізілген жәрмеңке «Хан шатыры» сауда орталығының жанында, Тұран даңғылы мен Д.Қонаев көшесінің қиылысындағы бірыңғай конструкциямен жабылған алаңда ұйымдастырылған. Бұл Жəрмеңкеге облыстың 7 ауданы мен Қызылорда қаласы жəне «Байқоңыр» ƏКК» АҚ атсалысты.
Осындай игілікті шараға Шиелі ауданы да өз үлесін қосты. Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы М.Әшірбеков бастаған топ астанаға 79 тонналық өңір өнімін 4-5 жүк көлігіне артып жеткізді. Атап айтар болақ, сыр салысы – күріш, асқабақ, қауын-қарбыз, қызанақ, балық, ет өнімдері, бал, «Ару ана» цехының сүт өнімдері, «Шиелі шұжығы» және құрт, қақ, қауынқұрт өнімдері астаналықтардың алыс-берісіне айналды.
– Керемет көңіл-күймен азық-түлігімізді күні бұрын дайындап, буып-түйіп аттандырдық. Іле-шала артынан жолға шықтық. Жәрмеңке болғасын халықта айтарлықтай көп. Мен өзім «Шиелі шұжығының» 6 түрін апардым. Саудагер де саудалаушы да риза. Нұр-Сұлтандықтарға өңірдің өнімі қатты ұнағаны жүздерінен көрініп тұрды. Лебіздерін білдіріп, қайта-қайта алғыс жаудырып жатты. Елге белігілі танымал тұлғалар да екі күн қатарынан келіп тұтынушымыз болды. Күн салқындығынан тоңған астаналықтар қызылордалықтарды сағындық, әрдайым бізге ыстықсыздар деп қуантты. Осылай жылы лебіз білдірген ағайындардың сөздерінен көңіліміз тоңбады. Бастысы жәрмеңке ойдағыдан да жоғары өтті, – деді кәсіпкер Патима Маханбет.
Сауданың қызығы мен шегі саудаласу. Тауар мен ақшаның берекелі болуы да осы саудаласуға байланыс­ты дейді үлкендер. Адал еңбекпен тапқан ақша да, өнім де адамға қымбат. Ал, саудаласу екі жақтың ымырашылдығы мен келісіміне алып келеді. Ортадағы қойылған баға саудалаушы мен саудагердің келісімінен соң берекелі болады-мыс. Ендеше, дихандардың ала жаздай еккен өнімі елордалықтарға да, жергілікті тұрғындарға да берекелі болсын дейміз.

Ақбота Баянбай
14 қыркүйек 2021 ж. 435 0