Ардагерлер кеңесі қандай ұйым?
Әрбір ұлттың өзіндік болмысы, салт-дәстүрлері, ел билеу ерекшеліктері болады. Қазақ халқының ел билеу дәстүрінде қалың бұқара мен биліктің арақатынасында көпір қызметін атқарған ақсақалдар кеңесі болған. Жалпы руларды басқаруда ақсақалдар кеңесі қоғамдық-әлеуметтік мәні зор саяси институт жиын-кеңес еді. Бұл кеңес ел ішінде орын алған сан-алуан мәселелерді талқылап кесім шығарып немесе бір шешімге келіп, жоғары билікке ұсыныс беретін халықтық басқарудың бейресми түрі болған. Құқық «тарихшыларының зерттеуіне қарағанда ақсақалдар кеңесінің түп-бастауы көне дәуірден басталады. «Хан кеңесі» мен «Билер кеңесі» институттары осы ақсақалдар кеңесінен бастау алады. Осы ықылым заманнан келе жатқан билік жүйесін 1917 жылы құрылған кеңес үкіметі жойды.
Кеңес үкіметі тарағаннан кейін тәуелсіздік алған мемлекеттерде азаматтық қоғам құру мәселесі сөз бола бастаған. Себебі қоғамда мемлекет билігінен, оның институттарынан басқа құрылымдар, топтар, қауымдастықтарда өмір сүреді. Қоғам мүшелерінің бәрі бірдей мемлекеттік қызметшілер емес – көбі қарапайым азаматтар. Олардың өз қабілеттерін, мүмкіндіктерін, ерік-жігерін, саяси-адами сұраныстарын, өз талаптарын іске қосу үшін мемлекеттік институттардан басқа азаматтық құрылымдар қажет болды. Бұл мемлекеттік биліктің өңірлік, аймақтық буындарға қарай ауысуына, жергілікті өзін-өзі басқаруға көшуге талпыныс жасаудан туындаған. Яғни, жергілікті биліктің қарамағына белгілі бір мәселелерді, атап айтқанда, күнделікті тұрмысқа, тіршілікке қажет жайларды шешуді алыстағы орталыққа сілтемей, жергілікті жерде қанағаттандыруға мұрсат беру деген сөз.
Азаматтық қоғам, шыңдап келгенде, халықтың әл-ауқатының жақсаруына, мәдениеті мен санасының өсіп-өркендеуіне қызмет етеді.
Мемлекеттік құрылымдар өз функциясын, азаматтық қоғам өз қызметтерін атқарып, бірін-бірі толықтырып отыруы қажет.
Осы азаматтық қоғам формасының бірі – ардагерлер кеңесі. Жалпы, мемлекет басқару ісінде тәжірибесі мол мамандардың қандай бір қоғам болмасын пайдалы болатыны даусыз. Әсіресе, елді рухани тұрғыдан басқаруға немесе әдептілік, ауызбіршілік қалыптастыруда ақсақалдардың рөлі ерекше.
1989 жылы арнайы ережемен «Қазақ тілі қоғамы» құрылғанда оның жанынан «Ақсақалдар алқасын» құру жөнінде шешім қабылданды, сондай-ақ жер-жерде әкімшіліктер жанынан әлеуметтік институт ретінде «Ақсақалдар кеңесі» құрылды.
Атқаратын жұмыстарына қарай әкімшіліктер жанынан құрылған ақсақалдар кеңесін консультативті орган деп бағалауға болады.
Бүгінде «Ардагерлер кеңесі» деп аталып жүрген қоғамдық ұйым 1987 жылы 21 наурызда республикалық деңгейде құрылып, оның төрағасы болып белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Шәңгерей Жәнібеков сайланған.
Ал біздің облыста да 1987 жылы наурыз айында алғашқы құрылтай конференциясы өтіп облыстық ардагерлер кеңесі құрылып, ары қарай аудандарда сосын ауылдар мен өндіріс орындарында бастауыш ардагерлер ұйымы құрыла бастаған. Қазіргі уақытта облыс бойынша 71080 ардагер (зейнеткерлер) болса, осы ардагерлерді біріктірген 700-ге жуық бастауыш ардагерлер ұйымы жұмыс жасайды.
Аудан бойынша 46 бастауыш ардагерлер ұйымы 8010 ардагерлерді қамтып отыр.
Бүгінде Президент жанынан құрылған ұлттық қоғамдық сенім кеңесінен бастап, әкімгершіліктер жанынан әртүрлі қоғамдық кеңестер құрылып жұмыс істеуде. Мұның мақсаты демократияны жаңғырту мен халықтың белсенділігін көтеру, шешілмей жатқан мәселелерді анықтап, оның шешу жолын іздестіру, билік пен қарапайым халық арасын байланыстыру. Жалпы, сыр өңірінде 600-дей қоғамдық ұйымдар бар екен де солардың ішіндегі ең беделдісі «Ардагерлер кеңесі» ұйымы.
Сонымен, ардагерлер кеңесі дегеніміз белгілі бір аймақтың, елді мекеннің, ұжымның ұзақ жыл еңбек етіп, бүгінде зейнеткерліктегі өмірден көргені мен түйгені көп, аузы дуалы, сөзі уәлі үлкендерінің ерікті түрде бірігуінен пайда болған қоғамдық ұйым. Бұрынғы ру ақсақалдары кеңесінің, билер кеңесінің, ақсақалдар кеңесінің бүгінгі «мұрагері».
Мақсаты, ұлттық болмысымыз, салт-дәстүрлеріміз, ұлтық қасиеттеріміз бен құндылықтарымыз негізінде елдің тұрақтылығы мен ауызбіршілігін сақтау, ел ішіндегі дау-дамайларды бейбіт жолмен шешуге, ел ішіндегі ұлттық салт-дәстүрлеріміздің сақталуына, жастар тәжірбиесіне, елдегі халық пен билік арасындағы байланыс пен түсіністікке, халықтың тұрмыстық әл-ауқатының, ардагерлердің денсаулығы мен жағдайын жақсартуға ықпал ету.
Былтыр қабылданған ҚР «Ардагерлер туралы» заңында ардагерлер санаты мен олардың әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілген. Ендеше, жергілікті ардагерлерді ұйымдастырып, олардың белсенділігін көтеріп, іс-тәжірбиесін пайдалану, ардагерлердің мұң-мұқтажын шешуді, денсаулығын жақсартуды тиісті орындар алдына қойып отыру, өзекті мәселелерді шешуде билік пен халық арасында «алтын көпір» рөлін атқарып отыруды жүзеге асыру осы ардагерлер кеңесінің төрағаларының міндеті болмақ.
К.Палмағанбетов,
Ақмая ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы
Ақмая ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы