ЖОЛДАУ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚОЛДАУ ЖАСАЙДЫ
Биыл «Атамекен» ҰКП-ның құрылғанына 8 жыл. Кәсіпкерлер мен биліктің арасындағы алтын көпірге айналған палата кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүддесін қорғап келеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов палатаның 8 жылда атқарған жұмыстарын саралап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
8 жылда кәсіпкерлерден 6 мыңнан аса арыз келіп түссе, оның ішінде бизнесті қорғау бағытында 2232 арыз келген. Өтініштердің 42 проценті оң шешімге қол жеткізсе, 64 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.
8 жылда кәсіпкерлерден 6 мыңнан аса арыз келіп түссе, оның ішінде бизнесті қорғау бағытында 2232 арыз келген. Өтініштердің 42 проценті оң шешімге қол жеткізсе, 64 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.
«Кәсіпкерлерден келіп түскен өтініштердің басым бөлігі сатып алулар, жер, сәулет, құрылыс салаларындағы жергілікті атқарушы органдардың әрекеті бойынша түседі. 2014 жылдың қаңтар айынан бастап Палата жанында тұрақты жұмысшы орган – Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес жұмыс жасайды. Кеңес отырыстарында 800-ден аса кәсіпкердің құқықтары мен заңды мүдделері қалпына келтіріліп, 21 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды», – деді Ғалымбек Жақсылықұлы.
8 жылда Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының кеңесшілері кәсіпкерлікпен айналысқысы келген азаматтарға 60540 кеңес беріп, 13414 кәсіпкерге сервистік қызмет көрсеткен. 2015-2020 жылдары «Бизнес мектеп» компоненті аясында Кәсіпкерлер палатасы бизнес-тренерлерімен 7083 азамат оқытылды. Мұнан өзге, 8 жылда Кәсіпкерлер палатасының кеңесшілері 1833 бизнес-жоспар әзірлеген. Аталған бизнес-жоспарлардың 690-ы 3 млрд 450 млн теңгемен қаржыландырылған.
Ел Президентінің биылғы Жолдауында бизнес жобаларды жеңілдікпен несиелендірудің мемлекеттік бағдарламалары туралы айтылды. Солардың арасында бірегейі – 2019 жылдан бастап іске аса бастаған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы. Ол өзінің тиімділігін көрсетті. Оны жүзеге асыру барысында Қызылорда облысында 10 млрд теңге құрайтын 121 жоба іске қосылды. Осы жобалардың шеңберінде 589 жұмыс орны ашылды. Бұл бағдарлама биыл аяқталу керек болатын. Енді міне Жолдауда тағы қозғалып, ол бір жылға созылды. Қуантарлық жағдай, әлі де 9 млрд теңге тұратын 49 жоба қаралуда дейді Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.
Сонымен қатар, облыста «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы іске қосылған 2010 жылдан бері Қызылорда облысында 105 млрд теңге құрайтын 2699 жоба мемлекет тарапынан қолдау тапты. Биылдың өзінде 1094 жобаны қаржыландыру үшін 14,5 млрд теңгеге жеңілдетілген несие берілді.
Ғалымбек Жақсылықұлының айтуынша, банктердің агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларды қаржыландыруға ынтасы төмен. Бұған қоса, банктер ауылдардағы үй-жайларды кепіл мүлік ретінде қарастырмайды. Осыған орай, Ел Президенті банктер шағын жобаларға, әсіресе ауылға арнап ақша салмайтынын қадап айтып, микроқаржы ұйымдарының әлеуетін іске қосу керектігін тапсырды.
Баса айту керек, биыл «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен облыстық әкімдік «Atameken Qyzylorda» микроқаржылық ұйымын құрды. Бұл қаржы ұйымы «Бастау Бизнес» бағдарламасының түлектерін несиелендіреді. Биылға 1 млрд теңге қаржы қарастырылуда, оған 238 жоба несиелендіріледі деп жоспарлануда. Қазірдің өзінде кәсіпкерлердің 80 жобасының құжаттары жинақталып, қаралуда.
«Өскен өңір» ақпарат