Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардагерлер «Керуен сарайға» саяхаттады

Ардагерлер «Керуен сарайға» саяхаттады

Қазақ халқының ел билеу дәстүріндегі қалың бұқара мен биліктің арақатынасына көпір қызметін атқарған өз институты болды. Ол игі жақсылары бар ақсақалдар кеңесі еді. Бейнелеп айтқанда, халық – киіз үйдің керегесі, билік – шаңырағы болса, ақсақалдар кеңесі сол араны жалғаған уық болатын. Осы өзіндік болмысы мен табиғи сипатын байланыстырып, ұрпақтарына «Ауылда көнекөз қарияң болса, жазып қойған хатпен тең» деген мәтелді санасына сіңіріп өсті.
Иә, халық қариясына қарап бой түзейді. Ақсақалына қарап елі өседі, көргендерін бойына түйіп өседі. Жалпы, ақсақалдар немесе ардагерлер кеңесі қоғамдық-әлеуметтік мәні зор, алдыңғы үзеңгіде ел ағалары тұратын халықтық жиын. яғни, ел ішінде орын алған сан-сипат мәселелерді талқыдан өткізіп, кесім шығаратын немесе бір шешімге келіп, жоғарыға ұсыныс беретін халықтық басқарудың бейресми тұрпаты.
Олардың бата-тілегімен көнерген ел жаңарып, жер көгереді. Әралуан істер атқарылып, жастар бой түзейді, тайсалады. Тыйымын ескерген әйел баласы жөнсіз кетпейді. Ал, бүлдіршіндер өсиетін, ақылын, өміріне азық болатын әңгімелерді тыңдап, ойланып әрекет етеді. Осылай өзінен кейінгіге үлгілі болуы үшін қазыналы қарттардың жасынан гөрі көргені көп болуы керекті. Мұны ескерген аудан әкімдігі аудан ардагерлерінің киелі жер саналған Түркістан қаласындағы саяхатына қолдау білдірді.
Саяхатқа бірінші кезекте 20 ардагер шықты. Одан соң тағы 18 ардагер саяхаттады. Тарихи-тағлымы мол киелі мекеннің жердің қыртысындай қатпарланған тарихын естіп, «Керуен сарайымен» танысты.
– Жалпы, қазақ үшін Түркістан – қаладан да, облыс орталығынан да биік, асқақ әрі кең ұғым. Елбасы Н.Назарбаев айтқандай: «Тарихы бай, тағылымы терең Түркістанның еліміз үшін орны бөлек. Ол – бүкіл Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Түркістан – қазақ елінің рухани жүрегі, қазақтың көптеген қабырғалы тұлғалары мәңгіге жай тапқан қасиетті қала. Осында жерленген 164 әйгілі тұлғаның 21-і ел басқарған қырандар, 30-дан астамы қол бастаған батырлар, ауқымды сөз бастаған билер. Түркістан тарихы – күллі қазақтың тарихы». Осындай жердің тұнған тарихын есту, оны немерелерімізбен бөлісу керемет емес пе?! Одан бөлек, әр ауылдың қариялары бір-бірімен сөйлесіп, әңгіме-дүкен құрды. Өткен-кеткенді еске алып, мауқын басты. Автобус ішінде жол-жөнекей түрлі күй шертілді, – дейді Рахымберді Қарынтаев.
Аудан ардагері Дайрабай Нұрманов:
– Осындай шараларды ұйымдастырып жатқан аудан әкімшілігіне және сапарға шықпас бұрын сәт-сапар тілеп, шығарып салған аудан әкімінің орынбасары А.Есмахановқа алғысым шексіз, – дейді.
83 жасқа келсе де домбырасы қолынан түспеген әлшекей күйші Тынысбек Дүйсебековпен бірге Қалияш Тұрсынова да баянның пернелерін ары-бері сызылтып ән салған. Осылайша жол ұзақтығы ардагерлерге білінбей, эпидахуалдың әсерінен түскен көңілді бір серпілтіп тастапты. Жол сапары қызықты болып, Шамшат Оразымбетованың ұйымдастыруымен өткен саяхат жоғары деңгейде өткен. Бастысы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі жатқан бабаларға зиярат етіп, құран бағыштау ойлары іске асыпты. Содан соң заманның жаңа туындысы – Керуен сарайды аралап, қызықтаған. Ардагерлердің жас шамалары ескеріліп, қариялардың қасында мейірбике болғаны ардақты ардагерлердің саулығы үшін жасалған жанашырлық десек те болады.
Әркез ерін сыйлаған, ердің алдынан кесе көлденең өтпеген қазақ елі біршама істерде де қариялармен санасып, ақылдасатыны баршаға аян. Олардың орта буын мен жас ұрпаққа берері көп және таусылмасын. Сондықтан үлкенімізді сыйлап, ардақты ардагерлерді ұлықтап жүргеніміз өзімізге де, өзге де үлгі болмақ. Бастысы бірліктен ажырамайық.

Ақбота Баянбай
14 қыркүйек 2021 ж. 465 0